1 Қазан, 11:50 372 0 Праймериз Анар ЛЕПЕСОВА

Праймериз: Ақмола облысында дауыс беру ережесін бұзғандар жазаланды

«Nur Otan»-ның Партиялық бақылау комитеті Ақмола облысында праймериз өткізу ережесінің талаптарын бұза отырып, дауыс беруді өткізбек болған әрекетті анықтады.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы «Білім» БПҰ төрағасының орынбасары «Nur Otan» партиясының праймеризін өткізу ережесін бұзып, жаппай дауыс беруді ұйымдастыруға шақырған.

30 қыркүйекте осы мәселе бойынша партияның Ақмола  облыстық филиалында партиялық бақылау комитетінің отырысы өтті. Онда Сандықтау аумақтық филиалы Саяси кеңесінің бюросына партиялық жауапкершілік туралы мәселені қарауды және Сандықтау аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л. А. Ловягинаға «ескерту» партиялық жазалау шарасын, сондай – ақ «Білім» БПҰ төрағасы Ж. Ж. Қайырымденов пен праймериз ережесін бұзғаны үшін «Білім» БПҰ төрағасының орынбасары Ю.Барахоеваға сөгіс түріндегі партиялық жазаны қолдануды ұсыну туралы шешім қабылданды.

«Nur Otan» баспасөз қызметі Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партия ішіндегі сайлауда ашық, анық және әділ дауыс беруді қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында Орталық аппарат жергілікті жерлердегі осындай «әрекеттердің» қатаң түрде жолын кесетінін атап өтті.

Праймериз өткізу ережесін бұзу деректері бойынша 8 (800) 080 4441 жедел желісіне (қоңырау шалу тегін) немесе komek@nurotan.kz. электрондық пошта арқылы хабарласуға болады. Барлық жайттерді Партиялық бақылау комитеті егжей-тегжейлі зерттейді. Кінәлілерге партиядан шығаруға дейін қатаң шаралар қабылданатын болады.

Соңғы жаңалықтар