Әуелден қатарынан туысы артық...

Әуелден қатарынан туысы артық...

Әуелден қатарынан туысы артық...
ашық дереккөзі

Биахмет Сәрсенұлы хақында

Тарбағатай – түркі өркениетінің алтын бе­сігі. Үш мың жылдық ұзақ тарихы­мыз­дың өн бойында тарлан Тарбағатайдың алар орны ерекше. Піл сауырлы осынау қарт тау ежел­дің ең күнінен бері қарай арысы түркінің, бе­рісі Алаштың сан кешулі асқақ тарихының тірі куәсі болып келе жатыр. Барқытбел, Көктау атанған кездерінен Алаш баласы айнала қонған, тір­лігінің қазаны бұрқылдап жатқан ұйық жұрт, Алаштың алтын бесігі. Қазақ ренессансы атанған Алаш қозғалысы кезінде де Тарбағатай өңірі мен осы аймақтан шыққан қазақ зиялыларының атқарған қызметі көл-көсір болды. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Тоғыз жолдың торабында, екі үлкен империяның мүдделері мен шекаралары тоғысқан географиялық нүктеде орналасуы бұл аймақтан кең ойлы, кемел адамдардың көбірек шығуына бір себеп болса, екіншіден, Абылай хан заманының ерлік дабылы құлағынан әлі кете қоймаған асау қазаққа Кенесары ханның қайғылы қазасы мен ауыр жеңілісі өзгеше ой салса керек. Ырғызбай әулие, Ақтайлақ би, Құнанбай мырза, Тана мырза сияқты ел жақсылары, ендігі дүниенің кілті тек білімде екенін жақсы түсінді. Сондықтан қолы жеткен адамдар балаларын орыстың үлкен қалаларынан оқыта бастады. Қысқасы, кеткенмен теңдік дағуасына жетудің жалғыз жолы осы екенін қазақ элитасы жақсы ұғынды. Тарбағатай өңірінде туып Алаш пар­тия­сы мен Алашорда үкіметі сапында қазақ елі­нің болашағын айқындайтын үлкен ұлт­тық іске белсене кіріскен азаматтар тіпті көп. Тек ұлттық деңгейдегі қайраткерлер Ала­шорда бүркіті, қаһарман қайраткер Отын­шы Әлжанұлы, Алаштың тұңғыш құр­баны Қазы Нұрмұхаммедұлы, Биахмет Сәр­сенұлы, Ережеп Итбайұлы сияқты тұлғалы қай­раткерлердің алақандай Ақсуат, аядай Тар­бағатай ауданынан шығуы онда қоныс­та­нып отырған Алаш баласының ұлттық потенциалынан да хабар беріп тұрғандай. Отыншы Әлжанұлы мен Қазы Нұр­мұхам­медұлы турасында Алаш қозғалысын зерт­теген көптеген қаламдасымыз қалам тер­беген. Олар туралы талай деректі фильм­дер түсіріліп, қалың жұртшылық есімімен таныс болып, рухына бас игенін білеміз. Олар­дың Алаш баласының, қазақ елінің ер­теңгі жарық күні үшін төккен қаны Тәңірі Та­ғаланың әділ есебінде. Біздің бүгін айбар­лы ел болып отырғанымыз сондай шаһит кеш­кен асылдардың қаны мен терінің бе­делі. Мен бұл шағын мақалада қызметі қаз­ақ­қа көп өтсе де, есімі жұрт жадында аз сақ­тал­ған Алаштың аяулы арысы Биахмет Сәр­сенұлы турасында толғанып отырмын. Бел­гілі ақын Сұлтанмахмұт Торай­ғырұлы­ның әйгілі «Таныстыру» поэмасын осы арада еске түсірудің реті келіп тұр. Сол назым сө­зінде Биахмет Сәрсенұлы турасында: ...Біреуі Биахмет Сәрсенұлы, Ыңғайлы, қырғиға оқсар көрсең түрі. Түрінен де, сөзінен, жүрісінен, Екенін біле алмайсың қандай қыры. Ақылы да оның көп, айласы да, Көңілінің жылдам сезгіш айнасы да. Бар дейді бұрынырақ ұмтылатын, Түлкідей жалт ететін таймасы да. Ісі де, таланты да қалыспайды, Жұмсаса тегіс халық пайдасына. Жастардың біреуінен кейін емес, Қазақ деп жүрегінің қайнасы да. Халел мен Әлімханды ай деп айтсақ, Шолпандыққа жарайды ай қасында. Әуелден қатарынан туысы артық, Сондықтан күн-түн сайын барады артып. Ілімнің аймағында жоқты бағы, Ерік­сіз туысымен алар тартып», – деп тол­ғай­ды. «Әуелден қатарынан туысы артық» Алаш арысын замандастары «Алаштың Биа­шы» деп әспеттеп өткен. Ол 1885 жылы Зай­сан уезіне қарасты Нарын болысында, Ақ­суат ауылында өмірге келген. 1921 жылы Орын­борда Қазақ АСР-ның оқу министрі Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қыз­метін атқарып жүргенде небәрі 36 жасында оба ауруынан қаза табады. Қазақ прозасының атасы Жүсіпбек Аймауытұлы «Биаш» атты қайғылы қазанама жазған. Қазанамада «...Әлеу­мет ісіне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Биашты ке­рек қылды, сүйреді. Оның араласпаған қыз­меті болмады. Қандай жұмысқа араласса да тереңнен, тез бітіретін Биаш болатын... Оқу комиссариатының қандай ісі болсын, бір өзі басқарып бара жатыр еді. Әкімшілік жұ­мыста арқасы босағандай болып Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) Биашқа сеніп оты­рушы еді...» деп күңіреніпті. Алаштың екі арысы Сұлтанмахмұт То­рай­ғырұлы мен Жүсіпбек Аймауытұлының осы екі лебізін қатар бердік. Бұл – сол алағай заманды бірге көрген замандастың көзімен бе­рілген баға. Сонымен бірге, екі қаламгер де – кесіп-пішіп дәл айтатын таразы көңіл да­нышпандар. Ал енді Биахмет Сәр­сенұлы­ның қайраткерлік қызметіне келер болсақ, қа­зақ баласын ағарту жұмысынан бастаған арыстың күрес жолы қазақтың алғашқы пар­тиясы мен ұлттық үкіметін құрған ұлы қоз­ғалысқа ұласады. Ақпан төңкерісі – қазақ оқығандарының көңіліне үміт шырағын жақты. Жер-жерде қа­зақ комитеттері құрылып, белсенді жұмыс ат­қара бастады. Сол белсенді жұмыс ат­қар­ған қайраткердің бірі – Биахмет Сәрсенұлы. Оның қайраткерлік қызметінен айрықша үш ісін атап өткім келеді. Ол 1917 жылғы Семей облыстық қазақ сиезін ұйымдас­тыру­шы­лардың бірі болды. Сонымен бірге сол сиез төрағасының орынбасары болып сай­ланды. Бұл сиезде қазақ халқы үшін ең маңыз­ды саналатын он алты мәселе қа­рал­ды. Сол жылдың жазында ол Орынборда өт­кен бірінші бүкілқазақ сиезінде Әлихан Бө­кейхан, Әлімхан Ермеков, Халел Ғаб­ба­совтармен бірге Бүкілресейлік құрылтай жи­налысына депутаттыққа ұсынылды. Бірін­ші жалпықазақ сиезіне дейін Семей, Торғай, Орал қазақтарының сиезін ұйым­дастыру Алаш партиясын құрудың, жалпы қа­зақтың ұлттық мемлекетінің басқару фор­масы мен мемлекеттік ұстынын қалып­тас­тыруға арналған дайындық сияқты бол­ды. Бұл облыстық сиездердің дұрыс ұйым­дастырылуы қазақтың саяси белсенділігі мен сауатының көтерілуіне де айрықша әсер етті. Сондықтан бұл облыстық сиездердің маңызы ерекше. Жоғарыда атап өткеніміздей, Биахмет Сәр­сенұлының қайраткерлік қызметінің ерек­ше көрінген тұсының бірі – 1918 жылы 2 сәуірде Алашорда мен Совет үкіметі ара­сында болған келіссөз. Келіссөз телеграф ар­қылы өтті де, Алаш атынан  Халел Ғаб­бас­ұлы, Совет үкіметі атынан Сталин сөйледі. Осы келіссөзде Халел Ғаббасұлының Совет үкі­метіне қойған талаптарын алдын ала Әли­хан Бөкейхан, Райымжан Мәрсекұлы, Әлім­хан Ермекұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы қатарлы қайраткерлер қатысқан арнайы мәжілісте тұжырымдаған болатын. Бұл келіссөздің де тарихи маңызына толық баға берілген жоқ. Осы келісім арқылы Алашорда өкілдері Совет билігінің құрамына кіре алды. Бұл – біздің автономиялы республикамыздың шекарасын белгілеу, оқу-ағарту саласын ұлттық бағытқа бұру қатарлы мемлекеттік саланың барлығында репрессияға дейін Алаш азаматтарының басым болып, ұлттық мем­лекетті негіздеуіне мүмкіндік берген та­рихи келісім. Сол шешуші сәтте ұлт кө­сем­дерінің қасында Биахмет Сәрсенұлының болуы оның тұлғалық болмысын тануы­мызға әсер етері анық. Биахмет Сәрсенұлының қайраткерлік қыз­метінің тағы бір қыры – ағартушылық қыз­меті. Ол екінші жалпықазақ сиезінде қа­­­былданған қазақтың үлкен педагогикалық жә­не мәдени бағдарламасын іске асырушы бас­ты тұлғалардың бірі болды. Екінші жал­пықазақ сиезінің қаулысына сай, Ахмет Бай­тұрсынұлы басқарған оқу комиссиясы құ­рылды. Биахмет Сәрсенұлы, Мағжан Жұ­мабайұлы, Елдес Омарұлы, Телжан Шо­нанұлдарымен қатар комиссия мүшесі бо­лып сайланады. 1920 жылы құрылған Қазақ АССР Халық ағарту комиссары Ахмет Бай­тұрсынұлының орынбасары болғанын жо­ғарыда айттық. 1921 жылы Биахмет Сәр­сенұлы өзі орынбасары болып отырған Халық ағарту комиссариатының арнайы қау­лысымен қазақтың алғашқы оқу­лық­тарын жазу туралы авторларға жүктеме беріледі. Биахмет Сәрсенұлы қазақтың ал­ғашқы оқулықтарының бірі геометрияның авторы болды. Бұл санат құралдары 1929 жыл­ға дейін қазақ мектептерінде оқытылып келді. Қуғын-сүргін жылдары бәрі өртеліп, көзі жойылды. Биахмет Сәрсенұлы өзінің 36 жылдық қыс­қа ғұмырында елі үшін аянбай қызмет қыл­ды. Тумысы бөлек, тұлғасы биік аза­мат­тың Алаш жұртының бағы үшін атқарған ұшан-теңіз қызметі әлі де толық зерттеліп, нақты тарихи бағасы берілген жоқ. Құрсағы құт­ты Тарбағатайдың бауырында туып, та­сында түлеген азамат Алаштың аспанындағы ал­тын қыранның бірі болды. Құрсағы құтты жер мен көңілі берен ел аман болса, әлі талай асыл туары хақ.

Берік Уәли