Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі: Бір бәйтеректің қос бұтағымыз

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі: Бір бәйтеректің қос бұтағымыз

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі: Бір бәйтеректің қос бұтағымыз
ашық дереккөзі

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Осыдан жиырма төрт жыл бұрын еліміз Тәуелсіздігін айдай әлемге жариялағанда Түркия бірінші болып танып, құттықтауларын жіберген еді. Көп кешікпей-ақ екі бауырлас ел өзара ресми іс-сапарларда болып, қарым-қатынастарымыздың бағыттарын айқындап, достық пен ынтымаққа негізделген сара жолды салып берді. Содан бері екі жақтан да елшіліктер ашылып, өзара тиімді мәдени-экономикалық байланыстар жасап келеміз. Жуырда Қазақстанның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевпен тілшіміз кездесіп, екі ел арасындағы байланыстар жөнінде сұхбаттасқан еді. Соны оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Жансейіт Қансейітұлы, қатпары қалың тарихқа үңілсек, Қазақстан мен Түркияның ғасырлар бұрын бір атадан өрбіп, бір қағанат құрамында болғандығы, яғни түбі бір түркі халқы екендігіміз барша жұртқа мәлім. Қазіргі уақытта Түркиямен саяси қарым-қатынас туралы қысқаша не айтар едіңіз?

– Түрік және қазақ халқы араларындағы жер шалғайлығына және бір-бірлерінен ұзақ жылдар ажырап қалғандарына қарамастан тілдері бір, өткені мен мәдениеті ортақ екендігін ешқашан ұмытпай, әрдайым бір-біріне тілектес болғаны жасырын емес. Осы қасиетті құндылықтар мен ортақ тілектер қарым-қатынасымыздың негізін құрады. Ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, тегіміз, тіліміз бен қасиетті құндылықтарымыз елдерімізді тығыз байланыстырды. Содан келіп түркі жұртының қос бұтағы – Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасы тәуелсіздік кезеңінде қайта жаңғырды. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз тәуелсіздігін жария еткеннен кейін екі сағат өтпей тәуелсіздікті мойындаған алғашқы ел де Түркия болатын.

Тарихи тұрғыдан алғанда аз ғана уақыт ішінде елдеріміз арасындағы қатынастар өзара сенімнің биік дәрежесіне көтерілді. Жемісті ынтымақтастықтың айқын нәтижесі ретінде Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар достық, бауырластық және сындарлы диалог бағытында дамуда. Мұның жарқын дәлелі ретінде Қазақстан Респуб­ликасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға 2009 жылғы қазандағы ресми сапары барысында қол қойылған Қазақстан Респуб­ликасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартты айта аламыз.

2012 жылғы 11-12 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Түркия Республикасында болған ресми сапары екіжақты қатынастарды одан әрі жақындастырып, ны­ғайта түсті. Сапар барысында Қазақ­стан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірін­ші отырысы өтті. Бірлескен стратегиялық жоспарлау жұмыс тобының бірінші отырысы 2013 жылдың сәуір айында Алматыда, екінші отырысы – 2014 жылы 29 желтоқсанда Анкарада өтті.

Екі мемлекеттің ынтымақ­тастығы сан салалы форматта – Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара ықпал­дастық пен сенім шаралары жөнін­дегі кеңес, Түркі Кеңесі, Түрік академиясы, ТүркПА, ТҮРКСОЙ және басқа бірлестіктер шеңберінде ойдағыдай жалғасуда.

Түркия Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін танып, елімізді аймақтағы маңызды әріптесі санайды. Түркия Президенті Реджеп Ердоған Нұрсұлтан Назарбаевты Түркі дүниесінің лидері ретінде таниды.

Қазақстан Президенті Н.Назар­баевтың өткен жылы екі мәрте жұмыс сапарымен Түркияға ке­луінің өзі екі жақты қарым-қатынас деңгейінің соншалық биіктігін көрсететін жайт.

Екi ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға парла­мен­таралық ынтымақтастық та өзiнiң лайықты үлесiн қосуда. Парламенттердiң депутаттық достық топтары арасындағы байланыстарды одан әрi жандандыруға көңiл бөлiнуде. 2013 жылы 9-11 мау­сым аралығында ҚР Парламентi Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, ал 2013 жылы 29 маусым – 3 шілде аралығында ҚР Парламентi Сенатының төрағасы Қайрат Мәмидiң Түркияға жұмыс сапарлары ұйымдастырылды. Ал биыл, 2015 жылы Түркия Ұлы Ұлттық Мәжiлiсiнiң төрағасы Жемил Чичектiң Қазақстанға сапары жоспарлануда.

Түркиямен көптеген аймақтық, халықаралық мәселелерде көзқа­растарымыз бір жерде түйісіп жатады.

Елбасымыздың бастамасымен дүниеге келген Азияда өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесіне 2010-2012 жылдар аралығында төрағалықты Түркия Қазақстаннан қабылдап алып, оны табысты атқарған.

Біздің дипломатиямыздың ірі жетістігі болып саналатын Қазақ­станның Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төра­ғалығы кезеңінде Түркия бас­ты қолдаушылардың қатарында болды. 2010 жылы Астанадағы саммитке Түркия президенті А.Гүл бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның қатысуы осыған куә. 2011 жылындағы Қазақстанның Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалығын табысты атқаруына да Түркия барынша атсалысуда.

Осы бағыттағы ерекше айтып кететін оқиға – Елбасымыз Н. Назарбаевтың жалпы түркі­лік бірігуге қатысты ұсынған баста­маларының жүзеге асуы болып табылады. Түркі Кеңесі, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік ассамблеясы, Ақсақалдар Кеңесі және Астанада Түркі академиясы құрылып, қазіргі таңда жұмыстарын табысты жүргізуде. Түркі Кеңесінің хатшылығы Стамбұлда ашылып, қызметіне кірісті. Бұл өз кезегінде Елбасымыздың жалпы түркілік интеграциялануға қатысты бастамаларының өміршеңдігін және өзектілігін көрсетіп отыр.

Бұдан басқа Түркия БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінде 2017-2018 жылдары уақытша мүшелікке Қазақстанның кандидатурасын қолдайтындығын мәлімдеді.

– Қазақстан мен Түркия ара­сындағы экономикалық, инвес­тициялық қарым-қатынастар саласында екі елдің мүддесі үшін қандай жобалар өз нәтижесін берді деп айтар едіңіз?

– Сан-салалы сауда-эконо­мика­лық байланыстар екiжақты ынты­мақтастықтың маңызды аспектiсi болып табылады.

Түркия – Қазақстанның аймақтағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі. 2014 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 3,29 млрд. АҚШ долларын құрады.

Түркия алғашқы жылдары елімізде жеке кәсіпкерлік пен құрылыс саласының дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Қазіргі күні Қазақстанда 1400-ден астам түрік фирмасы жұмыс істеуде.

Сонымен қатар түрік мердігерлері Қазақстанда құны 20 миллиард АҚШ долларынан асатын құрылыс жобасын жүзеге асырды. Осылайша Қазақстанның Түркия экономикасына қосқан күрделі қаржысы шамамен 20 миллиард АҚШ долларына жетті.

Осы жылдар ішінде Қазақстан экономикасына жалпы алғанда шамамен 2 миллиард доллар көлемінде түрік инвестициясы, Қазақстаннан Түркияға шамамен 1 миллиард доллар көлемінде инвестиция жұмсалды.

Түркия тарапынан құйылған инвестициялар ішінде ең ірілері – хром рудасын өңдеуге «Yildirim Group», сусындарды шығару бағыты бойынша агро-өнеркәсіп кешеніне «Anadolu Beverage Group», Елордамыздағы «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық кешенінің құрылысына «Sembol Construction», Алматыда Сауда кешені және т.б.

Дегенмен де, өзара инвестициялар екі елдің экономикалық әлеуетіне сай келмейді және әлі де барлық мүмкіндіктер толық жүзеге асырылған жоқ деген ойдамын. Ендігі кезекте экономикалық ынтымақтастықтың барлық мүмкіндіктерін дамыту және іске асыру мақсатында біраз жобалар қолға алынуда.

Сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылды жандандырудың маңызды аспектісі – 2012 жылы құрылған Жоғары деңгейдегі страте­гиялық ынтымақтастық кеңесінің жұмысын және «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы шеңберіндегі әрекеттесуді белсенді жалғастыру болып табылады. Олар жақын келешекте Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара іс-қимылдың экономикалық құраушысын одан әрі кеңейтуге жаңа серпін беруге бағытталған.

Түрік өнеркәсібінің және тұта­сымен алғанда экономикасын дамыту локомотиві болып қызмет ететін Ұйымдастырылған индустриялық аймақтарды құруда Түркия орасан зор оң тәжірибе жинақтаған.

Осы орайда 2011 жылы Қазақстан Республикасы мен Түркия Рес­публикасы Үкіметтері арасында Қазақстанда бірлескен қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойылғанын атап өткім келеді. Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды Түркияда таныту іс-шаралары кеңінен жүргізілуде, сондай-ақ ірі түрік бизнесін елімізге тарту жұмыстары да өз жалғасын табуда.

2013-2014 жылдары Түркияның Сакария, Қожаелі, Измир, Измит, Ескишехир, Невшехир, Трабзон, Ризе, Стамбұл, Мұғла, Ниде, Самсун, Хатай, Кония, Гиресун, Малатия, Маниса, Денизли провинцияларында аймақтық бизнес-форумдар ұйымдастырылды.

Аталмыш жылдарда Түркия­ның бірқатар аймақтарынан провин­циялардың губернаторлары бастаған бизнес-делегациялар елімізге: Денизли – Алматы (2013 ж., сәуір), Кония – Қызылорда (2013 ж., мамыр), Трабзон – Алматы (2013 ж., маусым), Қожаелі – Қызылорда (2014 ж. қазан), Ескишехир – Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды (2014 ж. қазан), Болу – Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда (2014 ж. желтоқсан). Түркиялық гу­бер­наторлардың Қазақстан Респуб­ликасы облыстарының әкімдерімен келіссөздері өтіп, ынтымақтастық туралы хаттамаларға қол қойылды, тараптардың іскерлік орталары өкілдерінің кездесулері мен келіс­сөздері ұйымдастырылды. Түркия экономика министрі орынбасарының Қазақстанға екі мәрте үлкен бизнес делегациямен сапары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Батыс-Қазақстан облысы әкімінің орынбасары М.Кәрімов бастаған делегацияның Стамбұл және Қожаелі провинцияларына (2014 ж., ақпан), Қызылорда әкімі Қ.Көшербаев бастаған делегацияның Қожаелі провинциясына (2014 ж., маусым), Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев бастаған бизнес делегациясының Стамбұл, Измир және Денизли қалаларына іссапары (2014 ж., шілде) болып өтті.

Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақса­тында биылғы жылдың сәуір айында Түркияның экономика министрі, Қазақстан-Түркия үкіметаралық экономикалық комиссиясының тең төрағасы Нихат Зейбекчи Қазақстанға іссапармен келді. Н.Зейбекчи Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен және ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевпен кездесіп, екі жақты экономикалық бағдарламаларға қол қойылды.

Соңғы 4 жыл ішінде 20-дан астам қазақстандық және түркиялық делегация өзара ресми және жұмыс сапарларымен екі елде болып қайтты.

Жалпы алғанда Түркияның іскер топтары Қазақстанмен сауда және инвестициялық байланыстарды өзара тиімді дамытуға үлкен қызығушылық танытуда. Осы мүмкіндіктердің екі елдің де экономикалық әлеуетінің дамуына зор тиімділігі болады деген ойдамын.

Үстіміздегі жылдың 16-17 сәуірінде Түркия Республикасының президенті Реджеп Ердоғанның Қазақстанда болатын мемлекеттік сапары жоғарғы деңгейдегі саяси диалогтың жалғасы болып, тараптардың халықаралық аренада өзара белсенді әрекеттесуі және екіжақты қарым-қатынастардың әртүрлі сала бойынша динамикалық дамуы аясында жүзеге асырылмақ. Сапар шеңберінде Түркия президенті Реджеп Ердоған Астана мен Түркістан қалаларында болады.

Сапардың басты өзегі – 24 жылдық ынтымақтастықтың бүгіні мен келе­шегін саралауға, ынтымақтастыққа жаңа сындарлы серпін беруге, тиім­ді экономикалық қатынастарды жандандыруға бағытталады.

Әрине, осы мерзімде көптеген жобалар қолға алынды, саяси тұрғыдан әрқашан өзара қолдау көрсетіліп, стратегиялық әріптестікке қол жеткі­зілді. Саяси келіспеушіліктердің болмауы, өз кезегінде бізге сауда-экономикалық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға толық мүмкіндік береді. Алайда бүгінгі күні екі ел арасындағы сауда айналымы 3,6 миллиард АҚШ доллары төңірегінде болып отыр. Сондықтан да екі ел арасындағы тауар айналымын және инвестициялардың деңгейін бауырлас екі елдің әлеуетіне сәйкес көтеру қажет. Ел басшылары бұрынғы кездесулер барысында екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша тапсырмалар берген болатын.

Осы орайда өзара іс-қимылдың экономикалық құраушысын одан әрі кеңейтуге қозғау салу мақ­сатында жоғарыда атап өтілген Түркия президенті Р.Т.Ердоғанның Қазақстанға сапары барысында екі ел Президенттерінің қос төрағалығымен Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңе­сінің екінші отырысы өтеді. Отырыс шеңберінде ағымдағы мәселелер көтеріліп, жаңа мақсаттар белгіленбек.

Бұл өз кезегінде тараптардың екіжақты және көпжақты форматтағы одан арғы ынтымақтастығының негізгі бағыттары айқындалатын маңызды шара. Яғни, бұл ел басшыларының қатысуымен екіжақты қарым-қатынас­тардың өзекті мәселелері толық талқыланады және тиісті шаралар қабылданады деген сөз.

Екі ел арасындағы іс жүзіндегі қадамдар мен жұмыстар өзара қабылданған шешімдер мен Кеңес отырысының қорытындысы бойынша жасалатын мәлімдемелер аясында атқарылады. Екі ел жетекшілерінің ортақ мәлімдемеге қол қоюы мемлекеттер арасындағы серіктестіктің жүйеленуіне ықпал етпек.

Сонымен қатар, сапар барысында «Жаңа синергия» Бірлескен экономикалық бағдарламасы іс-шара жоспарына қол қойылуы жоспарлануда. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін тиісті салалар белгіленіп, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде және оңды нәтижесінің жемісін жақын келешекте көреміз деп үміт артамыз.

Түркия президенті Реджеп Та­йип Ердоғанның Қазақстанға сапары барысында Астанада құрылыс саласы мен құрылыс материалдарының өндірісі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, орман шаруашылығы, тоқыма және дайын киім өндірісі, кеме жасау, мұнай химия­сы салаларында жұмыс істейтін екі елдің 300-ден астам компаниясының қатысуымен бизнес-форум өтеді. Бұл да экономикалық саланың дамуына, екіжақты инвестицияға үлкен әсер етері сөзсіз.

«Жаңа синергия» Бағдар­лама­сының маңызды құрамдас бөлігі Қазақстанда Қазақстан-Түркия индус­триялық аймақты (ҚТИА) құру мәселесі болып табылады. Жо­ғары деңгейдегі стратегиялық ынты­мақтастық кеңесінің 1-ші отырысының қорытындылары бойынша бастау алған ҚТИА құру мәселесі Қазақстанда өткізілетін жиыннан кейін жаңа серпін алатыны болжамдануда. Аталған бағытта Астана, Алматы, Орал және Шымкент өңірлерінде атқарылған айтарлықтай жұмыстар тағы да дами түсетіні сөзсіз.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы мен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жүзеге асыру аясындағы еліміздің индустриалдық-инновациялық дамуының жоғары маңыздылығын ескере отырып, ҚТИА құру жөніндегі бірлескен жұмысты жандандыру бағытында жоғарғы деңгейдегі жаңа шешімдер қажет. Түрік инвесторларына Қазақстанда инвестициялық ортаны жетілдіру үшін заңнамалардың қабылданғаны туралы ақпаратты жеткізу, сонымен қатар, ҚР аумағында, ЕАЭО жағдайында бизнеспен айналысудың тиімділігін түсіндіру де маңызды болып табылады.

– Елші мырза, енді өзіңіз дәнекер болып отырған мемлекетпен мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастығымыздың деңгейі туралы айтып өту жөн шығар...

– Қазақстан мен Түркияның мәдениет, өнер қайраткерлерінің, әдебиетшілерінің екі елде ұйым­дастырған шараларға қатысулары, өнер ұйымдарының гастрольдері, өңірлер арасында бауырластық байланыстары ынтымақтастықтың негізгі арқауы болып отыр.

Аталған саладағы ынтымақтастық жоғары белсенділігімен ерекшеленеді.

2012 жылы әйгілі туристік аймақ – Каппадокиядағы Невшехир қаласындағы басты көшелердің бірі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев есімімен аталды.

Түркияның Невшехир провинциясында «Қазақстан» атындағы саябақ, Қыршехир қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы даңғылдың ашылуы, Ахи Эвран мен Невшехир университеттерінде «Қазақстан» атындағы аудиторияның, Ерзинджан университетінде «Абай» атындағы Мәдениет орталығының ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Кыршехир қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы Орталық мешіті Қазақстанға деген зор ілтипаттық көрсеткіш болып табылады.

Елшілік бастамасымен Түркияда қазақ халқының асыл тұлғалары үшін, атап айтқанда, Абай Құнанбаевқа, Мұхтар Әуезовке, Мағ­жан Жұма­баевқа, Абылай ханға, Қабанбай батырға және т.б. ескерткіштер орна­тылған.

2001 жылы Қазақстан тәуел­сіздігінің 10 жылдығы шеңбе­рінде домбыра ұстап тұрған қазақ қызы бейнеленген «Астана» ескерткіші Анкара қаласының Қазақстан даңғылында орнатылды.

2012 жылы елшіліктің ұйым­дастыруымен «Балалық шағым­ның аспаны», «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Көшпенділер», «Бəйтерек» атты қазақ фильмдері түрік тіліне аударылып, көрермендердің назарына ұсынылды. Күні бүгінге дейін Қазақстан туралы түрік тілінде танымдық 9 бейнефильм шығарылды.

2010-2014 жылдары ҚР Президенті Н.Назарбаевтың таңдамалы шығар­малар жинағы (5 томдық), «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі көшбасшы», «Қазақстан-Түркия: Жоғары деңгейлі ынтымақтастық», «Қазақстан-Түркия: Достық пен ынтымақтастыққа 20 жыл», «Абай шығармалары», Абайдың «Қара сөздері», М.Мақатаевтың шығармалары, «Қазақстан», «Қазақ­стан: түрік инвесторлары үшін жолсілтеме», ал 2015 жы­лы әл-Фарабидің шығармалары түрік тілінде кітап ретінде арнайы шығарылды.

Сонымен қатар, осы жылдың 16-17 сәуірінде Түркия Президенті Р.Т.Ердоғанның Қазақстанға болатын мемлекеттік сапары шеңберінде Түркістанда Түркия Дін істері басқармасының қаражатына салын­ған үлкен мешіттің, Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің жаңадан салынған ғимараттарының (университеттің медициналық факультеті мен студенттік жатақхана ғимараттары, намазхана, футбол алаңы) салтанатты түрде ашылуы жоспарлануда. Қазақстан мен Түркия Президенттерінің Түркістандағы іс-шараға қатысуы екі ел ара­сындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың одан әрі дамуына жағдай жасайтыны сөзсіз.

15 жыл бұрын Түркістандағы мешіттің іргетасы қаланған болатын. Түркия Діни істер қоғамы тарапынан салынған мешіт 2 қабатты және 600 м2 жабық алаңы бар. Сыйымдылығы 2 мың кісілік, сыртта намаз оқитын орны, төменгі қабатта мәдениет орталығы, бірінші қабатта 2 дәрісханасы орналасқан.

Білім саласында өзара ықпал­дасудың жарқын мысалы ретінде Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (ХҚТУ) атап өтуге болады. Стамбұл қаласында Абай атындағы орта мектеп табысты қызмет атқаруда.

Осы уақытқа дейін 1500-ден астам еліміздің түлектері Түркияның жоғары оқу орындарын аяқтап, елге оралса, қазір Түркия елінің 27 университетінде шамамен 600 қазақстандық студент білімдерін жалғастыруда.

Қазақстанда 28 қазақ-түрік лицейі мен С.Демирел атындағы Қа­зақ-түрік университеті табысты түрде білім беруін жалғастыруда.

Стамбұлдағы қазақ диасп­о­расының 15 баласы мен 2 мұғалімнің Қазақстандағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру санаторийінде демалысы ұйымдастырылды.

Қазақстан мен Түркияның өңір­­­лері арасында сауда-эконо­ми­калық, мәдени, білім салаларында бауырластық қатынастар да дамып келеді. Бүгінгі таңда екі елдің 15 қаласы мен облысы арасында бауырластық қатынастар орнаған. Бұлар осы салада жүргізіліп отырған іс-шаралардың бір бөлігі ғана деуімізге болады.

– Еліміздегі айтулы мерекелер Түркия елінде қалай атап өтілуде?

– «2015 жылды ұлттық тарихымызды ұлықтау, бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы деп есептеу керек», – деген Елбасымыз Н.Назарбаев 2015 жылы Қазақстан Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өтетіндігімізді мәлімдеген болатын. Айтулы мерекелер Түркия жерінде айрықша леппен, сондай-ақ Наурыз мейрамы да кең ауқымда атап өтілді. Және бұл бағытта жыл басынан бері көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Түркияның бірнеше провинциялары мен аудандарында сурет және картина көрмелері, түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер, конференциялар мен отырыстар өтті. Жалпы, жұмыс жоғары қарқында жалғасын табуда.

– Сұхбатыңызға көп рахмет!

 Сұхбаттасқан Көлбай Адырбекұлы