Дінше және оның тұрғыластары

Дінше және оның тұрғыластары

Дінше және оның тұрғыластары
ашық дереккөзі
1921 жылғы қаңтардың аязды күндерінің бірінде Ішкі істер халкоматына байырғы большевик Иван Алексеевич Акулов келді. Онда комиссардың міндетін атқарушы Дінше (Дінмұхамед) Әділұлы Әділов отырған. ...Дінше Орынборға Советтердің Құрыл­тайшы съезінен бір айдай кейінірек, 1920 жыл­ғы қарашада ат басын тіреді. Ол қыз­метіне кіріскен шақта, қазақ өкіметінің түр­лі мекемелерінде істейтін жауапты қыз­меткерлердің көбісі қаладағы ауызекі тілде «КирЦИК жатақханасы» деп аталып кеткен үлкен қонақүйде тұратын. Солардың бір­қа­тарымен Дінше қызметтен бос уақыттарын­да жақынырақ танысты. Кейбірімен әрәдік бас қосып, пікірлесіп жүрді. Тіпті, әйгілі Алашорданың басшысы болған Әлихан Бөкейхановпен де сыр шертісетін. Онымен Наркомземнің, яғни жер халкоматының кеңсесінде кездесіп қалған-ды. Әлекең Бөкейханов сол комиссариатта техникалық қызмет атқаратын. Бұл Діншенің оны 1917 жылы Омбыда баяндамасын тыңдағаннан соң, Алаш партиясы құрылған және пар­тияның Ақмола облыстық комитеті сай­ланған жиналыстан кейін алғаш көруі еді. Жылы сөйлесіп, ағалы-інілі рәуіште, достық пейілде айрылысты. Содан ол әрәдік Дін­шенің бөлмесіне келіп, әңгімелесіп кетіп жүретін. Бірде нөмірінде өзінің құрдасы Смағұл Сәдуақасовпен және Әшім Омаровпен сұхбаттасып отырғандарында, бір се­рігімен Бөкейханов та келіп қалған. Әлекең жас қайраткерлердің көңіл күйін сұрас­тырып, қилы қызық әңгіме айтқан. Сөйтіп, сөй­лесіп отырғандарында үстеріне Сейіт­қали Меңдешев пен  Мұхамедқафи Мыр­зағалиев келді. Республика өкіметінің басшысы мен ішкі істер комиссары. Бәрі жылы сәлемдесіп, шағын әңгіме-дүкен құрысты. Дінше Түркістанда өз көңіліне түйгендерін, Дмитрий Фурмановтың соңын ала іссапармен  Жетісуда болғанында онымен және жер­гілікті тамаша күрескер Ораз Жандосовпен  қазақ мүддесі үшін істеген істерін, Фур­манов Кубаньға кеткеннен кейін ұзамай өзінің де Семейге аттануға мәжбүр бол­ғанын сөз етті. КирЦИК жатақханасында осын­дай жақсы пікірлесулер болып тұра­тын. Мұнда ол өзін Семейден жеделхатпен ша­қыртқан Қазатком хатшысы Абдолла Бө­кейхановпен де кездесіп, көп сырласты. Әділет халкоматында істейтін Ахмет Бірімжанов, Ағарту халкоматының қызметкер­лері Биахмет Сәрсенов, Елдес Омаровпен ұшырасып жүрді, жеке пәтерде тұратын­дықтан мұнда сирек соғатын Ағарту комиссары Ахмет Байтұрсыновпен де жүздесті. Осындай, әртүрлі құрамдағы кездесулер жиі өтетін, әңгіме-дүкендердің құпия ештеңесі жоқ, тек жаңадан қаз тұрып келе жатқан республика жайы сөз болатын. Ал күнде­лікті жұмыста Дінше және оның омбылық  досы Смағұл мен Орынбордағы Құрылтай­шы съезге Сәкен Сейфуллинмен бірге Ақмоладан келіп қатысып жас рес­публикаға қызмет етуге қалған Әшім үшеуі көбірек бірге жүруші еді. Смағұлмен жасты ғана емес, өжет көзқарастары да ұқсас еді. Албырт достар күні кеше жалпы жиналыста Акулов пен Радус-Зенковичті алқымнан ба­тыл алып, тығырыққа тіреген. «Сіз де, сіз­дің досыңыз Сәдуақасов жолдас та бізді кі­нәлаймыз деп сөз жоқ артық кеттіңіздер», – деді алдында отырған байырғы большевик Акулов ақырын үнмен. ...Дінмұхамед Әділов оқушы жастардың Ом­быдағы «Бірлік» ұйымында Смағұл Сәдуа­қасовпен танысып, жақсы жолдас бол­ған-ды. Соңғы рет 1918 жылдың желтоқ­сан айында көрген еді. Ол кезде Дінше туыс досы Жанайдар Сәдуақасов екеуі қатысқан большевиктердің көтерілісі сәтсіз аяқтал­ғаннан кейін, жұмысшы Мұқан Әйтпеновтің үйінде Колчак жандаралдарынан тығылып жатқан. Оған Смағұл «Бірлік» бауырлас­тыр­ған Жанайдар және Әбдірахмен Байділдинмен бірге келді. Олар қалыптасқан жағдай­ды талқыласып, Діншенің қаладан кеткені дұрыс деп шешті. Сол шешімге сәйкес Дінше Жанайдардың әкеп берген құжатымен Әбдірахманға ілесіп, Омбыдан астыртын шығып кетті. Содан бері Дінше Әбдірахман­ның ауылы арқылы Түркістан өлкесіне өтіп, сол жақта түрлі қызметте жүрген кезеңде, Смағұл Омбыда қоғамдық-саяси қызметін жалғастырып, жас саяси қайраткер ретінде танылған. Қазақстан Кеңестерiнiң 1920 жылғы 4 қа­занда ашылған Бiрiншi съезiнде Смағұл Сәдуақасов жастар ұйымы атынан сөз сөйледi. Ол сонда байсалды ой-пiкiрiмен, жас мемлекет iргесiн нығайтуға септесерлiк салиқалы ұсынысымен делегаттар риза­шылығына бөлендi. Шәкiрт шағынан журналистикамен бауырласып, озық ойларымен елге танылып қалған Смағұл құрылтай күндерi «Ұшқын» газетiнiң ғылым мен шаруашылық жөнiндегi материалдарын редакциялауға атсалысты. Алғашқы съезд жұмысын 10 қазанда Орталық Атқару Комитетiн (ҚазОАК, Қазатком, КирЦИК) сай­лаумен аяқтады. Делегаттар жастардың жа­лындаған жетекшiсi Смағұл Сәдуақасовқа зор сенiм бiлдiрдi, оны КирЦИК құрамына ен­гізді. Иә, кешегі жиында Акуловқа азуы ба­тып кетті... ...Кірген бетте аздап базына айтқандай бол­ған Акулов қысқаша өз өмір жолын айтып берді: «Мен большевиктер қатарына алғашқы революция жылдары өткенмін. Сіздің жасыңызда, жолдас Әділов, мен бірінші рет тұтқындалып, Питерде қамауда отырғанмын. Бастан не өтпеді? Партияның питерлік комитетіне мүше кезімде тағы екі рет қамауға алындым. Самара губерниясына жер аударылдым. Одан қашып шықтым.  Ақпан революциясынан кейін түрлі партия ұйымдарында істедім. Выборгта партияның әскери ұйымын құрдым. Сонда алтыншы съезге делегат болып сайландым. Мен, жолдас Әділов, Қазан қарулы көтерілісіне тікелей қатысқан адаммын. Содан бері пар­тия мені түрлі жауапты жерлерге жұмсады. Бұрнағы жылдың басында осы Орынборды қорғау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Орынбор губерниялық партия ко­митетінің хатшысы болдым. Былтырғы тамызда Кирбюро хатшысы боп тағайын­дал­ғанға дейін сол лауазымда істедім. Орынборға келгелі, әсіресе Орталық коми­теттің Киргиз бюросының хатшысы болғаннан бастап,  мен Киркрай советтері­нің құрылтайшы съезін дайындау және өткізу жұмыстарын көз алдымда өткердім. Съезде КирЦИК Президиумы мүшелігіне сай­ландым». Жолдас Әділов оны сыпайы жүзбен, мұқият тыңдап отыр. Осы ретте Акулов: «Сіз ол кезде Сібір жақта болатынсыз, – деді. – Сізді Ішкі істер халкоматы алқасында істеу үшін Орынборда қалдыруға қол көтергендердің бірі мен едім». Шынында да, Орталық Атқару Комитеті Төралқа­сының съезден кейін болған алғашқы мәжілістерінің бірінде Діншені орталықта қалдыру туралы қаулы қабылданған-ды. Сол хаттамаға көз жүгіртейік: «16 қазан 1920 ж. Қазақ ОАК Төралқасы мәжілісінің №2 хатта­масы. Қатысқандар: Меңдешев, Радус-Зен­кович, Акулов, Бөкейханов, Кулаков, Сейфуллин, Садуақасов және Алманов. Төраға Радус-Зенкович. Хатшы Бөкейханов. Тың­далды: ҚОАК мүшелері ішінде міндет бөлісу. Қаулы етті: І. Төменде аталатын жол­дас­тар Халық комиссариаттары алқала­рын­да жұмыс істеп, олардың бөлімдерін басқару үшін орталықта қалдырылсын: 1) Д.Әділев; 2) Аймауытов; 3) Ақаев; 4) Большаков; 5) Киселев (Орынбор юстициясынан); 6) Омаров. ІІ. ж.ж. Сергеев, Саматов, Аш­марин, Әйтиев, Б.Әділев, Шәріпов, Нұрмақов Сібревкомдағы Қ.О.А.К. өкілі жолдас Кула­ковқа Семей және Ақмола облыстарындағы ұйымдық-партиялық және әкімшілік жұ­мыс­тарына көмектесу үшін  іссапарға жібе­ріл­сін. Төраға Зенкович. Хатшы Бөкей­ханов». Қазақ автономиясының белгілі жас қай­раткерлерінің бірі Смағұл Сәдуақасов рес­публиканың бас газеті «Еңбек туы» арқылы 1920 жылғы 15 желтоқсанда: «Жуырда Орынборға Дінмұхамед Әділов жолдас келді», – деп хабарлады. «Дінмұхамед Әділов жас болса да, қазақ революционерлерінің кәриелерінен саналады» деген сөздермен Діншенің сол тұстағы саясат толқындарын­дағы орны мен қоғами тіршілікте ие болған беделін көрсетіп берді. Сосын оның Орын­борға келген бетте тағайындалған лауазымынан хабардар етті: «Дінмұхамед Әділов ішкі істер комиссарының орынбасары болып бекітілді». «Жаңа адамшылық қатарына кіріп, жас балаша аяғы дірілдеп, қалтылдаған жас автономиямыз қай азаматты көпсінген­дей болып отыр! – деп сабақтады ол құрда­сы жайындағы жақсы хабарын. – Әйтсе де, Дінмұхамед жолдас секілді жігерлі, ақжүрек, шыншыл, білімді жолдастарымыздың арамызда болғанына өте қуаныштымыз! Жалпы еңбекшілердің ұраны шақырылып, бостандықтың қызыл туы көтерілгенде, ең­бегін аямай көп үшін қызмет еткен аза­маттарға шын көңілден тілектеспіз». Сөтіп, жиырма жасқа ғана жеткен екі түбіт мұрт бала жігіт қазақтың тұңғыш атқарушы өкіметі құрамында, бірі – төралқа мүшесі және газет редакторы, екіншісі – ішкі істермен шұғылданатын халкоматта бас­шы­лардың бірі ретінде автономия мүддесін қорғайтын жұмыстарын бастап кетті. Сол жұмыстарының алғашқы да соңғы ірі жеңісті белесі – партиялық хатшыны орнынан тайдырған жиын болатын... «Енді, міне, парадокс, – деді обком хатшысы болған байырғы большевик Акулов, – мені Қазбюро хатшылығынан түсіру мәселесін белсене көтергендер қатарында, Әділов жолдас, сіз тұрдыңыз». Әділов жолдас алдында отырған, өзінен бір мүшел үлкен, шындап келгенде ағасы Байсейітпен жасты, партиялық өтілі алғашқы орыс революция­сынан басталатын большевик Акуловтың жүзіне ойлана қарады. Жалпақ мұртын көңіл­сіз кейіпте сипай отырып елеусіз айтқан өкпесіне байыппен былай деп жауап қатты: «Біз, жолдас Акулов, әрең дегенде қол жеткізген республикамыздың үкіметі шын мәнінде халқымызға қызмет етуге қойылуын қаладық». Біз дегенде ойында Акулов меңзеп отыр­ған  бастамашылар – өзі және өзімен бірге Смағұл мен Әшім тұрған. Бұлар өздерінше бір топ еді, жеке кездесулерінде ұлт мүддесін қызу талқылаулары өз алдына, күллі қыз­меттерінде де негізінен сол мақсатты күйттейтін. Кейін, 1928 жылы, Діншенің ОГПУ тергеушісі алдында мойындаға­нын­дай, бұл үшеуі іс жүзінде «коммунистерден гөрі ұлтшылдарға жақын» болатын. Сон­дық­тан да «тап осы топ Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан саясатқа қарсы белсенді түрде күресу» қажет деген көзқарасты ұста­натын. «Біз үкіметтің саясатын отар­шыл­дық бағытта жасалуда деп санадық», – деді Әділов тергеушіге. Акуловтардың мемлекеттік қызметте ұстанатын саясатының ұлт мүддесін көздейтін ой біткенді шеттететінін, жалпы қысым жасайтынын, сол себепті бұлардың жаңа отаршылдықпен аяусыз күресуге бел буғандарын мәлімдеді. Өздерінің бірлесіп, бірін-бірі қолдап, бас­қалардың да өз жақтарына, өздерін қол­даушылар жағына шығуына ұйтқы болып сөйлегендерін сондай көзқараспен түсін­діруге болатынын айтты. Сөз боп тұрған жиналыста Қазобком хатшысы Иван Акулов партия ұйымының басшысы лауазымынан түсірілген. Жиналыс жайын әңгімеле­ге­нінде, Дінше «сол шақта Совнарком төра­ғасы Радус-Зенькович еді, – деп еске алды. – Мен және біз бәріміз жиналысқа шақырылдық, есімде. Бұл жауапты қазақ қызметкерлерінің жәй ғана жалпы жиналысы болатын».  Жиналысты шақыруға Иван Алексеевич Акулов пен Виктор Алексеевич Радус-Зенькович бастамашылық еткен. Өткізу тізгінін де екеуі қолда ұстады. Радус-Зенькович жиынды ашты, Акулов баяндама жасады. Ұзақ сөйледі. «Сол жиналыс әлі менің есімде тұр, – деді Әділов тер­геу­шіге, – ол өз сөзінде талайды сөкті. «Сіздер мені жиналыс барысында қатты таңырқаттыңыздар, жолдас Әділов, – деді алдында отырған Акулов жәй ғана, – сіздің мына қазір айтып отырған ойыңыз да таң­дандырады. Республика болуға әрең дегенде қол жеткіздік дейсіз, шынымен солай ма? Сіздерге автономиялық республиканы жолдас Ленин совет өкіметі атынан сыйлаған жоқ па еді? Республика үкіметінің халыққа қызмет етуін қаладық дейсіз, басқаша болуы мүмкін бе еді? Совет өкіметінің басты мақ­сатының өзі халық билігін орнату екені біздің барша жұмысымыздан байқалып тұрған жоқ па еді?..» Албырт, қызба Дінше ға­ла­мат сабыр танытты, жиналыста лапылдап жанған дауды қайта тұтатпауға ша­қырды. «Акулов жолдас, біз жақсы ниетті ішкі пиғылы түзу емес практиктердің бұзып жүргенін дәлелді түрде аян етіп едік қой», – деді салқынқандылықпен. Хатшы­ның кіріспе-баяндамасынан кейін бірінші болып Смағұл Сәдуақасов сөйлеген. Партияның қазақ обкомын басқаратын Иван Акуловты қатты мінеген. Көпшілікке қарап, бар дауыспен: «Іс-әрекеті қазақтың мақсат-мүддесіне мүлдем кереғар боп тұрған бұл жолдас, бәл­кім, кешегі переселен басқармасының чиновнигі шығар?» деген күдігін естірткен. «Ескі режимнен лып етіп Совет өкіметінің атына ауысып мініп, біздің желкемізге отырып алған әміршілік қылықтарын басқаша қалай бағалауға болады?» деген. Оның сөзін Дінше дамытты. Партхатшы Акуловпен бірге әміршілік тәсілмен жұмыс істеуге құмар предсовнарком Радус-Зеньковичті қоса сынады. Олардың  қазақ мұқтаж­дығымен істері жоқ, жұмыстың тек өз бұйрықтары бойынша жүруін талап ететінін әшкереледі. Жер комитетіне байланысты бұлардың көзқарастарын сынға алған Әшім Омаров та отқа май құя түсті. Жиналыста қазақ республикасының басшы органдарында істейтін орталық өкілдерін қатты сынау арқылы үдей түскен айтыс-тартыс өрті дүрілдей жанып-лаулады.  Бұларды сөйлеушілердің басым көпшілігі қолдады. Діншенің есінде, сол уақытқа дейін достық қарым-қатынаста, кәдімгідей пікірлес болып жүргендердің ішінен тек сауда халкомы Асфендияр Кенжин ғана  өзін біршама оқшау ұстады. «Сәдуақасов қазақ қызметкерлерінің түгелге жуығын өз жағына бұрды, жиналыста оны қолдай­тындар анық басым түсті, ол абсолютті көп дауыс жинады», – деді Әділов тергеушіге 1928 жылы. Мәселе ертеңіне тиісті орындарда талқыланып, жиналыстың шешімі қолдау тапқан  болса керек. Енді, міне, Иван Акулов ішкі істер халкоматына бас сұғып, комиссардың міндетін  атқарып келе жатқан, кешегі дауылды жиналыста өзінің басты сынаушыларының бірі болған Дінше Әділовтің алдына келіп отыр. Алғашқы және соңғы рет... «Сіздер дегендеріңізге жеттіңіздер, – Акулов ауыр күрсінді. – Мен Орынбордан кеткелі тұрмын, пойызбен Оралға аттанбақпын. Маған рұқсат қағаз беруіңізді сұрап келдім, Әділов жолдас». Әділов жолдас қызметкерін шақырып, жол жүруге пұрсат беретін парақты толтыртқыз­ды да, қол қойып, өздерінен, революцияның қазақ еліндегі жас қырандарынан жеңіліс тапқан байырғы большевикке ұсынды. Жол болсын айтты. Байырғы большевик қол алысып қоштасып тұрып: «Большевизм – жеңімпаз күш, жолдас Әділов, – деді, – бұған әлі талай мәрте көзіңіз жетеді». Ол өзі айтқан жеңімпаз күштің бекем бұрандасы­ның бірі екенін кейінгі істерімен айқын дәлелдеп жүрді. Қырымда партия ұйымы мен революциялық комитетті басқарушы­лар қатарында болып, өз ізашарларының қызыл террор жүргізу саясатын жалғас­тырды. Одан партияның орталық бақылау комиссиясы құрамында, Украинада түрлі жауапты қызметтерде істеді. Ақыры Біріккен мемлекеттік саяси басқарма басшылары қатарына жетіп, Совет Одағы аумағындағы жаппай репрессияларды ұйымдастыру­шылардың біріне айналды... Дінше Әділов оның соңынан бір сәт жастықтың жалыны шарпыған көңілмен, масаттанғандай сезіммен қарады. Оны қазақтың елдігін жаңғыртқан революцияға құлай сенген қайраткерлердің  саяси күрес­тегі алғашқы жеңісі масаттандырған-ды. Сол шақта ол Акулов айтқан «жеңімпаз күш» сырын парықтай қоймады, тиісінше осы алғашқы жеңістің соңғы да болуы ық­тималдығын ойына да алмады. Мұндай ой санасында бірнеше күннен кейін ұшқын­дады: өткен желтоқсан айында Қазақ Рес­пуб­ликасы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне жоғары­латылған Мұхамедқафи Мырзаға­лиев қайтадан Ішкі істер халық комиссары міндетін атқаруға жіберілді. Дінше бұрын­ғысынша алқа мүшесі және комиссардың орынбасары қызметін істеуге қайтарылды.  Бі­раз уақыт сол лауазымында жүрді де, ағар­ту халкоматына ауысты, одан іссапармен Түркістан Республикасына кетті. Сосын бір­­жола сол жақта қалды...

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы