19 Сәуір 2018, 00:07 1788 0 Өндіріс Анар ЛЕПЕСОВА

Сарыағашта «Соль янг» жайқалады

Сарыағашта биыл бой көтерген құлпынай жылыжайы алғашқы өнімін бере бастады. Бір жарым гектар алқапты алып жатқан кешен оңтүстіккореялық технологиямен жабдықталған.

Жылыжайда негізінен құлпынайдың кореялық және италиялық сұрыптары өсіріледі. Алғаш рет кореялық «Соль янг», итальяндық «Альбион», немістің «Карпи» және жергілікті «Виктория» сорттары егілген. Жергілікті сорттар жылына бір-ақ рет көктем мезілінде өнім берсе, шетелдік тұқымдар қыста да пісе береді. Бүгінде жылыжай өнімдері Алматы, Тараз, Шымкент қалаларына жөнелтілуде.

Кешенде кореялық технология қолданылғандықтан, сол елден арнайы мамандар да шақырылған. «Біздің құлпынай – қыстық сұрып. Желтоқсаннан бастап мамыр айына дейін өнім аламыз. Қыс айларында жаңа көкөністер өспейтіндіктен, біздің тәтті шырынға сұраныс жоғары. Оның үстіне кореялық технология да осы қыстық сортқа арналған. Біз оны өз елімізде сәтті іске асырдық. Ендігі арманымыз – болашақта Сарыағашты құлпынайдың отанына айналдыру», ‒ дейді кореялық маман Ким Джан Шик.

Құлпынай өзге көкөністер сияқты жылуды аса қажет етпейді. Небары 5-6 градус жылуда өсіп шығады. Ал қыстың суығында 10-15 градустық жылылық жеткілікті. Сарыағаш жылыжайында жиналған құлпынайлардың ең кішісі – 30-35 грамм болса, ірілерінің салмағы 55-60 грамға дейін жетеді. Қазір жылыжай қызметкерлері бір жарым гектар алқаптан тәулігіне 350-400 келі өнім жинауда. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан, өнімге сұраныс та жоғары.

Алғашқы жыл болғандықтан жылыжай жұмысында аздаған қателіктер де кетіпті. «Бастапқыда жылудың нақты мөлшерін білмегендіктен, өнім жоспарлағаннан аздау болғалы тұр», – дейді мамандар. Жылыжай қызметкерлері биыл гектарына 20 тоннадан құлпынай жинамақ ниетте. Ал келесі жылы өнім көлемін 40 тоннаға жеткізуге бекінген.

 

Соңғы жаңалықтар