Ресейде бір апта бойы мысығын қараусыз қалдырған ер адам жазаланады
Бұл туралы Амур облысының ветеринария басқармасы хабарлаған.

Благовещенск қаласында (Ресей) ер адам мысығын бір апта бойы қараусыз қалдырғаны үшін жауапкершілікке тартылады, деп жазды turkystan.kz.
Көршілері полицияға қоңырау шалып, бірнеше күн бойы жабық пәтерде мысықтың тынымсыз мяулағанын айтқан. Полиция қызметкерлері иесінің туыстарын тауып, бірге пәтерді ашқан.
Ветеринария басқармасының мамандары мысықты тексеріп, оның денсаулығының жақсы екенін растады. Иесі мысыққа қажетті азық-түлік пен су қалдырып, бірнеше лоток қойған. Алайда, жануар жалғызсырағанға ұқсайды.
Жануарға зиян келмегенімен, Благовещенск тұрғыны үй жануарларын ұстау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.
"Бұл жағдайда жануарға қатыгездік белгілері анықталмады. Дегенмен, мысықтың иесі көршілерінің құқықтарын бұзған", - деді Амур облыстық ветеринария басқармасының бастығы Сергей Самохвалов.
Қазіргі уақытта мысық еріктілердің қолында. Иесі оралған соң оны қайтарып алуға мүмкіндігі болады.