Отбасындағы жанжал баланың болашағын бүлдіреді – Мәншүк Дүмбаева

Отбасындағы жанжал баланың болашағын бүлдіреді – Мәншүк Дүмбаева

Отбасындағы жанжал баланың болашағын бүлдіреді – Мәншүк Дүмбаева
ашық дереккөзі
Жыл басынан бері құқыққорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары бойынша 130 мыңға тарта шағым келіп түскен. Коронавирус індетінің таралуына байланысты енгізілген карантин кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өскен. Биылғы жылдың наурыз-шілде айларында 33 отандасымыз тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған. Осыған орай өткен аптада Мәжіліс депутатары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында әзірленді. Осы ретте, Атырау облысындағы отбасылық жанжал және тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің мәселесімен айналысып жүрген белсенді азамат Мәншүк Дүмбаевамен әңгімелескен едік.  width=Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің мәселесімен қашаннан бері айналысып жүрсіз? – Мен негізінде нумерологпын. Бірақ психология элементтерін қолданып консультация өткізіп жүрмін. Әртүрлі отбасылық мәселесімен келетін жандарға кеңес беріп жүргенде, дәл осындай оқиғамен үш әйел келді. Күйеулерінен әбден қорлық көрген. Солардың жылаған көз жасы мені осы тақырыпты зерттеуге әкелді. Елбасымыз «Қазақстан-2050» стратегиясында «Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс» деп баса айтқан болатын.  Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамның өзекті әрі өткір мәселелерінің бірі болып отыр. Бір ғана мысал, Қазақстандағы «Дағдарыс орталықтары» ҮЕҰ мәліметтері бойынша, елімізде жыл сайын 400-ге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен. Күн сайын 1-2 әйелден айырылып қалып отырмыз. Бұл – әйелдер ауруға шалдығып емес, ер адамның ұрып-соғуынан кайтыс болып отыр. Өте сұмдық жағдай ғой. Біз үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ақ сүтімен әлдилеп өсірген Ана өмірі құнды болмағаны ма?! Міне, мені басты алаңдататын мәселе осы. Сөзім құрғақ шықпас үшін, нақты мәліметтерін де айтып отырмын. – Бұл мәселе бойынша Атырау өңірі қай деңгейде? – Атырау облысы Полиция департаментінің анықтамасына қарағанда, қазір Ішкі істер органдарына 500-ден астам жәбір көрген әйелдер арызданған. Полицияның 102 пультіне тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 3 546 қоңырау түскен. Тағы бір дәлелі – кешегі Мақатта орын алған Айнұр Қанатқалиеваның оқиғасы – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып кетті, 19 жастағы жас ана... Енді өзіңіз ойлана беріңіз, қай деңгей де екенін... – Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларына талдау жасасақ, оның қандай себептерін айтуға болады? – Біріншіден жұмыссыздық , екіншіден банктерден несие алып оны қайтара алмау, үшіншіден ақпараттың жетімсіздігі мен тәрбие жұмыстарының нашарлығы, төртіншіден құқық қорғаушылардың бұл іске немқұрайлы қарауы. Зардап шегу өз алдына, жәбірленушілердің құқықтары бұзылып, өскелең ұрпақ үшін теріс тәрбиеге әкеліп тіреуде. Отбасындағы мұндай ата-аналар өз ұрпағына теріс қылықтарымен болашағына балта шауып отыр. Ертең сол отбасында өсіп келе жатқан ер бала «әкем әрқашан да анамды ұрып соғатын, бұл қалыпты жағдай ғой, маған да солай жасауға болады» деп ойласа, ал қыз балалар «анам бәріне көнетін еді ғой, бұл өмірде ер адамнан таяқ жеу қалыпты жағдай» деп ойлайтын болады. Яғни, кішкентай кездерінен бастап бойына сіңірген жағымсыз іс-әрекеттен бұрыс мінез-құлық қалыптаса бастайды. – Қоғамда белең алған бұл келеңсіздіңтің алдын алу үшін не істеу қажет деп есептейсіз? – Біріншіден, ақпараттандыру мәселесін жүйелендіру қажет. Мен өз жеке басым Атырау облысы бойынша дағдарыс орталығының нөмірін, мекен жайын іздеген уақытта интернеттен ешқандай ақпарт таппадым. Белгілі бір құзырлы органдарға шығып, таптым. Бұл не деген сөз? Бұл ақпараттың тапшылығы. Қазір мұндай кемшіліктерге орын бере алмаймыз. Елде тәртіп болмайынша, алға жылжу болмайды. Агрестивті әйелдерді қорғайтын заң бар екенін және істеген ісі үшін қатаң жазаланатынын білуі қажет. Яғни бірінші соққыдан кейін агрессорді дереу 20 тәулікке қамау керек. Егер бұл екінші рет қайталанса, онда одан да қатаң жазаны қолдану қажет. Агрессорды 3 айға қамауға алу керек, және зардап шеккен тарап үш ай ішінде өз арызын қайтарып ала алмайтындай қылу керек. Өйткені көп жағдайларда зардап шеккен әйелдер қорыққаннан өз арыздарын қайта алып кетіп жатады. Қоғам ертен таза болсын десек, біз бүгін шындықты ашық айтуға міндеттіміз. Жауқазын ғұмыры тамұққа айналмай тұрғанда қаракөздерімізді қамқорға алып, болашақ ұрпағымыздың дұрыс та сапалы тәрбие алуына тырысуымыз керек. «Жапалақты тас пен ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі» дегендей, мұндайда зардап шегетін балалар. Қорыта айтқанда, үнсіз қалып, таяқ жеу немесе ұрып соғу тығырықтан шығудың жолы емес, баланың тағдырын тауқыметке апарып жығудың өзі сияқты. Сондықтан да әр азамат жауапкершілікті сезінсе және қоғам болып, мемлекет болып бәріміз аналар мен балаларға қамқор боласақ.

 Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР

(фото интернет ресурстарынан алынды)