Жайсаңдармен жаңаша табыстырған

Жайсаңдармен жаңаша табыстырған

Жайсаңдармен жаңаша табыстырған
ашық дереккөзі
  Талантты жазылған кітапты қолыңа алғанда, жаныңа рухани азық алып қана қоймайсың, өз еліңнің төл тарихымен тілдесіп, халқыңның күрделі де тағылымды тағдырына еріксіз бас иесің. Біртуар тұлғалармен қайта қауышқандай күй кешесің. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ университеті» баспа үйінен кинотеледраматург, режиссер, қазақ кинопедагогикасының негізін салғандардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғайнижамал Әбілдинаның «Қазақтың ірілері» атты кітабы жарық көрген еді. Бір өкініштісі, қазақтың мықтыларының есімдерін білгенімен, бүгінгі ұрпақ олардың нақты іс-әрекетінен, ерлігінен бейхабар. Қазақстан Халық ағарту комиссары Темірбек Қараұлы Жүргенов небәрі 40 жыл жасаға­нымен, өнер мен мәдениетіміздің іргетасын қалап, оның тындырып кеткен қыруар шаруасының игілігін қазір де көріп отырғанымызды есімізге оралтқандай автор. Нақақ атылғанға дейін педагогикалық, ауылшаруашылық, политехникалық институт, университеттердің ашылуына, Мәскеуде тұңғыш рет қазақ өнерінің онкүндігі өтуіне, астанада, облыстарда театр, филармония, домбыра оркестрі, балет мектебі, т.б. негізінің қалануына ерекше атсалысқан Т.Жүргеновтің сан салалы қабілетін Ғайнижамал Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітовтің пікірлерімен толықтырады. Баубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановқа қатысты қандай да деректің ешқайсымызды бейжай қалдырмайтынын ескерсек, автордың кішкентайынан естіп-білгені, туыстығы кейіпкерлерінің ұшқан ұя, өскен ортасына тереңірек бойлауға көмектескен. Ақын, жазушы, жауынгер-командир Баубек от құшып, қыршынынан қиылды, бірақ шығармаларымен, батырлығымен мәңгі тірі. Сұрапыл жылдары жаза бастаған «Алматылықтар» романының әрбір тарауын жан жолдасы Мұқан Иманжановқа хат арқылы жіберіп отырыпты. Осы орайда Әбу Сәрсенбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Ахмет Елшібеков және басқалар қалдырған тың дерек, мәліметтер орынды пайдаланылған. Кейіпкерлерінің шынайы түр-тұлғасын көрсетуде Ғайнижамал жан-жақты ізденеді. Мәселен, «Жыр сұңқары – Сырағаң» Мәриям Мұқанова, Мұзафар Әлімбаев, жары Күлжамал, ұлы Қасымның естеліктері аясында шешен, шыншыл, достыққа адал, отбасының асқар тауы, тектілігіне тәкаппарлығы, сырбаздығына сұңғылалығы қосылып, әділ де адал тірлік кешкен жан болып, зейінділігі, табандылығымен көзалдымызға елестейді. Жалпы, кітаптағы әр кейіпкерімен сырласуы сәттілік. Әкесі Тілекен Есенәлі кішкентайынан жетім қалып, Саратов облысының орыс деревнясында Иван болып, балалары шетіней беріп, соңғы ұлына Кәкім деп ат қойғанда, оған сельсоветтегілердің тілі келмей Михаил Иванович Исиналиев деп жазыпты. Бұл есім елімізге жақсы таныс, Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлеген тұңғыш қазақ, қоғам қайраткері, елші, ұзақ жылдар мәдениет пен өнерімізді бағыттап, небір маңызды шаралардың басы-қасында жүрді. Автор «Кәкім аға – ел мақтанышы» деп, дәл айтқан, сырт көзге беймәлім талай қырын ашқан. Мемлекет қайраткері Камал Смайыловтың қатал заманның небір қитұрқысын жібіте білетін жұмсақ мінезі жайында әріптестерінің лебіздері арқылы ашып айтады, атқарған жауапты қызметтерінен, тындырған қыруар ісінен оқырмандар молынан хабардар болады. Қазақ театрының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан «Сахна өнерінің бәйтерегі – Асқар Тоқпанов» еді. 70-тен аса спектакль қойды, актер, режиссер, педагог, аудармашы, абыз, шешен. Осы қасиеттерін, кәсіби біліктілігін, не тындырып, не қойғанын да автор шеберлікпен жеткізіпті. «Қазақ өнерінің ақтангері» Кәукен Кенжетаев, «Тарих ғылымының қара нары» Манаш Қозыбаев, «Өр тұлғалы азамат» Өмірзақ Сұлтанғазин, физика-математика ғылымдарының докторы, Ресей Гравитация қауымдастығының мүшесі, профессор Мейірхан Абдильдин, «Театртанудың тарланы» Бағыбек Құндақбаев, санаулы қазақ философтарының бірі Болат Байжігітов, «Қазақ әнінің сәні», аңызға айналған Роза Бағланова, «Бар болмысы сұлулыққа» тұнған Гүлфайруз Ысмайылова, кинематографист, режиссер, сценарийші Тұрар Бекжанұлы Дүйсебаев, қазақтың тұңғыш кәсіби маманданған режиссері Мәжит Бегалин, театр мен кино өнерінің марғасқа әртісі, елінің сүйіктісі Әмина Өмірзақова, болашақ актерлер мен театр мамандарын «Білімнің бұлағымен сусындатып», жақында ғана дүниеден өткен Рабиға Қаныбаевамен жүргізген сұхбаттарынан бір-біріне ұқсамайтын нысанды тағдырларға жолығып, ұмытылмастай әсерге бөленесің. «Өшпес тұлға – Сағат Әшімбаевпен» Ғайнижамалдың таныстығы 1971 жылы «Лениншіл жас» газетінде тәжірибеден өтіп, 3 курста өздеріне сабақ бергеннен басталып, Қазақ ССР телерадио комитетіне басшылыққа келген кезімен жалғасады. «Ылғи қапылып, ой үстінде отыратын» Сағаттың сезімтал, сергек, елгезектігі, қайырымдылығы, сын сәттегі ерлігі, ұлтына сүйіспеншілігі нақты мысалдармен дәлелденген. «Тасқа тіл бітірген» Хакімжан Наурызбаевты ауылда ұста боп жүрген жерінен Алматыға, кейін Мәскеуге оқуға жіберткен сол кездегі Қазақ ССР Министрлер кеңесі төрағасы Нұртас Оңдасынов екен. Суретші Сахи Романовпен үш рет кездесіп, түсірілім жасаған Ғайнижамал «сырты күліп, іші жылап» өскен жетім баланың қалайша кәсіби суретшіге айналғанын оның терең сырларымен жеткізеді. Екі арадағы сұрақ-жауаптардың астарынан сұлулыққа құштар, әзіл-қалжыңды жақсы көретін сері жігіттің қуанышы, өкініші білінеді және ешкімді бейжай қалдырмайды. Елубай Өмірзақовтың портретін соңынан қуып жүріп салғаны, өзін Саха, кейде Сахай дейтін Серәлі Қожамқұловтың «мынауың не, менің бетім ақ қой... мұрнымды қоңқайтып қойыпсың...» деп, қайта-қайта түзеттіріп, «Әй, Сахай, мынауыңды дұрыстапсың, танауымды тарылтыпсың» дегені, Шәкен Аймановтың жомарттығы... жеңіл де жатық әңгіме-дүкен сана-сезіміңе бірден сіңе кетеді. Дәркембай Шоқпарұлын зергер, ұста, этнограф, ақын, жазушы, ұстаз ретінде түрлі қырларын іс-әрекетімен көмкеріп, аяулы азаматтың толыққанды портретін жасаған. Қазақстан мен Орта Азия елдері арасында Тауман Амандосов журналистика мамандығы бойынша санаулы профессорлардың бірі, тұңғыш ғылым докторы болды. «Ұстазда да ұстаз бар», сандаған журналистердің шығармашылық жолында бұл кісінің орны ерекше, өзінің талапқойғыш, әділдігімен, қайырымдылығымен, әкелік-ұстаздық қамқорлығымен мәңгі естерінде. «Мен сенің осындай болатыныңа онша сенбеген едім», – деп, ұстазы да бертінде ағынан жарылыпты. Иә, Ғайнижамал жазғандай «Ұлы ұстазымыз, филология ғылымдарының докторы, профессор Тауман Салықпайұлы Амандосов әрбір шәкіртінің жүрегінде болатыны сөзсіз». Әттең, деректі фильм түсіріп үлгермегені өкінішті. Техника ғылымының докторы, профессор, жазушы Шәмшиден Абдраман жақында озды өмірден. Артына мол мұра қалдырған ғалыммен жақын араласқан автор оның тынымсыз ізденісіне, әсіресе, қазақтың данышпан ұлы Ақжан Машанимен рухани туыстығына тереңірек тоқталған көрінеді. «Қамқор жүрек» Ғайникен Бибатырованы зиялы қауым жақсы таниды. Талант атаулының қамқоршысы, саналы ғұмыры халқына қалтқысыз қызмет етумен өтуде. Ғайнижамалдың бұдан 21 жыл бұрын Фариза апамыздың өтінішімен Ғайникен Айдарханқызын «Портретке» түсіріп, жүргізген сұхбаты әлі де өміршең, қызыға оқисың. «Өзі дара, өзі дана Һәм ұстаз», Қазақстанның халық әртісі, профессор Маман Байсеркеұлын «Қара қылды қақ жаратын әділдігі бар, кейде балаша таза, кейде қартша адуын мінез танытып жүретін жан» деп, танымдық сауалдар қояды кейіпкеріне. Білімді, парасатты жанның тұшымды жауаптары жүрекке жылы тиіп, оқи бергің келеді. «Ел баласы, ұлт мақтанышы» Сағындық Сатыбалдин небір қиындықтарды жеңе жүріп, мақсатына жеткен, академик Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтсақ, сегіз қырлы, бір сырлы жан. Ол – ғалымдықты қайраткерлікке ұластырған, жылы кабинеттен шығып, ел ісіне араласқан ғалым. Журналист Ғайнижамалдың белгілі тұлғаны сөйлете алуынан болса керек, балалық, студенттік, іздену кезеңдерінен бастап қазіргі қалыптасқан шағына дейін айқын да нақты көріністерімен есте қалады «Аманат арқалаған әнші», Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Отырар сазы» оркестрі негізін салушылардың бірі, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры Нұрғали Нүсіпжановтың өміршең пікірлеріне еріксіз сүңгисің: кейбіреулер халыққа арзанқол дүние ұсынғандарына қиналмайды да қысылмайды, сол жеңіл-желпі ән, көшірме ток-шоулар көлеңкесінде қала беретін болса, ұрпаққа не қалдырамыз; санамызда, идеологиямызда ұлттық құндылықтар мәртебесін асқақтататын нақты бағыт-бағдар болуы керек. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, әнші Жұмат Махамбетов жайлы «Жұматай әнші немесе елін сағынған» деген мақаласында Ғайнижамал кейіпкерінің бейнесін айшықтай түсіпті. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, көптеген деректі фильмдерінің режиссері, халықаралық, ұлттық түрлі сыйлықтардың иегері, қазақ киносының қара нары Болат Шәріппен жүргізген сұхбаты талантты да тентек, бекзат жанның табиғатына қызықтырып, бір-бірін үндестіре толтырған сұрақ-жауаптар ұлт туралы ойларға жетелей түседі. «Дәмір арқалаған дәуір» деп түрлі халық­аралық, республикалық кинофестифальдардың жүлдегері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясының профессоры, талантты режиссер Дәмір Манабаевқа нақты әрі дәл бағасын беріпті. Ғайнижамалдың анық байқағанындай, Дәмір Манабаев өзінің еңбектерінде тұтастай бір дәуірдің қасиеті мен қасіретін, толыққанды мазмұнын, қарама-қайшылыққа толы мәнін көрсетіп берді. Мейірман Нұрекеев сияқты талай актердің бағын ашты, Нұрмұхан Жантөрин сынды ұлы тұлғаның тынысын кеңейтті, Шәмшәгүл Меңдияровадай ұлттық колоритті сақтап, әспеттеген актрисаның мақсат, тілегін аспандатты. Шығармашылық жолын «Жаңа фильм» журналынан бастаған Ғайнижамал Әбілдина жүзге жуық деректі және анимациялық фильмдердің, екі жүзге жуық телебағдарламалардың редакторы. «Күнтізбек», «Ниет», «Ғайнижамал сырласуға шақырады», «Портрет» тележобаларының авторы әрі режиссері. Ол жиырмаға тарта көркем, анимациялық әрі деректі фильмдерді, Ибн Хишамның «Мұхаммед пайғамбардың өмірбаяны», Худа Хаттабтың «Мұсылман әйелінің анықтамалығы» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған. «Режиссура», «Операторлық өнер» мамандықтары бойынша Мемлекеттік стандарттау авторларының бірі. «Ақпараттық бағдарламаның жасалуы», «Телевизия өнері: теориясы мен технологиясы»атты оқулық кітаптарын шығарды. Міне, енді публицистикалық эссе-портрет жанрында жазылып, әдемі де сапалы безендірілген «Қазақтың ірілері» атты кітабы оқырмандардың көзайымына айналды.  

Мағира Қожахметова,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері