Нағыз қа­зақты дәл осындай кейіпте көргіміз келе­ді...

Нағыз қа­зақты дәл осындай кейіпте көргіміз келе­ді...

Нағыз қа­зақты дәл осындай кейіпте көргіміз келе­ді...
ашық дереккөзі
Мықты мемлекет қоғамдық бірлігі күшті, демократия принциптеріне негізделген мемлекетшілдік идеологиясы мығым мемлекет екені белгілі. Ендеше бүгінгі қазақ елінің дамуы үшін азаматтарымыздың бойынан қандай қасиеттер табылу керек? Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «жаңа жағдайдағы қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты Жолдауында бұл мә­селеге арнайы тоқталып былай деген бо­латын: «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Бі­лім­ді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп ке­рек. Күшті болуға бірлік керек. Осы ке­рек­тердің жолында жұмыс істеу керек» дей­ді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды. Біріншіден, ХХІ ғасырдың ұрпағы те­рең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек ету­ге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды ар­қылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жо­ғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе ел-жұрттың тағ­ды­рын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқып­тылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қа­зақты дәл осындай кейіпте көргіміз келе­ді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз». Мемлекет даму бағытын белгілеп ал­мас­тан бұрын мемлекеттің өзі қандай мем­лекет екенін анықтап алу мәселесі тұ­рады. Құрылымы жөнінен алғанда «Қа­зақстан Республикасы – президенттік бас­қару нысанындағы біртұтас мемлекет» (Қа­зақстан Республикасының Консти­туция­сы. І бөлім, 2-бап). Ал мәні жағынан алған­да, ұлттық мемлекет екенін анық. Ұлттық мемлекет деп қандай да бір эт­ностың, ұлттың тарихи қалыптасқан Ота­нында құрылған мемлекетті айтады. Сон­дай-ақ ұлттық мемлекет ұғымы ұлттың тәуел­сіздігін де білдіретін атау. Ұлттық мем­лекеттердің бәрі ұлттың ұлт болып қа­лып­тасу кезінде құрылған. Сондықтан біз бүгінгі Қазақстан Республикасының н­егізі ретінде 1465 жылы құрылған Қазақ хан­дығын аламыз. Өйткені осыдан дәл 555 жыл бұрын Қазақ хандығы құрылып, оның мемлекет құраушы ұлты қазақтар деп атал­ды. Ұлттық мемлекет атауы екі түрлі ма­ғы­нада қолданылады. Біріншісі, халқының ба­сым бөлігі бір ұлттан тұратын Жапония, Сол­түстік Корея, Оңтүстік Корея, Германия, Италия, Португалия, Бангладеш, Дания, Бразилия, Польша, Исландия, Венгрия және көптеген Араб елдері сияқты мемлекеттер болса, екіншісі, о бастан тарихи Ота­нында тұратын этностардан құралған мем­лекет. Біздің ел ұлттық мемлекет ұғы­мының алғашқы сипаттауына сәйкес келеді. Мемлекет халқының басым бөлігі қазақтар, бірақ, тұрғындарының үштен бірі осы елді өз Отаным деп танитын өзге ұлт өкілдері. Бұл тұрғыдан алғанда, жоғарыда Президент Жолдауында келтіріліп отырған ұлттың сапасы жөніндегі ойлардың қазақ халқына бағытталуын түсінуге болады. Себебі елдің барлық жетістік-кемшілігіне моральдық тұрғыдан мемлекет құраушы қазақ халқы жауапты. Сондықтан Мемлекет басшысы ұлтымыздың бойында болуы тиіс терең білімділік, еңбекқорлық, кәсібилік, тәртіптілік пен жауапкершілік және әділдік секілді өнегелі қасиеттерді атай келіп, «Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз» деп отыр. Демек, өсемін деген ұлт қандай да бір саяси құрылымға қарсылығын білдіріп, құқығын талап етпес бұрын өзін жан-жақты жетілдіріп алғаны дұрыс. Әрине, кез келген азамат өзінің білімінің, қабілетінің, діни сенімінің, саяси көзқарасының қандай екеніне қарамастан Конституцияда көр­се­тілген құқығын қорғап, өзіне тиісті нәр­се­лерді талап ете алады. Бірақ сол жолда әр­бір адам білімді, қабілетті, заңды жетік бі­ле­тін болса, өзі шешуі тиіс мәселені өз­ге­нің кө­мегіне жүгінбей-ақ шешер еді. Себебі мы­на ырғағы жиі, қозғалысы жылдам заман­да адамға ең қымбаты уақыт болып тұр. Ендігі бір мәселе  – қоғамның идеялық жақ­тан бірлігі мен келісіміне қатысты. Мем­лекет саясатының күшті тірегі де осы  – халықтың мемлекетшілдігі. Мемлекетшілдік жақсы қасиет, бірақ мемлекет құраушы ұлттың бірлігі болмай, мемлекетшілдіктің қалыптаса қоюы қиын. Жасыратын несі бар, әлеуметтік желі пайда болғалы бері «елде демократия, не айтсам да өзім білем» деген принциппен өмір сүретіндер көбейді. Бірақ демократия мен анархияның айырмасын білмейтіндер өзіне заңды шара қолданылса мойын­да­ғысы келмейді. Мені заң орындары қудалап жатыр деп байбалам салуға дейін барады. Түсіне білгенге ол әрекет заңды ғана емес, өзін сыйлайтын азаматтың ісі емес. Еркіндік, ой-пікір еркіндігі деген шексіз нәр­се емес, себебі, өзіңнің жеке басыңның құ­қығы қалай қорғалатын болса, өзгенің де жеке басының құқығы солай қорғалады. Сондықтан өзіңе айтылған сөзді қалай қа­былдасаң, өзгеге де сондай көзқараспен қа­рау керек. Біздің елде көп жағдайда жеке адамнан ары кетіп, ұлттың өзіне (сол ұлт­тың ішінде өзің бола тұра) қорлайтын сөз айтудан шімірікпейтіндер көп. Ұлт бірлігі деген, әрине, күллі ел бір адам­ның пікірімен санасып, бір шаблонмен өмір сүру деген сөз емес, бірақ әр адам ұлт тұтастығы үшін тер төгіп, ұлтының атын шығаруға зәредей болса да пайдасын тигізу. Ал бізде ше? «Қазір біздің қоғамда кім болсақ та, әй­теуір қазақ болғымыз келмейтін бір жаман әдет қалыптасты, − дейді белгілі журналист Ғабит Мүсіреп. − «Қазақ жалқау», «қазақ тойшыл», «қазақ мансапқор», «қазақ жемқор». Жаман қасиеттің барлығы байғұс қазақтың өн бойынан табылады екен. Басқасын қайдам, халқын жамандаушылар арасында жаһандық жарыс бола қалса, бас жүлдені қазақтар алатынына ойланбай-ақ бәс тіге беруге болады. Біз сияқты туған ұлтының жер-жебіріне жетіп ұрсатын халық жоқ шығар жер жүзінде?!». Ашынғаннан айтылған сөз, әрине. Бірақ біздің қоғамда осындай кертартпалықтың белең алып кеткені жалған емес. Тіпті, қазақты жамандағанда өзінің де сол ұлттың өкілі екенін ұмытып кететіндер бар. Бірақ солардың көбінің қазақ үшін шөп басын сындырмағанын біліп отырасың. Әрине, ұлт бірлігі деген халқыңды (біздің жағдайда − қазақты) көпірте мақтап, оған әлемде тең табылмайтындай есіре көпіру емес, халқыңның жетпей жатқан жерін жеткізуге үлес қосу болса керек. Естуімізше, жапон, қытай, корей сияқты елдерде өзге ұлттарды өз ұлтынан артық қою, асыра мақтау деген болмайтын көрінеді. Бұл дегенің ұлттың өзіне сену иммунитетінің күшті екенінің көрінісі болса керек. Ал біз... Өкініштісі сол, кеңестік кезеңде шовинистік саясат әбден миымызға әбден сіңіріп тастаған «езілгендерді қанаудан құтқарған ұлы орыс халқы» деген сияқты өзгені әсіре мақтау инстинкті әлі санамыздан кетер емес. Енді оның қатарына «қытайлардың қолынан келмейтіні жоқ», «орыстарда әділдік бар ғой», «өзбектердің еңбекқорлығына жете алмаймыз», «Еуропаға жету қайда?» секілді аргументтер қосылды. Бұлардың бәрі жай сүйсініс, құрмет ретінде аталса жөн ғой... Ондай өзгені көтермелейтін сөздер міндетті түрде қазақты тұқыртуға, қазақты қолынан ештеңе келмейтін, дамымайтын ұлт ретінде көрсету мәнісінде айтылады. Оны басқалар айтса қысастық екенін түсінуге болар еді, бірақ соны айтатын өзіміздің қазақтар!.. ...Кейінгі кезде қоғамда «құлдық сана» деген сөз көп айтылады. Расында санасы құлданғандардың бетін бері қарату қиын шығар. Бірақ кез келген қазақ азаматы өз ұлтына, мемлекетіне орынсыз сын айтылып жатқан кезде үнсіз қалмауы керек. Әйтпесе, сен қорғамаған мемлекетті кім қорғайды, сен қорғамаған ұлттың арын кім арлайды? Ұлттық бірлік деген − халқыңды кемшілігіне қарамай сүю, істеген ісіңнің бәрі сол ұлтқа деген жанашырлықпен жасалу және ешқашан ұлтыңды ғайбаттамау! Қазір біреуден әділетсіздік көрсе «қазақтың жауы қазақ» деп, біреудің осалдығын күллі қазаққа жаба салудан арланбайтын намыссыздар көп. Оны және «Абай айтқан» деп бетбақтырғысы келмейді. Ал шынында Абай не деп еді? «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына немесе бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі − қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек» («Жиырма алтыншы қара сөз»). Көрдіңіз бе? Бұл арада «қазақтың жауы қазақ» деген тұжырым жоқ, керісінше, кейбіреулердің өзінің астамдығымен, әділетсіздігімен, қиянатшылдығымен «қазақты қазаққа жау» етіп көрсеткісі келетін залымдығы сыналған! Ендеше, ұлы Абайдың ғибратты сөзінің өзін теріс ұғып, теріс қолданып жүргеніміз − таза білімсіздіктен, надандықтан, ермеліктен басқа ештеңе емес! Шүкір, бес жарым ғасырдай уақыт бойы ұлт болып қалыптасқан халықпыз. Әлемнің 245 мемлекетінің арасында халық саны жөнінен 64 орында тұрсақ та, жер көлемі жағынан 9-орындамыз. Бұл − мақтаныш етуге тұрарлық нәрсе. Қазақтың жеріндей кең пейілін өзгелер талай рет айтып, ол кеңдікті, тіпті, ұлттың болмысына теңеген. Мәселен, өзбек қаламгері Рахымжан Атаұлы былай депті: «Әдетте ұлы халықтар өзінің ұлы пейілі қарай ұлы болады. Мәселен, орыстардың жері қалай үлкен болса, пейілі де кең. Қазақтар да сондай − алып сахараны иеленіп жатыр. Бізден, тіпті, Айтматов та шықпайды, пейіліміздің тарлығынан үйіміздің айналасын қоршап тастағанбыз. Сол қоршаудан шыға алмаймыз, пейіліміз де, бәрі қоршауда». («Сурнай наволари» кітабынан). Әрине, бір халықтың өкілдері екінші халық туралы мақтау сөздерін айта береді, бірақ қазақ туралы айтылған сөздің бәрінде бұл халықтың ерлігі мен мәрттігінің, кеңдігі мен мейірімділігінің сөз болуы бекер емес. Сөзіміздің басындағы ойға қайта оралсақ, бүгінгі қазақ өзін қор тұту сезімінен арылғаны жөн. Қазақ деген халықтың ұлан-байтақ жері бар, сол жерінде тәуелсіз мемлекеті бар. Сол тәуелсіздікті тұғырлы қылып, мәңгі бостан елде еркін өмір сүру үшін ұлтымыздың бойында жақсы қасиеттер орнығуы тиіс. Сол жақсы қасиеттер ұлттың бірлігін ұстап тұрудың кепілі. Ұлт бірлігі − тайпашылдықтан әрі аспайтын туыстықтың, өңірліктен сыртқа шықпайтын жерлестіктің немесе өмірдің белгілі бір кезеңіндегі пікірлес болған таныстықтың емес, идеяның бірлігі. Демек, бүгінгі бірлік Ұлы Қазақ идеясына негізделіп, ұлтымыздың, мемлекетіміздің айбарын асыруға қызмет етуі тиіс. Мемлекеттік құқықтық құрылымын жетілдіруге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, технология саласын жетілдіріп озық ұлтқа айналуға тек қана ұлттық бірлік арқылы жетеміз. Ол үшін халқымыздың бір-біріне деген әділдігі, қамқорлығы, адамгершілігі әрдайым көрініп тұруы керек. Мықты ұлт – мықты мемлекет кепілі.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ