Душанбеге –30 мың тонна арматура

Душанбеге –30 мың тонна арматура

Душанбеге –30 мың тонна арматура
ашық дереккөзі
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Душанбеге жасаған жұмыс сапары аясында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқыға салды. 2018 жылғы наурызда Астанаға ресми сапармен келген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол жеткізген келісімдер екіжақты қарым-қатынастарды сапалы әрі жаңа деңгейге көтергені белгілі. Тіпті, сол кезде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда деңгейін 2 миллиард долларға жеткізу міндеті қойылған-ды. Қазір екі тарап та қажетті шараларды қолға алып, қабылдауға кірісіп кеткен. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон осы жылдың 15 наурызында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің нәтижелерін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол осы форумның өңірлік ынтымақтастықты одан әрі насихаттаудағы маңыздылығын атап өтті. «Тәжікстан Орта Азия аймағындағы Қазақстанның екінші ірі сауда әріптесі болып табылады. Нақтырақ айтқанда, Орталық Азия елдерімен Қазақстанның тауар айналымының 20 пайызы осы елге тиесілі», – деді Тәжікстан президенті. Асқар Мамин сапар аясында Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзодамен және Премьер-министрдің бірінші орынбасары Саид Давлатаимен екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелері және Орталық Азия Мемлекет басшыларының консультативтік кездесу қорытындысы бойынша Хаттамасын жүзеге асыру бойынша маңызды шараларды талқылады. Экономиканың түрлі салаларында екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың үдемелі сипатын тілге тиек ете келе Асқар Мамин фармацевтика, құрылыс, азық-түлік өнеркәсібі, теміржол саласы, металлургия, көлік құрау саласы секілді 57 перспективті тауар позициялары бойынша Тәжікстанға тасымалдың номенклатурасын кеңейту туралы айтты. Асқар Мамин сауда-саттық айналымын арттыру жөніндегі жұмыс тобының қызметін белсенді ете түсіп, осы салада Жол картасын әзірлеуді және оны Үкімет­­аралық комиссияның кезекті отырысында мақұлдауды ұсынды. Кездесу кезінде аймақаралық қатынастарды дамыту, Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының бизнес-құрылымдары арасындағы тікелей байланыстар, сондай-ақ, екі елдің экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Hyundai County маркасының қазақстандық 300 автобусын, 500 жүк вагонды, 4 маневрлік және магистральдік локомотивті және 5200 тонна Р-65 рельстерін, сондай-ақ ауқымы 30 мың тонналық Рогун ГЭС-інің құрылысы үшін «Арселор Миттал Теміртау» АҚ өндіретін арматураларды жеткізу бойынша коммерциялық құжаттарға қол қойылды. «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ мен «Дусти 2017» ЖШҚ Тәжікстан Республикасына арматура жеткізу жөніндегі мәміле бойынша «Арселор Миттал Темиртау» АҚ шығарған арматураны Рогун ГЭС-нің құрылысы үшін жалпы құны 16 млн АҚШ долларына 30 мың тонна көлемде жеткізуді көздейді. Ал «KazakhExport» қазақстандық экспорттаушыға экспорттық сауданы қаржыландыру түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетеді. Яғни, «KazakhExport»-тың арзан қаржы түріндегі құралдарын пайдалану есебінен экспорттаушы төлемді уақтылы алады, импорттаушы – төлем мұрсатын алады», – деп түсіндірді «KazakhExport» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Руслан Искаков.