Темірхан Медетбек, ақын: Қаламгердің парызы – тәуелді ойды бұғаудан босату

Темірхан Медетбек, ақын: Қаламгердің парызы – тәуелді ойды бұғаудан босату

Темірхан Медетбек, ақын: Қаламгердің парызы – тәуелді ойды бұғаудан босату
ашық дереккөзі

Оның ойы өз ортасынан оқшау, пікірі өткір. Мірдің оғындай тіліп түсетіні сондықтан. Өлеңдері өмірдің өзіндей боямасыз, әсіре сурет, үстеме үн іздеп әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ – таппайсыз. Сонысымен ерекше, оқырманы оны сол үшін де іздейді. Белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Темірхан Медетбекпен сұхбатымыз әдебиеттің аясымен шектелген жоқ. Қоғам өмірінің толғақты мәселелері, әлеуметтің түйіні тарқамаған түйткілдері сөз болды. Ақын мемлекеттік тіл мен төл өнер, дін мен діл туралы ойларын да ортаға салды.

– Темірхан аға, жетпіске аяқ басқан екенсіз. Құман Тастанбеков газетімізге берген сұхбатында «Жетпіс деген жеті-ақ қадам екен» деген еді. Жеті аттап, көздеген жерге жете алдыңыз ба? – Жетпіс түгілі, бүкіл ғұмырың есік пен төрдің арасындай деп жатады. Бір қараған адамға өмір көзді ашып-жұмғанша өте шыққандай болып көрінетіні рас. Ал өткен күнге байыппен көз тастап, қай асудан астым, қай асудан өте алмадым деп саралайтын болсаң, қиындықтар мен кедергілерді ой елегінен өткізіп, оларды қалай жеңдім, ізденістерім нәтижелі болды ма деген сұрақтарға жауап іздесең, ұзақ жолды артқа тастағаныңды түсінесің. Мемуар жазуға дайындық үстіндемін. Ол өмірімнің өзіндей шынайы шығуы үшін жүріп өткен жолыммен кері шегініс жасап, бәрін қайтадан бастан өткеретінім анық. Өте күрделі, қиын әрі қызық, кейде мәнді, кейде мәнсіз ғұмыр. Әр түрлі кезеңдерді, түрлі ортаны, сан алуан адамдарды көрдік. Жоқшылықта да, тоқшылықта да сыналдық. Бір білетінім – басқа қандай іс түссе де, алдымнан қандай кедергі бетпе-бет келсе де жазудан қол үзген емеспін. Қуанышта да, қайғыда да, сүйініште де, күйініште де қаламым адал серігім болды. Қазір қалам кідіріңкіреп тұр. Жинақ­талатын жасқа келдік қой. Жетпіс дегенің оңай шаруа емес. Соңғы бір жылда шығармашылыққа ден қойған жоқпын. Осы уақытқа дейін жазылған дүниелерді жинақтауым керек болды. Жазған-сызға­нымды қайта қарап, түзейтін жерлерін түзеп, күзейтін жерлерін күзеуге уақыт қажет. Бір кездері жастық желікпен жазылған дүниелер бар. Сол сәтте жап-жақсы туынды болып көрінгенімен, қазіргі сұрыптауымда күңгірт, көмескі тартып тұруы мүмкін. Қоржынымды сондай дүниелерден тазарттым, қосатынын қосып, алатынын алып тас­тадым. Кезең-кезеңге, тарау-тарауға бөліп, жүйелеп қойдым. Қайта қарайтын кейбір детальдары бар. Солар реттелсе, 7 томдығым жарық көретін күн алыс емес. 70 жастың қорытынды есебі сол болмақ. Өзгеге емес, ең бірінші, өзіме есеп беруге тиіспін. Не істедім, не бітірдім? Сондықтан уақытымның басым бөлігін барды саралауға арнадым. Әрине, қалам ұшына келіп тұрғанды іркіген жоқпын. Өлең болсын, мақала болсын, қағазға түсіріп отырдым. Бірақ соңғы 1-2 жыл көлемінде тұғырлы туындылар жаздым дей алмаймын. – «Жанымның жас құрағы» 1970 жылы жарық көріпті. Алғашқы жинағыңызды кейінгі жылдары жарық көрген «Тағдырлы жылдар жырларымен» немесе «Көк түріктің сарынымен» салыстыруға келмес. Десе де, 7-томдыққа ондағы өлеңдер де енетін шығар?.. – Дұрыс айтасыз, ол кездегі өлеңді бұл кезеңдегімен салыстыра алмаймын. Өйткені ол балаң кез, аңғал шақ. Әлі ілім-білім жинап үлгермегенмін, тәжірибе де жоқ. Оның бәрі бір арнаға кеп құйылмаса, жақсы дүние тумайды. Шығармашылық адамын уақыт шыңдайды, ізденіс өсіреді. 70-жылдары жазған өлеңдерімді қарасам, еліктеу басым екенін байқаймын. Өз үнімді, дауысымды іздеп шарқ ұрған әурешілікті көрем. О бастан ешкімге ұқсамайтын, бөлек соқпақ іздедім. Бірақ «Жанымның жас құрағындағы» өлеңдерді міндетті түрде 7 томдыққа енгіземін. Бұлар – алып ұшқан сезімге толы, асау, таза өлеңдер. Артықшылығы сонда. Кем-кетігі көп болса да, бұл өлеңдерімді әлі күнге дейін жақсы көремін. Сол албырт шақтың шежірешісі іспетті. Жастығымды еске түсіреді, балғын дәуреннің әдемі естеліктері көз алдыңнан жүгіріп өткендей болады. – Жүректей жалаңаш көк төсте шыңдалып, шындықпен беттескен, тұр мына өмірге бір өлең бір өлең жетпестен, – деп жазғаныңыз есте. Жазылды ма сол өлең? – Талай өлең жазылды, бірақ әлі де бір өлең жетпей тұрады. Өмірі жетпейтін де шығар. Сол жетіспеушілік қой қолымызға қалам ұстататын. Әйтпесе өлең жазбай кететін бе едік, кім білсін? – Өлең туралы сөз болғанда сіздің «Өлең жазылмаған сәтте» атты өлеңіңіз ойға оралады. «Сөз қауқары болмай, қаламыңыз құрғап қалатын» сәттер жиі болып тұра ма? – Ондай сәттер менің ғана емес, кез келген ақынның басынан өтеді. Ақындық – Алла тағаланың адамның бойына дарытқан ерекше қасиеті, сыйы. Бірақ кейбір ақындар сол қасиеттің қадірін төмен түсіріп жүр. «Менің құлағымның түбінен Алла сыбырлап тұрады, мен тек қалам алып, қағазға түсіріп отырамын» дейтіндер бар. Жұрттан дараланғысы келген адамның сөзі. Алланың шапағаты кейбіреуге ерекше түсетіні рас. Бірақ әлгіндей сөздер құлаққа қонымсыз. Басқа жұрт қалай қабылдайтынын білмеймін, бірақ мұндай дарақылыққа менің жаным қас. Жаратқан берген қабілетті шыңдап, жан-жақты игеріп, қоғам игілігіне жұмсау – біздің міндетіміз. Шабыт келсе, шығарма біткен қалам ұшына келіп құйыла береді деген түсінік қалыптасқан. Бұл – қате көзқарас. Асылында, шығармашылық – азапқа толы іс. Оның қарқыны қандай қатты болса, қарсылығы да сондай күшті. Кедергілермен күресу үшін, оны жеңіп шығу үшін талмай еңбектенуің, ізденуің керек. Ал «Жазу үстеліне отырсам, маржан сөз қағазға еркімнен тыс тізіле береді» дейтін қаламгерлердікі күпіршілік дер едім. – Герольд Бельгер «Плетенье чепухи» атты еңбегінде «Көк түріктер сарыны» туралы: «Жаль что они не переведены адекватно на русский язык», – деген екен. Өлеңдеріңізді өзге тілде сөйлеткіңіз келмей ме? – Мен өлеңдерімді аудартуға аса қызыққан емеспін. «Темірханды Евтушенко, Вознесенский сияқты ақындар аударуы керек еді» дейтін Герағаң. Махамбетке де теңеп отырушы еді. Ол кісінің зор ықыласы мені шабыттандырып, қанат бітіретін. Бірақ шығармаларымды өзге тілде сөйлетуге ден қойған жоқпын. Неге дейсің ғой? Мәселен, Абайды орыстың қаншама ақыны аударды. Алайда соның біреуі де қазақ ақынын өз биігіне шығара алған жоқ. Махамбеттің жырларын да аудармашылар жетер жеріне жеткізе алмады. Орыс әдебиетшілері Пушкин мен Лермонтовтың да шетел тілінде дұрыс сөйлемегенін алға тартады. Меніңше, нағыз ұлттық ақындарды аудару өте қиын. Тек бір оңтайы келіп, өзімен үндес, табиғаттас, ой-өрісі шамалас ақынның қолына түссе ғана сәтті аударылуы мүмкін. Поэзия тілі прозадан да қиын, сондықтан кез келген аудармашының тісі өте бермейді. – Бір кездері қазақ әдебиеті өзге тілдерге зор қарқынмен аударылған еді. Қазір көркем аударма тұралап қалған сияқты. Әлде біз естімей жүрміз бе? – Аударылып жатыр, бірақ сәттісінен сәтсізі көп. Аудармашылардың ниеттері түзу-ақ, шама-шарқынша жеткізгісі келеді. Алайда тілдің табиғатына терең бойламаған соң өндіріп аудару қиын. Мысалы, Абай орыстың тілін терең зерттеп барып, Пушкин мен Лермонтовты аударды. Міне, мен сол аудармаларды нағыз классикалық үлгі дер едім. Өйткені олар – деңгейлес, үндес ақындар. Басқа емес, Абай сөйлеткендіктен оларды қазақтың қара өлеңінен айыра алмай қаласыз. Сол сияқты қазақ ақындарын аударатын адам ең алдымен қазақтың тілін өте жоғары деңгейде меңгеруі шарт. Көп аудармашылар жолма-жол аударма жасайды. Мағынаға байыппен үңілмеген соң, метафораңыз бен теңеулеріңіз, өзге де көркемдік компоненттеріңіз өлі балыққа ұқсап қалады. Форманы сақтаған болады, бірақ сәтсіз, рух жоқ. Қай шығарманы аударса да, рухын жоғалтпауға, қазығынан ажыратпауға тырысу керек. Шығарма тілін өз тілімен тең дәрежеде білген адам ғана көркемдік компоненттеріңізді түрлендіріп, жайнатып жібере алады. – Қазір қазақты жан жаққа бұра тартатындар көп. Сіз айтпақшы, «Біреуі шығысқа, біреуі батысқа, біреуі теріскей, біреуі түстікке». Қазақ қайтсе бірігеді? Сіздіңше халықты жұдырықтай жұмылдыратын ұлттық һәм мемлекеттік идея не болуы керек? – Өкінішке қарай, бізде ұлттық, мемлекеттік идея жоқ. Кеңес Одағын аңсаушылардың қатарынан емеспін, бірақ кеңестік идеологияның темірқазығы мықты болды. Бойларына терең сіңіргені сондай, әлі күнге дейін айыға алмай жүрген адамдар бар. Ал біз ұлтты біріктіретін, өзге халықты қазақтың төңірегіне топтастыратын идеяны орната алмадық. Соның кесірінен «Аққу, шортан һәм шаянның» ісіне басып жүрміз. Бір ұлт екі жаққа қарап сөйлейді. Бірі батысқа, бірі шығысқа бұра тартады. Түбінде қақ жарылып, бөлініп кете ме деп қорқамын. Бір шүкіршілік ететінім, орыстілді қазақтар өз тамырына үңіле бастады. Бірақ бәрі емес. Сендер біле бермеулерің мүмкін. Кезінде оппозицияда жүріп, кейін бизнеске кеткен бір топ жігіт қазақ тіліне қарсы шыққан. Қазір олар бастапқы райынан қайтты. Енді өзінің тілін меңгеруге, тарихы мен дәстүрін тануға мықтап ден қойса құп. Ол үшін тамыры терең, діңі берік ұлттық идея өсіп-жетілуі керек. Қазақты ортақ іске ұйыстырудың, Қазақстанда тұратын өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін бір мүддеге жұмылдырудың жөні осы, жобасы мынау деп бірнеше концепция ұсынылды. Алайда барлығы айтылған жерде қалып қояды, іске асырылуы көңіл көншітпейді. – Халық ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра алмай дал болғанда зия­лы қауымға, қалам ұстағандардың сөзіне жүгінетін еді. Қазір ақын-жазушылар еліміздегі қоғамдық маңызы бар оқиғаларға үн қосып, қарашаға бас болудан, жол көрсетуден қалып бара жатқандай. Әлде құлақтың тыныштығы бірінші орынға шығып кетті ме? – Сөзіңнің жаны бар. Құлдық психологиядан арыла алмай жүргендер көп. Бірдеңе айтпақ түгілі, өз көлеңкесінен өздері қорқады. Бір кездері намысымыз тапталып, жігеріміз жаншылғаны рас. Бірақ ол заман келмеске кетті ғой. Ойымыз – азат, қимылымыз – еркін. Десе де, ойындағысын ортаға салудан қорықпайтын адамдар саусақпен санарлық. Халықтың мұңы мен мұқтажын айтуға тиіс адамдар көптің мүддесінен гөрі жанның жайлылығын ойлап кеткені өкінішті. Қараша мен қаламгерлердің ғана емес, билікте отырғандардың да санасы тәуелсіз дей алмаймын. Кейде Кеңес Одағы қайта құрылып жатқандай көрінеді. Үлкен зұлмат алып келген, қолдан ашаршылық жасаған, қазақтың кіл мықтыларын опат қылған заманды аңсап жүргендер бар. Бұл өте қорқынышты. Ол кезде коммунистік партияны сынамақ түгілі, бір ауыз теріс сөз айтуға болмайтын. Мен кейде ойымды ашық айтамын. Қазаққа, мемлекетке қарсылықтан емес. Керісінше ұлтымның, елімнің гүлденгенін, дамыған мемлекеттермен терезесі теңескенін қалағандықтан. Татулыққа, тұрақтылыққа кім қарсы шықсын? Бірақ кемшіліктер айтылуы керек. «Керемет» көрсеткіштер ұлт дамуына айқындауыш бола алмайды. Кейде жоспарды асыра орындап, нәтижені көпсітіп көрсетуге жанталасқан жұртты көресің де, социалистік жарыс кезеңіне тап болғандай сезінесің. Қазақ мемлекет құраушы негізгі ұлт ретінде өз биігіне шыға алмай отыр. Мұны мойындауға тиіспіз. Ақиқатты айтқаным үшін мені оппозицияның қатарына апарып қосып қоюдың қажеті жоқ. Ешбір партияға мүше болған емеспін, болмаймын да. Қисық сөйлейді деп шеттеткісі келетіндер бар. Меніңше, ақын-жазушының бәрі өз қоғамына оппозиция. Солай болған, бола да береді. Мысалы, Абайды, Махамбетті немесе Мағжанды алып қарайықшы. Олар өзі өмір сүрген ортаға риза болған емес. Өз қоғамының мінін көрді, кемшілігін айтты. Бірақ олардың ешбірі жеңіске жеткен жоқ. Күресті, алысты, әйтсе де, жеңісті болмаса билікті көксеген емес. Мүлгіген саналарды оятуды, тәуелді ойды бұғаудан босатуды ойлады. Өз заманында мойындалмай кетсе де, буын алмасып, ойы азат ұрпақ келген соң олардың шындықты айтқанына көзіміз жетті. Ұрпағы ұлт перзенттерінің адал есімдерін өздеріне қайтарды. Жаһандану толқынына ілеспеген мемлекет кемде-кем. Экономикалық, саяси Кедендік Одаққа, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болдық. ЕЭО-ның артықшылығын сұрасаң, шикізатты тасымалдауға кететін қаржы азайып, тауарлардың құны төмендейді, бәсекелестіктің артуы тауарлар мен қызметтердің сапасын арттырады, тұтынушысы көп нарық құрылады деп мамандар жіпке тізгендей санамалап береді. Бірақ кемшілігін айтуға келгенде жұмған ауыздарын ашпайды. Одаққа мүше елдердің ортақ парламенті құрылып, ортақ тіл енгізілмек екен. Қазақ тілін немесе беларусь пен армян тілін ортақ тіл деп бекітеді ғой дейсің бе? Әрине, халықаралық деңгейде беделі зор деп орыс тілін енгізеді. Сөйтіп қазақ қоғамындағы орыс тілінің үстемдігі бұрынғыдан да арта түсетіні анық. Тіл сынға түскен жерде діл де сарапқа салынады. Өйткені екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Экономикамызбен бірге руханиятымыз да ортақ қазанға түссе, тамырымыздан ажырап кетеміз бе деп қауіптенем. – Герольд Бельгер баспасөзге берген бір сұхбатында: «Әдебиет – адал бәйбіше, саясат – ойнауға жақсы тоқал болып шықты. Тоқалмен ойнаймын деп, бәйбішеңе ештеңең қалмай қалады» деген екен. Сонда саясат пен шығармашылықты қатар алып жүрмін дейтін замандастарыңыз өздерін алдап жүр ме? – Саясатпен бел шешіп айналысып жүрген қаламгерлер некен-саяқ. Өз ойын айтып, саяси оқиғаларға үн қосып жүрген әдебиет өкілдерін білем. Қоғамдық жағдайға экономикалық, құқықтық тұрғыдан кәсіби баға бере алады, бірақ олар саясаткер емес. Менің де саясатқа қатысым жоқ. Қазақстанның қарапайым азаматымын. Артықшылығымыз сөздің жүйесін білетініміз ғана. Сондықтан еліміздегі барлық саланы жайлаған жемқорлықты, әділетсіздіктерді көре тұра, көз жұмып қала алмаймыз. Мүлгіген күйі көштің соңынан ілесе беретін топты ояту үшін қаламгерлердің сөзінде күрескерлік рух болуы заңды. Тіл ғана емес, дін де саяси күрес құралына айналған сияқты. Теледидарды қосып қалсаң «жаһид болды, экстремистік топқа қосылды, өзін-өзі жарып жіберді» деген ақпараттардан құлақ тұнады. Діни экстремизм жекелеген мемлекеттерге ғана емес, күллі әлемге қауіп төндіріп тұрған жоқ па? Оның бір ұшқыны біздің елді де шарпып, алапат өртке айналмасына кім кепіл? Сақтансаң, сақтайды. Сондықтан халыққа шын жанашыр, көпке сөзін өткізе алатындарға мінбе берілуі керек. Өз басым шаршы топта сөз бастауға құмар адам емеспін, саясатты да жақтыра бермеймін. Қысқа күнде қырық құбылады. Саясатқа әділдік, шындық енгізу керек. Игілік атаулыны елегісі келмей, қара бұлтты төндіре беретіндер бар. Келесі бір топ, керісінше, кемшілікке көз жұмып қарайтындар. Екі топты да құптамаймын. Ұлттың кең өріске түсіп, биік белеске көтерілуін тілегендіктен, барды бар, жоқты жоқ деу керек. – Дін туралы сөзіңізді ілгерілете түскім келіп отыр. Соңғы кезде дін мен ұлттық салт-дәстүр арасынан қайшылық іздейтіндер көбейіп барады. Бұқараны адастырғысы келетіндер тағы қай тұсымыздан мін іздеуі мүмкін? – Дін де, дәстүр де дұрыс ұстанған адамға күрделі нәрсе емес. Ушықтыратын өзіміз. Мәселен, «Көк түріктер сарынын» жазғанымда «Темірхан мұсылмандықтан бас тартыпты» деген сөз шықты. Өлеңім өзім жырлаған кезеңге сай болу үшін Тәңірі деп сөйлемегенде не деймін? Сол заман табынған сенімді көрсетуім керек. 7-8 ғасырда қайдағы мұсылмандық? «Баяғы замандағыдай күнге табынайық, оттан медет тілейік» дейтіндерді білем. «Бүкшеңдеп, он отырып, он тұрып намаз оқығанның қажеті не?» деген сарындағы сөздерді де естідім. Мұсылман діні – ең адал, ең әділ, рухты дін. Оның қас жаулары басқа емес, осы діннің өз өкілдерінен шығып жатқаны өкінішті. – Әдебиетке қайта ойыссақ. Бір кездері «Алтынкөпірліктер» деген мақала жазып, өкшеңізді басып келе жатқан жас буынның шығармашылығына жоғары баға бергеніңізді білеміз. Одан кейін қаншама жыл өтті, әдебиетте бірнеше толқын өсіп-жетілді. Оларға кім сыншы, кім ақылшы? – Мақтанғаным емес, бірақ өзімнің үзеңгілестерім немесе соңымыздан ерген ізбасарлардың шығармашылығына дәл мен сияқты ден қойған ешкім жоқ. Басылым беттеріне талай рет мақала жаздым, жастардың жазғанын қал-қадерімше бағалауға тырыстым. Ондағы ойым – олардың шабытына шабыт қосу, жақсы дүниелер жазуға ынталандыру еді. Әсіресе өзімнен кейінгі буынға бір кісідей қызмет еттім. Оны өздері де мойындайды. Бірақ кеше ғана томағасы сыпырылған жас қаламгерлерге көңіл бөле алмай жүрмін. Олардың жаманын жасырып, жақсысын асыратын бір адам керек-ақ. Бір өкініштісі, бір кездері жарқ еткен талантты жастар кейін жоқ болып кетті. Көпшілігі Алла берген қарым-қабілетті толық пайдалана алмай жүр. Жалқаулық па, жауапсыздық па білмеймін. Бос сөзбен, бірін-бірі қолпаштаумен уақыттарын өлтіріп жүргендер көп. Сөз екінің біріне қона бермейді. Қонды екен, оның қадір-қасиетін төмендетпеу керек. Тер төккенде, жаныңды аямай еңбектенгенде ғана сөз өзіңнің ғана емес, көптің де игілігіне айналады. Мен талантты адамдарды алыстан танимын. Поэзияда да, прозада да осы уақытқа дейін том-том кітап жазып қоятын дарындар бар. Бірақ талантын рәсуа етіп жүр. Оңды-солды шашқан соң, сөздің не қадірі қалады? Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжі­меденов пен Төлеген Айбергенов сынды қазақты біртуар ұлдарының көзін көрдім. Бірімен қоян-қолтық араласып, біріне жақын іні болдым. Олардың қалай еңбек еткеніне куәмін. «Ойбай, ол ішкіш болған» деп соғатындар бар. Ішсе ішкен шығар, бірақ бейнетті еңбектен қол үзген жоқ. – Сіз әдебиеттің табалдырығын жаңа аттағанда алдыңыздан Әбу Сәрсенбаев шығыпты. Сізге жол көрсетіп, бағыт берген екен. Басқа жазушылар да бір-бір жасты өз қамқорлығына алған деседі. Аға буын бастаған сол үрдіс үзіліп қалған жоқ па? – Әкенің балаға, ағаның ініге қамқорлығы сияқты менің көп үзеңгілестерімді нар ағалар қанатының астына алып, томағасы сыпырылғанша бас-көз болғаны рас. Мені Әбу Сәрсенбаев жетеледі. Өлеңдеріме оң бағасын беріп, Қадыр Мырза Әлімен, Жұмекен Нәжімеденовпен таныстырған сол кісі. Әбіш Кекілбаев пен Шерхан Мұртазаның алдына апарған да – Әбу ағам. Өлеңдерімді басып шығаруға, оқуға түсуіме көмектесті. Жалғыз мені емес, Сайын Мұратбеков, Қанипа Бұғыбаева, Дүйсенбек Қанатбаев сынды қаламгерлерді жетеледі. Біз олардың алдындағы қарызымызды қаншалықты өтей алғанымызды білмеймін. Кезінде «Алтынкөпірліктер» атты циклдық мақалалар жазғаным болмаса, мына баланың жолын аштым, мына жасқа қамқор болдым деп ешкімнің атын атап, түсін түстеп бере алмаймын. Алдыма келгенге ақ батамды беремін. Жастардың қанатқақты кітаптарына алғы сөз жазып, пікір білдіремін. Қолымнан басқа не келеді? Бірақ қазіргі жастар қамқор­лыққа зәру де емес сияқты. Ақшалары болса, кітаптарын шығарады, жарнамасын да дөңгелете береді. – Ақындығыңыз бен аудармашы­лығыңыз бір төбе болса, журна­листи­кадағы қолтаңбаңыз да бір төбе. Қазіргі журналистиканың құндылықтары өзгерді, ұстанатын прициптерін де бұрынғымен салыстыруға келмес. Десе де, жас әріптестеріңіздің аяқ алысын бақылап отыратын боларсыз... – Қазіргі журналистикаға қызыға да қызғана қараймын. Айтқысы келгенді бүкпей айтады, жазғысы келгенді ашық жазады. Бір ғана жетіспейтіні – сараптама, анализ. Терең талдау мен салмақты сараптама жасалған материалдар ілуде біреу. Жеделділік дегенді желеу етіп, шолақ қайыруға, үстірт жазуға бейімделіп барады. Оқып отырсаң, бір қайнауы ішінде кеткендей көрінеді. Бір сүбелі сөзді мақаланың түйініне қалдырған болар деп соңына дейін оқимын. Іздегенімді ақыры таппаймын. Кімнің көркем әдебиетпен сусындағаны, кімді интернет тәрбиелегені алғашқы сөйлемінен-ақ аңғарылады. Біздің кезімізде газет-журнал аз еді. Қазір құдайға шүкір мемлекеттік басылымдар да, жекеменшік басылымдар да жетерлік. Сан көп болса, сапа жоғалады деп секем алатын әдетіміз бар ғой. Бірақ баспасөз құралдарының көптігі ақпарат айдынындағы бәсекені күшейтеді. Бәсеке болған жерде жұмысқа ықылас оянады. Ықылас пен ынта артса, өсім болмауы мүмкін емес. Сондықтан ақпарат құралдарының көп болғанын құптаймын. Әркім өзіне керегін таңдап алады. – Телеарналардың әлеуеті туралы не айтасыз? Ұлттық экран ұлттың айнасына айнала алды ма? – Көрерменнің бәрін бір уақытта көк жәшікке телміртіп қоятын сапалы хабарлар бар. Жасалып жатқан дүниені, телевизия мамандарының еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ мені шошытатыны – экранда таңертеңнен қара кешке дейін концерт. Ішінде көбіне түкке тұрмайтын әндер, бақырауық әншілер. Көрерменді тартпайды, керісінше, экраннан бездіреді. Бірақ талғамға талас жоқ. Кейбіреулер сондай мәнсіз, мағынасыз дүниелерді аузын ашып, көзін жұмып отырып көреді. Ертеректе ұлттық экрандардан қазақтың халық әндері мен күйлері берілетін. Телевизияда төл өнердің насихаты мықты еді. Ал қазір ұлттық мұраның мұрагерлерін ешкім менсінбейді. Кешегі Ақан мен Біржандардың ізін жалғаушылар қазір тасада қалып қойды. «Ешкім көрмейді, рейтингіміз түсіп кетеді» деп басшылар оларды теледидарға жолатқысы жоқ. Көрмейді емес, көрсете алмай отырған өздері. Жаңалыққа ешкім құлай жығылмасы анық. Бірден үйретпесек те, көрерменнің санасына сыналап енгізуіміз қажет. Ұсынған дүниені тартымды етудің, аудитория назарын аударудың өз әдіс-тәсілдері бар. Солардың бәрін жұмылдырса, ұлттық ән мен күйді көк жәшіктің көркі етуге әбден болады. Тойға да, концерттер мен салтанатты жиындарға да эстрада әншілерін шақырады. Олар қырғыздың әнін айтып жатыр ма, испанның әнін шырқап жүр ме – бәрібір. Сөзі қазақша болса болды. Сондай дүниелерді көріп, қарның ашады. Эстраданың ғұмыры аз. Ал халық әндері мәңгілік. – Көрермен талғамынан оқырман талғамына ойыссақ. Кітабы оқылмаған ақын-жазушылар «оқырманның талғамы төмен» дегенді жиі алға тартады. Оқырманның талғамсыздығына басқа емес, қаламгерлердің өздері кінәлі емес пе? – Дұрыс айтасың. Біз кінәнің бәрін оқырмандарға ысырып қоямыз. Оқырманның талғамы төмен болса, оған өзіміз кінәліміз. Баспалар жақсы мен жаманды екшеуді, басылатын кітапты мән-мағынасына қарай сұрыптауды қойды. Ақша берсе, сапасы сын көтермейтін дүниені де шығаруға дайын. Зейнетке шығып, қолы қалт еткеннің бәрі кітап жаза беретін болды. Үйде отырып, іші пысқан қыз-келіншектер де жазғыш. Ес білгелі қалам ұстап келе жатқан менің үш томдығым ғана жарық көрді. Жазу үстеліне кеше ғана отырып, бес том жазып тастағандар бар. Шеттерінен өлеңшіл. Олардың жазғаны кітап дүкенінде Мұқағалимен, Төлеген, Жұмекендермен қатар тұрса да таңғалмайтын болдық. Осыдан кейін талғам төмендемей қайтеді? Қадырды, Төлегенді, Жұматайды, Кеңші­лікті, Жарасқанды оқып өскен адамның талғамы төмендемеуі мүмкін. Ал кейінгі жас­тар ше? Өлеңнің аудиториясына жаңадан қосылған жас толқын бар. Олар сөздің салмағын қайтіп өлшейді? Талғамның бұзылуы – әдебиетке төнген ең қатерлі қауіп. – Сапалы-сапасыз кітаптардың қалың нөпірінен керегін адаспай табу үшін жастарға кімді, нені оқуды кеңес етесіз? – Мен дүниежүзілік әдебиеттен керемет эрудитпін деп айта алмаймын. Кітаптың бәрін төңкеріп тастадым деуден аулақпын. Бірақ әлемдік поэзияны тісім батқанша мүжідім. Бұл тақырыпта кез келген адаммен сөйлесе аламын. Кейбірін бірден түсіндім, енді біріне тісім әрең өтті. Мәселен, Элиот деген екі ақын бар, бірі – ағылшын, бірі – америкалық. Екеуінің шығармашылығы да – тұнып тұрған абстракция. Мен – нақты адаммын, әлеуметшіл ақынмын, сондықтан олардың жазғанын қабылдай алмадым. Мағынасы тұманды, құрылысы шым-шытырық. Санаңды санға, ойыңды онға бөледі. Венгрдің Петефи, Бельгияның француз тілінде жазатын Верхарн деген ақындары бар. Міне, солардың поэзиясын құмарта оқыдым. Бояуы да, мән-мағынасы да қанық. Рухты, қуатты жырлар. Сондай-ақ, Назым Хикмет, Дюла Ийеш сынды шайырларды ерекше атар едім. Мен бұл ақындарды оқи отырып, көп нәрсені үйрендім. Үйрендім деген сөз – көшірдім деген сөз емес. Тілі, ділі басқа болғандықтан, олардың поэзиясында қазақтың танымына келмейтін тұстар көп. Дүниежүзі поэзиясының тереңіне сүңгісем де, өзекке жалғасып жатқан күретамырымнан ажыраған жоқпын. Ұсақ тамырлар арқылы дүниежүзі әдебиетінің жауһарларымен сусындап, күретамырды байытуға, қорегін молайтуға тырыстым. Мысалы, Абайды алып қарайықшы. Ол ілім-білім жинау үшін батыстың да, шығыстың да әдебиетін жастанып оқыды. Бірақ жазғаны ешкімге ұқсамайды, соқпағы соны, салған ізі бөлек. Соның арқасында кең өріс тапты. Өз үнін, өз жолын таппаған қаламгер көрнекті із қалдыра алмайды. Кімді көшірсе, кімнің соңынан жүрсе, соның көлеңкесі болып қала бермек. – Қарап отырсақ, әдебиеттегі қарымды қаламгерлер, өміршең шығармалар саяси дүрбелеңдер тұсында туған екен. Бұған Ахмет пен Міржақып, Мағжан ақындардың шығармашылығы дәлел. Сыртқа көз тастасақ, Гете, Шекспир, Байронды да толқулар мен төңкерістер шыңдаған. Олардың бәрі де әдебиетке өлмес туындылар берді. Тұғырлы роман, ғұмырлы өлең тууы үшін біздің қоғамға да дүмпу керек пе? – Қазірдің өзінде әлемді дүмпу жайлап келеді. Дүниежүзілік геосаясаттың қазаны сақырлап қайнап, қақпағын лақтырып жіберудің сәл-ақ алдында тұр. Кез келген уақытта, әлемнің кез келген бұрышында дүрбелең басталып кетуі мүмкін. Ештеңені болжау мүмкін емес. Кешегі Немцовтың өлімі де – саяси дүмпудің белгісі. Саясат серкесін жоқтап, аза тұтқан он мыңдаған адам көтеріліп кетуі де мүмкін еді ғой. Жан-жақтан қысым көбейді. Әлемдік оқиғалардан оқшау қалған, жаһандық жайсыздық шарпымаған мемлекет кемде-кем. Әркімнің өз бас қайғысы бар. Бірі қару жиып жанталасса, бірі қоржынын алтынға, бірі қоймасын астыққа толтырып әлек. Қорықпай, бейжай отырған мемлекет жоқ. Ядролық державалардың бір-біріне көз алартуы да жақсылықтың нышаны емес. Оқтұмсықтарын үсті-үстіне көбейткен сайын айналасындағы өзге мемлекеттердің үрейі ұшып, берекесі қаша бастады. Бұл кезең жазылмай жатқан жоқ, жазылып жатыр. Тәуелсіздік алғалы бері қаншама туындылар дүниеге келді. Өткен ғасырдың 60 жылдарындағыдай алтын дәуір орнай қоймас. Бірақ қаламгерлердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды, дәуір тынысын әрқайсысы қал-қадерінше хатқа түсіріп жүр. Бұл еңбектердің бағасын уақыт береді. Кейде балаларым «Фэйсбуктан» әдебиеттің соңғы жаңалықтарын оқып береді. Тыңдап отырсаң, алтын ғасыр емес, бриллиант ғасыр орнағандай әсер қалдырады. Бірін-бірі мақтап, бірінің астына бірі көпшік қойып жатқан жұрт. Жазатын да – өздері, бағалайтын да – өздері. Оқырман оқыды ма, оқыса берер бағасы қандай, оқымаса, неге қызықпады – бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Қазіргі жастардың мүмкіндігі мол. Цензура жоқ, ештеңеге тыйым салынбаған. Жазғың келгенді жаз, айтқың келгенді айт. Керемет туындылар жазатын кезең – нақ осы шақ деп ойлаймын. – Жазу қаншалықты қиын болса, жазғаныңды жарқыратып көрсету, насихаттаудың да машақаты аз емес. Бұл тұрғыдан ғаламтордың тілін тапқан­дардың жолы болып тұр. Сіздің шығармаларыңыздың интернеттегі насихаты қалай? – Мен техникамен аса дос емеспін. Компьютердің тілін білмеймін, үйренуге талпынған да емеспін. Жазған-сызғанымды балаларым мен жұбайым компьютерге түсіріп береді. Арнайы сайт ашып, болмаса әлеуметтік желілерге тіркеліп, шығармаларын насихаттап жүрген замандастарым бар, нәтижесі жаман емес деседі. Бірақ мен өзімді-өзім насихаттағым келмейді. – 2003 жылғы Елбасы Жолдауында Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу туралы тезис болғанын біреу білсе, біреу білмес. Алайда қазір халқымыздың саны 17 миллионнан сәл ғана асады. Статистикалық агенттіктің мәліметіне сүйенсек, әрбір 4 жылда қазақстандықтар 1 миллион адамға ғана артқан екен. Қазақ қайтсе көбейеді? – Жаһандық экономикалық қиындықтар біздің елді де айналып өтпесі анық. Сондықтан мемлекет қаржыны барынша үнемдеп, тиімді жұмсаудың жолдарын қарастырып жатыр. Бір саладағы жетіспеушілікті жеңу үшін басқа салаға бөлінген қаражатты қысқартуға тура келеді. Осындай жайсыз кезеңде сырттан келетін бауырларға жеткілікті көңіл бөліне қоюы екіталай. Қайсыбір жылдары атамекеніне оралғысы келетін қандастарды орналастыруға миллион­даған қаржы бөлінді. Бірақ ол қаражаттың басым бөлігі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Шетел асқаны бар, желге ұшқаны бар. Көштің орта жолда қалып қойғаны сондықтан. Тосқауылды қолдан жасадық. Егер көш байыпты жалғасын тапқанда осы уақытқа дейін атажұртқа орал­ған қазақтардың саны 1 миллион емес, 2-3 миллионнан асып жығылар еді. Дағдарысқа қарамастан қандастарды елге қайтару мәселесін күн тәртібінен ысырмау керек. Өйткені адам ресурсы – мемлекеттің ең негізгі байлығы. 17 миллион адам ұлан-ғайыр қазақ даласын игеруге тым аз. Израильде күні-түні соғыс, бірақ мемлекет жан-жақтағы еврейлерді бауырына тартуды тоқтатқан емес. Жуырда Франциядағы еврейлерді отанына шақырды. Израиль үкіметі оларды шақырғанда да жай шақырмайды. Үйін салып, қонысын қомдап барып шақырады. Кел де орналас дейді. Ал біз оралмандарды квотаға тәуелді етіп қойдық. Мемлекеттің беретіні үй салмақ түгілі, қора салуға жетпейді. Азаматтық алулары да мұң. Үкімет заңға өзгертулер енгізіп, оралмандардың тұрақты тіркеу мен азаматтық алуын жеңілдету бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр екен. Бірақ Отанына оралғысы келіп сан рет әрекет жасап, шекарадан әрі аса алмаған бауырларымыздың беті қайтып қалды. Енді қайта беттей қояр ма екен? Оралмандарды қоныстандыратын аймақ­тарды да әу баста нақты белгілеу керек еді. Биыл бұл салада көптеген реформа жасалды. Нәтижесін қанша күтетініміз белгісіз. Егер шетелмен байыпты байланыс орнатып, этникалық қазақтарды көшіру мәселесін ертерек жүйелесек, халқымыздың саны 20 миллионға жеткен болар ма еді? Қолымызды мезгілінен кеш сермедік. Осыдан 10-15 жыл бұрын қолға алынуға тиіс шаруаларға енді ғана ден қойдық. Мұндай екпінмен халқымыздың саны 2020 жылы да белгіленген межеге жете қоймас. Өкінішке қарай, қоғамның оралмандарға көзқарасы әлі күнге дейін оңалған жоқ. Оларды бауырым деп қабылдамайды, өгей ұлдай жат көреді. Сырттан келе жатқан оппозиция деп күдікпен қарайды. Олар да өз қаның, өз сүйектесің, өз еттесің емес пе? Шет қақпайлаудың орнына қанатыңның астына неге алмайсың? Жеріміз кең, пәлен Франция, түген Англия сыйып кетеді деп мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ өз бауырымызға ұлтарақтай жер бөліп беруге сараңбыз. Ішкі өсім де көңіл көншітпейді. Жастар жалғыз жүр. Еркіндікке еті үйренгендіктен емес, жағдайы келмегендіктен. Көпшілігі жұмыссыз. Жұмысы бардың баспанасы жоқ. Кем-кетігімді түгендеймін, тұрмысымды түзеймін деп жүргенде уақыттың қалай өтіп кеткенін, жасының жер ортасына таяп қалғанын байқамай қалады. Кәрі қыздар неге көбейді деп жаһандық мәселе етіп көтеріп жатырмыз. Батыстағыларды білмеймін, бірақ біздің қоғамда барлығы әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА