Азаттық жолындағы арпалыс

Азаттық жолындағы арпалыс

Азаттық жолындағы арпалыс
ашық дереккөзі

Орталық музейде болған көрмеде жан-жақты көрініс тапты

Биыл еліміздің тарихында орны бар, салтанатты түрде аталып өтуге тиіс даңқты үш мереке қатар келді. Олар: 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бірімен бірі заңды түрде сабақтасып, жалғасып жатқан бұл мерекелер қазақ елінің азаттық үшін бір ғасыр бойғы арпалысының нақты көрінісі. Сондықтан болар, жер-жерде өтіп жатқан іс-шараларда осы бір тарихи оқиғалар бір-бірімен сабақтастыра, салғастырыла аталып өтуде. Осындай мәдени іс-шараның бірі – өткен аптада Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде болған 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығына арналған «Қазақ көтерілістері. Азаттық мұраты» көрмесі дер едік. ҚР Орталық мемлекеттік мұражайында тұңғыш рет өткізіліп отырған 1916 жылғы көтерілістің 100 жылдығына арналған «Қазақ көтерілістері. Азаттық мұраты» атты көрме – тәуелсіздікке қазақ халқының оңайлықпен қолы жетпегенін, тәуелсіздік алғанға дейін қазақ халқы небір қанды қырғынды басынан өткізгенін айғақтайды. Бұдан тура бір ғасыр бұрын қазақ жерінде тарихта «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс» деген атпен таңбаланған халқымыздың ұлт-азаттығы жолындағы көтерілісі болып, ол бүкіл елімізді қамтыған болатын. Соңынан азаттық жолындағы бұл қозғалыс бүкіл Орта Азияға жайылды. Тарихи жадыны жаңғыртып, еліміз тарихының жалынды беттерін парақтауға мүмкіндік беретін бұл көрменің мақсаты келушілерге 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің Жетісу мен Торғайдағы негізгі ірі орталықтарымен таныстыру болатын. Сондықтан көрме Жетісу мен Торғай көтерілісінің жетекшілері мен қатысушыларының қызметін жан-жақты ашуға бағытталған үш бөлімнен құрылған. «Жетісу көтерілісі» деп аталатын бірінші бөлімде патша әскерінің жазалау операцияларына қатысты мұрағаттық материалдар мен Қазақстан Орталық мемлекеттік музейі қорынан алынған көтеріліс қатысушысы – Тоқаш Бокиннің жеке мұрағаттық кешенінен алынған фотоқұжаттық материалдар ұсынылса, «Торғай көтерілісі» атты көрменің екінші бөлімінде көтеріліс жетекшілері мен оның қатысушыларының тарихи рөлін айғақтайтын фотоматериалдар қойылған. Екінші бөлімде Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшілері – Аманкелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің жеке мұрағаттық кешендерінен алынған фотоқұжаттық материалдарға ерекше орын берілген. Мұндағы Торғай көтерілісінің жетекшісі А.Имановтың ұстанған жеке заттары мен (атыс қарулары мен суық қарулары, ұсталық құралдар) Ә.Жангелдиннің «Книги путешественника вокруг света Н.Степнова он же Али-Бей Джангильдин» еңбегінің түпнұсқасы – көрмеге келушілерге үлкен қызығушылын тудырып, ерекше әсер қалдырды. «Ұлт-азаттық көтеріліс кино өнері әлемінде» атты үшінші бөлімде «Амангелді» кинофильмі мен Қазақ академиялық театрының спектакльдерінен алынған эпизодтарының фотоматериалдары ұсынылды. Сондай-ақ, Қазақстанның халық суретшісі, алғаш рет Аманкелді Имановтың бейнесін салған және көтеріліске арнап бірнеше полотно жасаған Әбілхан Қастеев пен 1941–1956 жылдары Қазақстанда тұрып еңбек еткен, «Штаб Амангельды» (1944), «Великий переход Джангильдина» (1948) секілді картиналар жасаған татар суретшісі Баки Урманченің кескіндемелері мен суреттері қойылды. Сол секілді көрмеде алғаш рет Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің материалдары, Торғай музейі мен А.Иманов мемориалды музейі кешендері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Орталық ғылыми кітапхана қорының кітап басылымдары көрермендер назарына ұсынылып, биыл жүз жылдығы аталып отырған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі жайында көрермен қауымға мол деректер берілді. Осы жылдың 26 қарашасына дейін жалғасатын бұл көрме жас ұрпаққа өз елінің тарихын терең біле түсуге үлкен пайдасын тигізері анық.  

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ