Егін егіп, еңсе тіктесек дейтін ел

Егін егіп, еңсе тіктесек дейтін ел

Егін егіп, еңсе тіктесек дейтін ел
ашық дереккөзі
Елімізде минералды тыңайтқыштар көп пайдаланылмайтындықтан, топырақ құнары төмендеген. Салдарынан ауыл шаруашылығында өнімділік азайып барады. Сала мамандарын алаңдатқан бұл мәселе өткен аптада Тараз қаласында өткен Азияның VI агрохимиялық форумында талқыланды. Топырақтың құнарын сақтау – сапалы әрі таза өнім  алудың кепілі. Өйткені ішер асымыздың 70 пайызы жерден өніп шығады. Тағам қауіпсіздігі ғаламдық мәселеге айналған бүгінгі заманда Жер-Ананы күтіп-баптау айрықша назарды талап етеді. Егілген егіннен сапалы әрі мол өнім алу үшін топырақ құрамында өсімдіктерге қажетті органикалық және минералды тыңайтқыш жеткілікті деңгейде болуы тиіс. Мамандардың есептеуінше, Қазақстан жеріне екі жарым миллион тоннадан артық минералды тыңайтқыш пайдаланылуы керек.  Алайда қазір бар болғаны 300 мың тонна ғана қолданылуда. «Голландияда бір гектарға 750 келі минералды тыңайтқыш болатын болса, Қазақстанда бар-жоғы төрт-ақ келі. Бұл топырақтың құнарын төмендетеді. Егер жерді бүгін қадірлемесек, ертеңгі ұрпағымызға не қалады?», – дейді Қазақстанның Еңбек ері Мұқаш Ескендіров. Қазіргі таңда елімізде 24,2 млн гектар жерге егіс егіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2007 – 2015 жылдары 17 миллион гектар немесе 70,3 пайыз егістік топырағына агрохимиялық зерттеу жүргізген еді. Оның ішінде 16,4 млн гектар жер телімі, 591,4 мың гектар суармалы алқап бар. Зерттеу нәтижесінде соңғы 25 жылда топырақ құрамында гумусы (қарашірік) бар егістік жерлер 16,6 млн гектардан 255,5 мың гектарға дейін азайғандығы анықталды. Гумус құрамы жоғары жер телімдерінің көп бөлігі Солтүстік Қазақстан облысындағы қара топырақты аймақта небары 117,5 мың гектарда, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында тиісінше 61,5 және 34,2 мың гектарда шоғырланған. Ел бойынша топырақтағы азот құрамының деңгейі төмен, фосфор – орташа, калий жоғары деңгейде. Қазақстанда топырақ құнарының төмендеуі 1990 жылдан бастау алды. Мәселен, ауылшаруашылығын толық химияландыру қолға алынған 1976-1980 жылдары бір гектардан орташа 13,6 центнерден өнім жиналса, 1986 жылдан бастап бұл көрсеткіш біртіндеп нашарлай бастаған. Соңғы бес жылда дәнді дақылдар әр гектардан орта есеппен 12,1 центнерден айналуда. Қалай десек те, мол өнімге қол жеткізу үшін топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыруда минералды және органикалық тыңайтқыштардың маңызы жоғары. Елімізде минералды тыңайтқыштарды қолдану 1990-2000 жылдары 61 есеге дейін қысқарды. Осыны мықтап ескерген мемлекет жағдайды түзету үшін қолдау тетіктері мен субсидия көлемін еселеп өсірді. Жаңа агрокешеннің 2017-2021 жылға арналған бағдарламасының деректері бойынша 2008 жылы 200 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданылған. 2016 жылы 260 мың тонна пайдаланылса, 2021 жылы 360 мың тонна минералды тыңайтқыштар қолданамыз деген жоспар бар. Әйтсе де, бұл көрсеткіштердің өзі көңіл көншітпейді. Ауылшаруашылық министрлігінің есебінше, бұл – минералды тыңайтқышқа қажеттіліктің он екіден бір бөлігі ғана. Ведомствоның мәліметіне жүгінсек, 2020 жылға қарай минералды тыңайтқыштарға егін шаруашылығының сұранысы – 1 миллион 70 мың тоннаға, соның ішінде фосфорлы тыңайтқыштарға – 613,5 мың тоннаға, азотты тыңайтқыштарға – 433 мың тоннаға және калийлі тыңайтқыштарға – 23,7 мың тоннаға дейін жетпек. Топырақтың құрамындағы өсімдіктерге қажетті қоректік заттар мезгіл сайын егілетін өсімдіктердің өсіп жетілуіне, түскен өніміне қарай жұмсалып, кеміп отырады. Егіс алқаптарының топырақ құрамынан қаншалықты мөлшерде қоректік заттар алатыны мынандай мысалдардан аңғарылады. Мамандардың айтуынша, жүгерінің гектарынан 600 центнер көк балауса жинау үшін өсімдік өсіп жетілу кезінде топырақтан 150 келі азот, 70 келі фосфор, 200 келі калий тұздарын алады. Қант қызылшасының әр гектарынан 400 центнер тәтті тамыр алу үшін,  қызылша өзінің вегетация кезеңінде бойына орта есеппен 160 келі азот, 60 келі фосфор, 260 келі калий сіңіреді. Егер өнім одан да жоғары болған жағдайда өсімдіктердің жерден алатын қоректік заттарының да  мөлшері арта түседі. Демек, егістік жерлерінен мол өнім алғымыз келсе, оны қосымша тыңайтқыштармен қоректендіріп отыру шарт. «Қазіргі таңда Қазақстандағы ең құнарлы деген жерлердің өзінде орта есеппен алғанда қарашірік мөлшері 20-25 пайызға, кейбір алқаптарда 30-40 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бұдан жер құнарының жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын аңғарамыз. Мәселен, 1985 жылы 1 миллион тоннадан астам минералды тыңайтқыштар қолданып, орта есеппен 1 гектарға 25 келі азот, фосфор, калий тыңайтқыштарын топыраққа енгіздік. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш шамамен алғанда 15 есеге кеміген. Әсіресе, жоғары сапалы егін өндіретін орталық аймақтарда минералды тыңайтқыштарды дұрыс қолданбағаннан кейін, 1-2-класты өнімдердің түсімі күрт төмендеп кетіп жүр. Осыдан 25 жыл бұрын 3,5 млн тонна жоғарғы дәрежелі бидай шығаратын болсақ, қазіргі көрсеткіш онымен салыстырғанда 10 есеге кеміген. Көптеген мамандар өнім сапасының төмендеуін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып жүр. Шын мәнінде бұл ауа райынан емес, жердегі қажетті қоректі заттарды дұрыс қамтамасыз етпегеннің себебінен болып отыр», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, академик Рақымжан Елешов. Ғалымның айтуынша егіннің өнімділігін және сапасын арттыру үшін тек қана минералдар емес, сондай-ақ, органикалық тыңайтқыштар да қатар қолданылуы керек. Мал басынан арылған көңдерді, бұршақ дәнді дақылдарды тыңайтқыш ретінде пайдалану оң нәтиже бермек. Жер құнары кеміп, егістік өнімдері сапасының төмендеуінің бір ұшы елімізде дамуы кенжелеген ауыл шаруашылығы ғылымына келіп тірелері сөзсіз. Өйткені ғылымды дамытпай, саланы алға жылжытамыз деу бекер. – Еліміздегі ауыл шаруашылығы жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізу қажет. Мәселен, қант қызылшасының 70-80 пайызын шет елдерден сатып аламыз. Экспорт арқылы әкелінген өнім бір жағынан қымбат болса, екіншіден, экологиялық тазалығы күмән тудырады. 2017-2021 жылдарға жоспарланған агроөндірістің республикадағы бағытталған саласы бойынша егістік өнімдері мен оның сапасын күрделі түрде өзгертіп, бөлінетін қаржы көлемін көбейтуіміз керек. Өйткені жалпы ауыл шаруашылығына бөлінген 16 млрд теңгенің 4,2 пайызы ғана ауыл шаруашылығы ғы-лымына бөлініп отыр. Ғылымсыз саланы алға жылжыту қиын. Ғылыми тұрғыдан алдыңғы қатарлы дамыған озық технологияларды шет елдерден инвестициялап, оларды өзіміздің ауа-райына, өсімдіктер мен жеріміздің ерекшеліктеріне қарай бейімдеп дұрыс қолданатын болсақ, жоғары өнім алуға болады,  – дейді ғалым. Шөлейт жерлерге қарағанда суармалы жерлерден алынатын өнім көлемі екі есеге жоғары. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстандағы егістік көлемі 35,6 млн гектар болса, қазіргі кезде 22,4 млн гектарға дейін азай-ған. Ендігі мәселе – қолданылмай қалған жерлерді қайта игеріп, егін жайын білетіндердің игілігіне беру. Қазақстанның егіншілік жерлерінде өткізілген агрохимиялық зерттеу деректеріне сүйенсек, егістік көлемінің 20,5 пайызында өсімдікке қажетті жылжымалы фосфор жетіспейді. Қант қызылшасы, күріш, жүгері, картоп егістіктерінде өсімдікке керекті калий мен фосфор мөлшері 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Тағы бір мәселе, экологиялық әрі органикалық таза өнім шығару керек дегенді алға тартып, минералды тыңайтқыштарды егіннің жауы санайтындар көбейген. Оларды қолдансақ өнімнің сапасы нашарлап, экологиялық таза өнім алу қиындайды деген пікірлер де айтылуда. Сала мамандарының айтуынша, бұл қате пікір. Минералды тыңайтқыштарды өсімдіктің қажеттілін есептемей, мөлшерден тыс қолданған жағдайда ғана өсімдіктің сапасы мен жердің экологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді. Топырақтың тозуы, шөлейт жерлер аумағының ұлғаюы – Орталық Азия елдерінің көпшілігіне ортақ мәселе. Бүгінгі таңда шөлге айналған жерлердің көлемі ондаған миллион шаршы метр болып отыр. Бұл – жерді күтімсіз, қарқынды пайдаланудың салдары. Жер-Ананы қалай күтіп-баптасаң, одан алатын өнімің де соншалықты мол болатынын ескермеудің соңы осындай жағдайға әкеліп соқты. Қазақстанда өзге елдермен салыстырғанда топырақтың үстіңгі қабатының онтропогендік салмаққа деген төзімділігі төмен. Яғни, тозу мен шөлденуге бейім. Елдің 272,5 миллион гектар болатын аумағының 180 миллион гектары құрғақшылыққа ұшыраған. Жерге деген салғырт көзқарастан арылып, ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына ден қоймайынша, егін ексек, еңсе тіктесек деген елдің өрісі тарыла бермек.