Имамның тұлғалық бейнесі

Имамның тұлғалық бейнесі

Имамның тұлғалық бейнесі
ашық дереккөзі

Бұл форумда Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерінің этикасы, мұсылманның тұлғалық бейнесі және имамның тұлғалық бейнесі атты құжаттар қабылданды.Форумда қоғам және мемлекет қайраткерлері және еліміздің барлық өңірінен облыс, қала, аудан, ауылдан келген 500 имам қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы хазірет баяндама жасады. Өз сөзінде: «Қазір заман өзгерді, уақыт талабы тым басқа. Ақпараттар ағыны мен технологияның дамыған дәуірінде адамзат санасының күн санап өзгеруі бізге – Діни басқарма қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктеп отыр», – дегені әр имамға терең әсер еткені жасырын емес. ҚМДБ-ның 2020 жылға дейінгі қызметін дамыту тұжырымдамасы еліміздің рухани бай болуына үлкен үлес қосары сөзсіз.Тұжырымдамада асыл дініміз исламды,ата-бабамыз ерте ғасырдан бері ұстанып келе жатқан, ұлтымыздың дәстүрімен біте қайнасқан мазхабымыз Абу-ханифа екені айтылса, имам Әль-Матуриди діни көзқарасымен насихаттауға ерекше тоқталған. Оның өзіндік себебі де бар, өйткені ол қазақ халқының табиғатына, дәстүріне етене жақын мазхаб жолы. Соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде қылаңыта бастаған теріс ағымдардың қазақ даласында да бой көрсете бастағаны қынжылтатын жайт. Ал егер де сол кертартпа ағымдардың жетегіне ере кетудің, әсіресе жастар тарапынан еліктегіштіктің алдын алмасақ, ертенгі күні бармағымызды тістеп қаларымыз белгілі. Форумда қабылданған құжаттар теріс ағымдардың алдына тосқауыл болатын, мұсылманды отан сүйгіштікке баулитын, патриоттық сезімін оятатын деп баға берсек артықтық етпес. Құрметті де асыл пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде «Отанды сүю иманнан деген» емес пе? Мұсылманның тұлғалық бейнесіндегі тәлімге назар аударсаңыз, мұсылман баласының дұрыс сенімінен бастап, қоршаған ортаға, қоғамға пайда келтіру, адал жолмен еңбек етіп, ысырапшылдықтан сақтанып, жаман қасиеттерден аулақ жүруге шақырады. Алла Тағала құранда «Расында, сен ұлы ахлаққа иесің» деп пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі өте көркем екенін айтқан болса, әрбір мұсылманды сабырлылыққа, төзімділікке, кішіпейілдікке, тазалыққа, бауырмалдыққа, ата-ананы қадірлеуге, отбасының Алланың аманаты екенін естен шығармауға шақырады. Имамдық қызмет үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол – Жаратушы тарапынан келген аманатты өсер ұрпаққа жалғастыратын, бұқара халықты жақсылыққа тартып, жамандық атаулыға тыйым салатын ұлы істің бірі. Екі дүние сәруәрі, адамзаттың асылы ардақты пайғамбар Мұхаммед (оған Алланын салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде Имам – басшы әрі қоластындағыларға жауапты деген. Имамның тұлғалық бейнесі дегенде біз имам болған адамның діндар, тақуа, адал, шыншыл, білімді, парасатты, байыпты, сабырлы мейлінше кішіпейіл, адал және уағызды адамдарға жеткізе алатын бейнесін айтамыз. Республикалық имамдар форумында бұл толықтай нақтыланды. Жалпы, қорыта айтқанда, форумда қабылданған құжаттар еліміздің рухани дамуына үлес қосары сөзсіз. Ал рухы биік халық әрқашанда алдына қойған мақсатына жетері шын.

Абдулхамид Асханұлы Мұсаев, Алматы қаласы, Наурызбай аудандық Әбу-бәкір мешітінің бас имамы