Батысқазақстандықтарға 1500 пәтер беріледі

Батысқазақстандықтарға 1500 пәтер беріледі

Батысқазақстандықтарға 1500 пәтер беріледі
ашық дереккөзі
Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай көп қабатты 14 тұрғын үй (1500 пәтер) пайдалануға берілмек, деп хабарлайды egemen.kz. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, осы мақсатқа биыл 17 млрд. теңге бөлінсе, соның 5 млрд. теңгесі инженерлік коммуникацияларды тарту мен абаттандыруға, қалғаны тұрғын үй құрылысына жұмсалады. Мысалы, Оралға қарасты Зачаган кентіндегі Атырау мен Саратов жолдарының аралығындағы жаңа шағынауданда бес қабатты 5 тұрғын үй (500 пәтер) салынуда.

«Сондай-ақ өңірдегі бас шаһардың өзге шағынаудандарында, Ақсай қаласы мен аудандарда жаңа үйлер бой көтеруде. Бұлардың бірқатары осыған дейін тапсырылды. Қалған сегіз үйдің құрылысы желтоқсан айында мәреге жетеді. Олардың сапасын ұдайы қадағалаудамыз. Жаңа пәтерлердің басым көпшілігі кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Тағы бір айта кететін жайт, осы құрылыс барысында 1500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Мұның бәрі Елбасы тапсырмасына сәйкес жасалуда. 1500 пәтер аз емес. Бұл біздің Тәуелсіздіктің торқалы тойына тартар ерекше сыйымыз болмақ», деді Алтай Көлгінов.