Қазақстанда Ленин атында 352 көше бар

Қазақстанда Ленин атында 352 көше бар

Қазақстанда Ленин атында 352 көше бар
ашық дереккөзі

Былтыр республикалық ономастикалық комиссия 4 рет бас қосып, идеялогиялық тұрғыдан ескірген 147 көшені, 32 мектеп пен мәдениет үйін, 85 теміржол станциясын қазақшалаған. Бірақ елімізде әлі күнге дейін Лениннің атында 352 көше бар екен. Сондай-ақ, жалпы солтүстік өңірде 650 елді мекен атауының тек 35 пайызы ғана қазақшаланған. Неге?

 Ал Алматы мен Астанада және өзге де өңірлерде ескірген атаулар жаңартылуда. Мысалы, Қостанайдың Таран атындағы орталық көшесі Тәуелсіздік болып өзгерсе, Солтүстік Қазақстан облысында да елді мекендердегі ескірген атаулар жаңартылды. СҚО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы Ернияз Сұлтанов өңірде елді мекен атауларын қазақшалау жоспарлы түрде жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

«Сергиевка қаласындағы бір көшеге Сәкен Сейфулиннің, ал Явленко көшесіне Боранбай Әбішевтің есімі берілді. Қостанай облысындағы Талшық ауылындағы көшеге э.ғ.д. Кеңес Қажымардың есімін бердік», – дейді СҚО Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы. Алайда бұл жүргізіліп жатқан шаралар теңізге тамған тамшыдай ғана. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ономастикалық базасында елді мекен, кітапхана, мектеп пен мәдениет үйі секілді нысандарды айтпағанда, елімізде Ленин атындағы 352 көше бар екен. Ал Қазақстанда жалпы Октябрь атында 275 көше, ал Советский атындағы 267 көше тіркелген. Бұл көшелердың атауы көбінесе Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы және Шығыс Қазақстан облыстарында жиі кездеседі.

Ресми мәлімет бойынша, Қостанай қаласы көшелерінің тек 15 пайызы, Петропавл қаласы көшелерінің 12 пайызы, Шығыс Қазақстан облысы көшелерінің 18 пайызы ғана қазақшаланған. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Елерке Төрехан атауларды қазақшалауға кедергі болған негізгі себептерге тоқталды.

«Біріншіден, елімізде 7 жыл көлемінде мораторий болды. Екіншіден, елді мекенде көшенің атауын ауыстыру үшін ең алдымен бір ай бұрын көше атауының өзгеретіндігін халыққа жариялайды. Олар белгілі бір жерге жиналады. Сол уақытта дауыс беру хаттамасы толтырылады, қол қойылады. Осы жерде көптеген азаматтар қарсылық білдіреді. Соның салдарынан көптеген көше атаулары ауыстырылмай қалады», – дейді сарапшы.

Айта кетейік, кеңестік дәуір мен оның көсемінің атымен аталған көшелер Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл, Атырау мен Маңғыстау облыстарында мүлдем жоқ екен.

Тоғжан Төлеген