Түркістандықтарды бопсалаған "блогерлер" ұсталды

Түркістандықтарды бопсалаған "блогерлер" ұсталды

Түркістандықтарды бопсалаған "блогерлер" ұсталды
ашық дереккөзі
Түркістан облысында өзгелерді блогерлер болып бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері сотталды. Олар 6 ай көлемінде Жетісай және Мақтаарал аудандарының аумағында бопсалау мен алаяқтық арқылы 17 жеке адамның ақшасын иемденген. Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, бас-аяғы 17 адам ұйымдасқан қылмыстық топтың құрбаны болған. 4 адамнан тұратын топ жәбірленушілерге 2 млн теңгеден астам шығын келтірген. «Олар өз қызметіне заңдылық беру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес түрінде жалған қоғамдық ұйым ашқан. Әрқайсысына нақты рөлдер берілген. Сонымен қатар жалған куәліктер мен есімхаттар жасаған. Олар жәбірленушілерге өздерін блогерлер, журналистер және заңгерлер ретінде таныстырып отырған. Қылмыскерлер барлық әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желілерде бейнежазбаларды жариялаймыз деп қорқытып, олардан ақша талап еткен»,- дейді Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов. Атап айтқанда, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 2019 жылы Мақтаарал ауданындағы құрылыс алаңдарының біріне барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар нашар сапамен және түрлі заңбұзушылықтармен жүргізіліп жатыр деген сылтаумен құрылыс фирмасының басшысынан 500 мың теңге талап еткен. Ал, өткен жылдың күзінде экологияны қорғау түрімен жергілікті фирмалардың бірінің кеңсесіне келіп, директордан ай сайын 100 мың теңге көлемінде төлем талап еткен. Жәбірленуші өз кезегінде Жетісай АПБ-не арызданған. Жасалған қылмыстардың ауырлығы мен бірегейлігін ескере отырып, қылмысты ашуға және тергеуге облыстық криминалдық полиция қызметкерлері мен тергеушілері аудандық полиция қызметкерлеріне көмекке жіберілген. Сотқа дейінгі тергеу аясында жеткілікті дәлелдер жинақталып, қылмыскерлер ақша алу кезінде ұсталды. «10 айдың ішінде осы қылмыстық топтың әр қатысушысының кінәсі толығымен дәлелденді. Сонымен қатар бұл топ ұйымдасқан сипатта бопсалау мен алаяқтықтың 17 жайтына қатысты болып шыққан. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен мүшелері ҚР ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігінде «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу«, 194-бабында «Қорқытып алушылық» және 190-бабында «Алаяқтық» көзделген қылмыстарды жасағаны үшін 10 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды»,- делінген хабарламада.