Қазақтың бидайы – әлемге танымал бренд

Қазақтың бидайы – әлемге танымал бренд

Қазақтың бидайы – әлемге танымал бренд
ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына сапары барысында «Бурабай» спорт сарайында өткен «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты форумға қатысты. Форум Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде еліміздің Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне тоқтала келе, оған ақмолалықтардың да қосқан үлесі зор екендігін атап өтті. – Мұнда жүзден астам этностың өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатыр. Республикамызда қоғамдық келісім кеңестерінің ең көбі осы облыста жұмыс істейді, олардың саны – 266. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында Ақмола облысында 500-ге жуық іс-шара өткізіледі. Облыс Ассамблеясының активі бес мың адамды құрайды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев алға қойылған мақсаттарға жету үшін елімізге Қазақстан халқы Ассамблеясының идеяларына адалдықты, тұрақтылықты, достықты, бірлікті сақтау қажеттігін түсіндірді. Қазақстан халқы Ассамблеясының маңыздылығына тоқталған Елбасының сөзін облыстағы этномәдени орта­лықтардың өкілдері де құп­тады. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдерін біріктірген бірегей қоғамдық инс­титут ретінде атқарып отырған қызметінің маңыздылығын айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде жарияланған республиканы дамытуға бағытталған халықтық бес реформаға да тоқталып өтті. Қазақстан Президенті айтқан бес реформаны кәсіби және автономды мемлекеттік аппарат қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім, болашағы біртұтас ұлт, транспарентті және есеп беруші мемлекет реформасы құрайды. «Бес реформа – бұл елге, қарапайым азаматтарға керек нәрсе. Біз индустрияландыруды жалғастырамыз, еңбек өнімділігін арттырамыз. Мемлекет шағын және орта бизнес­ке, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге көмектесетін болады. Бүгінде пәрменді әлеуметтік саясат жүргізілуде. Біз жастарға, зейнеткерлерге, сондай-ақ мемлекет қолдауына мұқтаж жандардың бәріне қамқорлық жасап отырмыз. Бұдан әрі де мектептер мен ауруханалар, өзге де әлеуметтік нысандарды салатын боламыз». Форум барысында жастарға жүрекжарды сөзін арнаған Мемлекет басшысы бүгін де, келешекте де елімізге білімді жастардың қажет екендігін тілге тиек етті. – Сіздерге қазір қалған бүкіл өмірлеріңізге қажетті білім жинауға мүмкіндік беріліп отыр. Қазір шет мемлекеттерде оқытатын «Болашақ» бағдарламасына қоса, өз елімізде де жастардың сапалы білім алып, үлкен биіктерді бағындыруларына барлық мүмкіндіктер бар. Бос өткен уақытты қайтарып алу мүмкін емес, оны дұрыс пайдалана білу маңызды. Сондықтан, әрбір жас қол жеткенмен шектеліп қалмай, жаңа белестерге ұмтылуы керек. Айтарым, уақытты босқа өткізіп алмаңдар, жақсы оқып, Отанға адал қызмет етіңдер. Осы орайда, барлығыңа ақ жол тілеймін, – деді Елбасы. Сонымен қатар, Қазақстан Прези­денті Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң баға берді: «Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі үш жылда екі есе ұлғайды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асуда. Тек былтырдың өзінде 10 жаңа жоба іске қосылып, 17 миллиард теңге игерілді. Индустрияландыру картасынан биыл тағы 25 жобаны іске қосу жоспарлануда. Оларда 2000 жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Кәсіпкерлік дамып келеді, облыста сомасы 250 миллиард теңгеден астам өнім шығарған 53 мың шағын және орта бизнес кәсіпорындары жұмыс істейді. Мемлекет аграрлық секторға көрсетілген қолдаудың қайтарымы болады деп үміттенеді. Облыстың балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейінің көрсеткіші де жоғары – шамамен 90%. Биыл тағы 4 балабақша және 7 мектеп салынады. Денсаулық сақтау саласында 11 жаңа нысан салу жоспарлануда». Елбасы өзінің жұмыс сапарын Ақмола облысынан бастау себебін былай деп түсіндірді: «Ақмола астаналық облыс болғандықтан, жұмыс сапарымды сіздердің өңір­леріңізден бастап отырмын. Өңірде ауыл шаруашылығы, өндіріс саласы жақсы дамыған. Әсіресе, еліміз астық өндіруден әлемдегі алдың­ғы қатарлы мемлекеттердің қата­рында. Бұған ақмолалықтардың қосып келе жатқан үлесі зор. Өңірде «КамАЗ-Инжиниринг», «Алтынтау Көкшетау» және «Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тәрізді ірі кәсіпорындар баршылық. Ендігі міндет – осы ірі өндіріс орындарының айналасына шағын және орта кәсіпкерлікті шоғырландыруымыз қажет». Көкшетаудағы «КамАЗ-инжиниринг» кәсіпорнында да болып, кәсіпорынның жұмысымен таныс­ты. Бұл кәсіпорын – қазір еліміздегі автокөлік өндіру саласындағы ең ірі жобалардың бірі. 2005 жылдың тамызынан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын, негізінен, самосвалдар, өзге де жүк және арнайы техникалар құрастырады. Зауыттың негізгі өнімі шығарылатын құрастыру цехын аралап, еңбек ұжымымен және өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен тілдесті. Өңірдегі индустрияның дамып келе жатқанына назар аударған Қазақстан Президенті мемлекет тарапынан өнеркәсіпті дамыту үшін қомақты қаражат бөлініп жатқанына тоқталды. – Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өзге елдер зауыттар санын қысқартып жатқан уақытта біз жаңа­ларын салып жатырмыз. Тек биылдың өзінде 75 жаңа кәсіпорын салынады. Оларда 3 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Елдің өңірлерін дамыту үшін мемлекет бұл жұмыстарды жалғастыра береді, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балалар тағамын өндірумен аты шыққан әрі сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын «Молоко Синегорья» сүт зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған кәсіпорында қазір 175 адам жұмыс істейді. Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіпорынның өндірістік цехтарын аралап, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеушілермен кездесті. Қызметкерлермен әңгімелесу барысында отандық өнімді өндіру, аймақтағы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мәселелері, бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру мәселесі сөз болды. Өңірдегі бірқатар кәсіп­орындардың жұмысымен таныс­қан Қазақстан Президентіне ақмо­лалықтар аймақтың ауыл ша­руашылығын дамытуға көр­сеткен қолдаулары үшін риза­шылықтарын білдірді. Ал өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола об­лы­сының елордамызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін тірегі екенін айтты. – Мемлекет аграрлық салаға зор көмек беруде. 2009 жылдан бері облыстың барлық шаруашылықтар бойынша субсидиялауы 8 есеге ұлғайды. Осыны ескере отырып, мен сіздердің алдарыңызға елорданы өз өнімдеріңізбен қамтамасыз ету жөнінде міндет қоямын. Астана – жақын орналасқан табиғи тұтынушы. Елорда өсіп келеді, сәйкесінше, тұтыну да ұлғая бермек. Жалпы алғанда, Ақмола облысы – елдің өзге де солтүстік өңірлерімен бірге әлемдік маңызға ие астықты аймақ. Бүгінде Қазақстанның бидайы танымал бренд болып саналады және әлемдік азық-түлік қорын есептеу кезінде біздің елдің ресурсы да қаперге алынады. Соған орай, біз үшін аграрлық өнімдердің көлемі мен сапасын одан әрі арттыру зор жауапкершілік болып саналады, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.