ҚЫТАЙДЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН «АЛТЫН АДАМ»

ҚЫТАЙДЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН «АЛТЫН АДАМ»

ҚЫТАЙДЫ ТАҢҚАЛДЫРҒАН «АЛТЫН АДАМ»
ашық дереккөзі
Жақында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» бағыты бойынша Таң династиясының көне Батыс базарының Сиань музейінде (ҚХР, Сиань қ.) «Ұлы Даланың ежелгі көшпелілерінің мәдениеті» халықаралық жылжымалы көрмесі болып өтті. Бұл – ҚР Мемлекттік орталық музейінің Қытай жерінде тұңғыш рет өткізіп отырған көрмесі. Қазақстан мен Қытай арасындағы көпғасырлық тарихи-мәдени және экономикалық байланыстар Ұлы Жібек Жолы кезеңінен бастау алады. Чаң-аннан (Ши-ан) басталатын Жібек жолының Қазақстан жерін кесіп өтетін тұсында Сырдария және Тянь-Шань жолдары бағыттарының маңызы тарихтан мәлім. Сондықтан Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени қалыптасуында Ұлы Жібек жолының ықпалы зор болған. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы екі елдің ынтымақтастық жөніндегі әріптестігі – Ұлы Жібек жолынан бастау алған тарихи, мәдени байланыстарды нығайтуға, бейбітшілік пен ашықтықты сақтауға, толеранттылық, Жібек жолы бойындағы елдердің достастық желісін құруға бағытталған. Осы орайда, мәдениет саласындағы әріптестік, ынтымақтастық жөніндегі келісімге сай Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі (ҚР МОМ) мен Таң династиясының көне Батыс базарының Сиань музейі бірлескен ғылыми, мәдени-білім беру жобаларын жүзеге асырып келеді. Көрменің ашылу салтанатына ҚХР көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлері, атап айтқанда, Шэньси провинциясының мәдени ескерткіштерді қорғау басқармасының бастығы Цзянь Цзи, Сиань қаласының мәдени ескерткіштерді қорғау басқармасының директоры Ма Жуй, Таң династиясының көне Батыс базары Сиань музейінің директоры Ван Бинь және басқа да музейлер мен ғылыми институттардың басшылары қатысып, екі ел арасындағы достастық қарым-қатынаста  мәдени байланыстың мәні зор екендігін ерекше екшеп айтты. Жұртшылық назарына ұсынылған бұл көрмеге Қазақстан территориясындағы көшпелі өркениетті қалыптастырған сақ, үйсін және қаңлылардың жоғары даму деңгейіне жеткен бай мәдениетін паш ететін 80-нен астам мәдени құндылықтар қойылып, таныстырылды. Олардың қатарында «скиф триадасы» деп аталып кеткен аң стилінде жасалған қару-жарақ, ат әбзелдері және сақ шеберлерінің өресі биік зергерлік өнерінің куәлары, Жетісу жерінен табылған ғұрыптық атрибуттар – қазан, шырағдан, шамдалдар қойылған. Көрме экспозициясының орталық алаңына орналастырылған «Алтын адам»  қытай жұртшылығының, атап айтқанда, тарихшы, археолог, өнертанушы ғалымдар және қала тұрғындары мен қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Қаңлы мәдениетін Оңтүстік Қазақстан аумағындағы Арыс өзені аңғарындағы қорымдар мен қоныстардан археологиялық қазба жұмысы барысында табылған жәдігерлер әйгілі. Олар: әсем безендірілген бірегей қыш ыдыстар, әшекей бұйымдар, қару-жарақ, ат әбзелдері, тұрмыстық және ғұрыптық бұйымдар мен б.з.д. ІІ ғ - б.з. ІІІ ғғ. тиісті көне жазуы бар қыш текше түрінде жасалған бірегей эпиграфикалық артефактілер. Көрменің негізгі міндеттеріне сай экспозицияланған Қазақстан территориясынан табылған бірегей археологиялық жәдігерлер Жібек жолы бойындағы ертедегі сауда-экономикалық байланыстарды көрсетудің ұтымды тәсілі болды. Аталған көрме аясында мәдени құндылықтарды сақтау, қалпына келтіру саласы бойынша тәжірибе алмасу, көрме, археологиялық, антропологиялық ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша бірлесіп жұмыстар атқару бойынша уағдаластыққа қол жетті.  

Үміт ӘШІМОВА,

Анна КУЩЕНКО,

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қызметкерлері