Нұртөре Жүсіп: Қазақстан эфирінде қазақтың әні мен күйі саңқылдап естіліп тұруы керек

Нұртөре Жүсіп: Қазақстан эфирінде қазақтың әні мен күйі саңқылдап естіліп тұруы керек

Нұртөре Жүсіп: Қазақстан эфирінде қазақтың әні мен күйі саңқылдап естіліп тұруы керек
ашық дереккөзі
Қазақстан эфирінде қазақтың әні мен күйі саңқылдап естіліп тұруы керек. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында сенатор Нұртөре Жүсіп айтты.
«Мәдениет – Ұлттық құндылық қатарына жатады. Біздің Ұлттық Тәуелсіздігіміз Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақ мәдени кеңістігінде өмір сүруге жетелейді. Бұл не деген сөз? Түсінікті болу үшін мына бір нәрсені айта кетейін. Шекара сызығы не үшін сызылады? Бұл – елдің қорғаныс шекарасы ғана емес, мәдениет шекарасы деген сөз. Осы сызықтың ішінде мәдени кеңістік болады. Мәдени кеңістік аясында Ұлттық құндылықтар қалыптасады. Біз Әл-Фарабидің, Абайдың және басқа тарихи тұлғалардың мерейтойларын тек той тойлау үшін өткізбейміз. Бұл шаралар Қазақстан халқын біртұтас – бір мәдениет шеңберінде тәрбиелеуге бағытталған. Қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс салтын, дәстүрін білу, құрметтеу, мойындау – мәдени кеңістіктің алғышарты»,- деді сенатор.
Осы тұрғыдан алғанда Нұртөре Жүсіп қарауға ұсынылған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасында бірқатар жаңа норма бар екендігін атап өтті.
«Өнерде тазалық керек! Өмірде де солай. Фонограммамен ән айту шектеледі. Бұл таза таланттарға жол ашады. Заң жобасында тиісті нормалар қарастырылған. Мұны қолдаймын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы тапсырмасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы жасалды. «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» жинақталды. Сонымен іс бітті ме? Қазақтың 1000 әні, мен 1000 күйі эфирден неге естілмейді? Эфир – Қазақстан эфирі. Ондағы жиілікті мемлекет береді. Қазақстанда жұмыс істейтін түрлі радио арнасы эфирлік жиілікті конкурс арқылы алады. Ендеше неге біз Мемлекеттің Мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мәселесін талап ете алмаймыз? Радио таратушыларға неге міндеттей алмаймыз? Қазақстан эфирінде қазақтың ән мен күйі саңқылдап естіліп тұруы керек. Сонда ғана елдегі Рухани жаңғыру ерекше сипатқа ие болады. Алдағы уақытта осы талап ескерілсе дейміз», - деді ол.