Жамбылдықтар шаңғы тебер күн жақын

Жамбылдықтар шаңғы тебер күн жақын

Жамбылдықтар шаңғы тебер күн жақын
ашық дереккөзі
Жамбыл облысының қай аймағын алсақ та, тұнған табиғатымен, тарихи-мәдени ескерткіштерімен құнды. Бүгінде киелі Әулиета өңірінде үш мыңнан астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Ал ЮНЕСКО тізіміне енгізілген бүкіләлемдік мұралардың қатарында Ақтөбе, Құлан, Өрнек, Ақыртас және Қостөбе қалаларының болуы да тарихымыздың тереңде жатқанын көрсетеді. Ендеше, ұрпақтар сабақтастығы арқылы жалғасқан жәдігерлер легі, тарихтың тартуы туристерді магниттей тартпайды деп кім айтар. Тарих пен табиғат тартуын тереңнен түйсінген облыс әкімі Асқар Мырзахметов бүгінде көл-көсір пайда көзі болып табылатын туризм саласын дамытуға баса назар аударуда. Осы орайда, сала мамандарымен жиі-жиі кездесіп, туризм саласын дамытудың түрлі жолдарын қарастыруда. Мәселен, жуырда ғана Асқар Исабекұлы бизнес өкілдерімен өткізген кездесуде де саланың бойына қан жүгіртудің амалын жасау керектігін айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы жергілікті кәсіпкерлерді енді бірер күнде құрылысының бойына қан жүгіретін «Қаралма» тау шаңғысы базасы жобасын бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Кездесу барысында жобаны іске асырушы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиев мәлімдеме жасап, кешен аумағында жүргізілетін жұмыстар туралы баяндады. Нүркен Қожамұратұлының сөзіне сүйенсек, мұнда 50 адамға арналған қонақүй, заманауи үлгіде бой көтеретін мейрамхана мен өзге де сауда-саттық орындары, бір сөзбен айтқанда, туристер мен демалушыларға барлық жағдай жасалмақ. Ал, Жуалы ауданының әкімі Бақтияр Көпбосынов қазірдің өзінде облысқа белгілі екі кәсіпкердің сауықтыру орталығынан коттедж салуға ниет танытып отырғанын айтып өтті. Негізі, шипажай аумағына алдағы уақытта кәсіпкер азаматтардың қолдауымен 10-15 коттедж салынуы қажет екен. Осы орайда, сөз алған Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов коттедждердің бірін салуға дайын екенін жеткізді. Бұл бастаманы тараздық Жұмагүл Омарова, шулық кәсіпкер Әлімжан Ахметов те қолдады. «Рысбаева және К» компаниясының директоры Сәуле Рысбаева аталған сауықтыру орынында естелік кәдесыйлар сатуға ынталы екенін айтты. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Қаралма» демалыс сауықтыру орнынан жазда «форель» балығын өсіруге, қыста спорттық шаралар өткізуге мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы тың бастамаға қолдау білдіріп отырған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Ерсайын Жолдыбек

Жамбыл облысы