Алматыда телемедицина орталығы ашылды

Алматыда телемедицина орталығы ашылды

Алматыда телемедицина орталығы ашылды
ашық дереккөзі
Бұдан былай алматылықтар медициналық кеңесті телемедицина көмегімен ала алады. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, коронавирустың екінші толқынына дайындық аясында ашылған телемедицина орталығының міндеті – COVID-19 жұқтыруы ықтимал және індетке шалдыққаны расталған науқастарға кеңес беру және мониторинг жүргізу. «Бұл COVID-19 вирусын емдеу бойынша бірегей қызмет болып отыр. Ол үшін медициналық ақпараттық жүйелермен интеграцияланатын бағдарлама әзірленуде. Телемедицина орталығының дәрігері бейнекеңес жүргізеді, науқастың жағдайын бағалайды, ем тағайындап, науқастың электрондық картасына өзгерістер енгізіп отырады. Бұл сонымен қатар барлық COVID-19 жағдайларының бірыңғай электрондық базасы болады», - дейді К.Надыров. Жаңа орталықтың тағы бір маңызды қызметі – науқастардың карантин режимін сақтауын бақылау. Орталық қызметкерлері амбулаториялық деңгейде ем алып жатқан науқастарға бейнеқоңырау шалып тұрады. Үй режимінің бұзылуы анықталған жағдайда тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаментіне тиісті сигнал беріледі, одан әрі қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сай тәртіп бұзушыға айыппұл жазылады. Тәртіпті өрескел бұзушылар қала емханаларының біріне мәжбүрлі түрде жатқызылады. Айта кетейік, пандемия басталғалы Алматыда 14 329 адамнан коронавирус анықталды. Індет жұқтырғандардың 14 мыңға жуығы емделіп шықты, дерті асқынған 270 науқас қайтыс болды. Ал республика бойынша індетке шалдыққандар саны 107 мыңнан асты. Қатерлі вирустан 1671 отандасымыз көз жұмды. Індетті ауыздықтау үшін әлемнің түкпір-түкпірінде вирусқа қарсы вакциналар әзірленіп жатыр. Соның бірі – ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген QazCovid-in екпесі. Министрлік вакцинаның клиникалық сынағы басталғанын хабарлады. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктіні қатыстыру жоспарланған.