Еліміздегі жұмыссыздықты есептейтін әдістеме дұрыс емес – депутат жүйелі стратегия әзірлеуді ұсынды

Елімізде жұмыспен қамту мен халық табысын сақтау – басты басымдықтың бірі. Алайда, ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4-5% шамасында тұрақты болып отыр. Бұл көрсеткіш шынайы жағдайды көрсете ме? Мәжіліс депутаты, "AMANAT" фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, елімізде жұмыссыздықты есептеу әдістемесі дұрыс емес және ол шынайы көрсеткіштерді бұрмалап отыр. Бұл туралы депутат Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, Еуропаның дамыған елдерінде жұмыссыздық деңгейі 7-12% аралығында. Ол мемлекеттерде жұмыссыздықты есептеу нақты критерийлерге негізделген.
Ал бізде бұл көрсеткіштің жасанды түрде төмендетілгені байқалады. "Шын мәнінде, еліміздегі жұмыссыздық деңгейі 12%-ға жетіп, шамамен 1 миллион адамға жетеді", – дейді депутат.
Оның пікірінше, мемлекеттік органдар уақытша жұмыс орындарын ашуға басымдық беріп, тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешуді кешіктіріп отыр.
Депутат жастар арасындағы жұмыссыздық күрделі мәселеге айналғанын жеткізді. Статистикаға сәйкес, жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің 40%-ы алғашқы жылы тұрақты жұмыс таба алмайды, ал 60%-ы өз мамандығы бойынша еңбек етпейді. Бұл еліміздегі білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланыс әлсіз екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, көптеген азаматтардың еңбекақысы "көлеңкелі" секторда қалып отыр. Бұл зейнетақы жүйесіне, міндетті медициналық сақтандыруға кері әсерін тигізуде. Мәселен, 1 миллионнан астам қазақстандық зейнетақы қорына аударым жасамайды, ал 3,5 миллион азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалған.
"Неге әлі күнге дейін 3 миллионнан астам азамат әлеуметтік қорғау жүйесінен тыс қалып отыр? Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың төрттен біріне тең", – деп мәселе көтерді Елнұр Бейсенбаев.
Депутат аталған мәселелерді шешу үшін кешенді стратегия әзірлеуді ұсынды. Оның ішінде:
- Ұзақ мерзімді және тұрақты жұмыс орындарын құру;
- Жұмыспен қамту көрсеткіштерін нақты көрсететін әдістемелерді енгізу;
- "Көлеңкелі" секторда жүрген 3,5 миллион азаматты, зейнетақы аударымдары жоқ 1 миллион адамды және 2 миллион өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды жүйеге енгізу;
- NEET санатындағы 400 мың жасты жұмысқа тарту.
Бұл бастамалар еңбек нарығындағы шынайы ахуалды анықтап, қазақстандықтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға мүмкіндік береді. Қоғамның басты сұранысы – әділ статистика мен нақты шешімдер. Сондықтан жұмыссыздық мәселесін ашық түрде талқылап, шынайы әрекеттерге көшу керек.