10 Қыркүйек, 18:24 364 0 Атажұрт Ділда УӘЛИБЕК

Ағайынның Жолдаудан күтері көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Жолдауы жарияланған сәттен-ақ қызу талқыға түсіп, бұқаралық ақпарат құралдарына сарапшылардың пікірі үзіліссіз жарияланды. Жолдауда қазіргі уақытта өзекті деп саналатын күрмеуі қиын мәселелердің барлығы дерлік қарастырылған. Соның ішінде қандастардың мәселесі де елеусіз қалған жоқ.

Соңғы уақытта атажұртқа қарай ағылып жатқан көштің қарасы қалыңдай түскені белгілі. Елге зор са­ғынышын арқалап, асыға жеткен олардың алдын тосатын бірінші қиындық құжат рәсімдеу екені де жас­ырын емес. Жолдауда айтылғандай құжаттандыру цифрлық жүйеге ауысса, жағдай біршама жеңілдеп, қағаз құшақтап мекемеден мекемеге сабылатын қан­дастардың әуресі біршама бәсеңдейтіні анық.

Бұл туралы «Отандастар қоры» КеАҚ вице-пре­зи­денті Мағауия Сарбасов: «Жыл өткен сайын ата­жұртқа ат басын бұрған көштің керуені әлі тоқтаған жоқ. Қазақстанға келген кез келген қандастардың бас­ты мәселесі – құжаттандыру екені баршаға мәлім. Осы орайда кеше Президент Жолдауда заңдардың тұрақ­тануы жайлы сөз қозғады. Халықтың көші-қоны туралы заңның да кейбір кемшін тетіктері рет­телетін кез келді.

...Несін жасырайық, елге оралған қандастар да құжаттарын рәсімдеу кезінде көптеген қиындыққа тап болады. Президент айтқан цифрландыру қолға алынса, қандастарға да пайдасын тигізері сөзсіз. Құжаттардың электронды айналымын енгізу арқылы қан­дастарымыз уақытын, қаржысын үнемдеп, түрлі ке­дергілерге тап болмас еді», – деп пікір білдірген бо­латын. Осы орайда қандастарымыздың Жолдауға қ­а­т­ысты өзіндік ойы мен пікірін білген едік.

Ауыт МҰҚИБЕК, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауының қазақ тілінде басылған нұсқасымен толық танысып шықтым.

Өте ауқымды мәселелерді жан-жақты, егжей-тегжейлі қамтыған тарихи құжат деп бағалаймын. Бір-ақ түйінін айтайын: жемқорлық.

«Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн», – деді Президент өз Жолдауында.

Осы жерде мен «жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау» деген түйінге баса назар аударған жөн деп есептеймін.

Мысалы, атқарушы билік пен шағын кәсіпорын ашқысы келетін жеке тұлғалар арасындағы байланыс жүйесі жемқорлыққа апарып соқтыратындай етіп жасалған. Шағыны болсын, ортасы болсын, ірісі болсын, кәсіпорын біткеннің бәрі – мемлекет бюджеті қайнар көзінің бір бұлағы. Қазіргі таңда кәсіпорын ашқысы келетін жеке тұлға билікке кіріптар. Осы жерден барып жемқорлық гүлдейді.

Жоқ, атқарушы билік немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары, аттары айтып тұрғандай, кәсіпорын ашқысы келетін жеке тұлғаларға мүдделі болуы тиіс. Заң осылай құрылғанда ғана кәсіпорын қаулап көбейеді, қарыштап дамиды. Жемқорлықтың тамырына балта шабылады.

Президент Жолдауын іске асыру үшін мәселенің осы түйініне баса көңіл бөліп қана қоймай, барлық салаға қатысты заңнамаларды осы бағытқа қарай өзгерту керек деп ойлаймын. Еліміз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекетке айналады. Президент Жолдауынан менің түйгенім – осы.

Нұрымбек Тау, Daco motors KZ ЖШС директоры:

– Әр Жолдаудың өзіндік мәні, маңызы бар, соның ішінде бұл жолдауда пан­де­миядан кейін тұралап қалған көптеген саланың дамуына жағдай жасалуы бас­ты назарға алынған.

Дерттің зардабы, әсіресе шағын және орта бизнеске ауыр тигені ескеріліп, Президент шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиенің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды және бір жылдық мерзімді қамтымақ. Кәсіпкер ретінде бұл бастама мені ерекше қуантты. Сонымен қатар көбірек зардап шеккен секторлардағы шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейту үшін жүзеге асып жатқан арнаулы бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін ұзартылмақ және оның аясын кеңейту тапсырылды. Осы­ған орай қосымша 200 млрд теңге қаражат бөлінбек. Яғни, бағдарламаның жалпы құны 800 миллиардқа же­теді деп жоспарланып отыр. Бұл – біз үшін үлкен қолдау әрі үлкен мүмкіндік.

Екінші маңызды бастама мемлекетті басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру деп сенімді түрде айта ала­мын. Бұл өзгерісті көзі ашық, көкірегі ояу қауым көптен күтті.

Денсаулық сақтау саласы бойынша да бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Бұл салаға қатысты не айтылады екен деп елеңдегеніміз рас. Себебі 20 жылдай ауруханаға аяқ баспаған менің өзім пандемия кезінде емханада емделдім. Сол кезде бұл бағыттағы кемшін тұстарымыздың жоқ емес екенін де байқадым. Жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынатыны, 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берілетіні көңіл қуантады.

Балалы-шағалы адам болғасын, білім саласындағы жаңалықтарға да елеңдемей тұра алмаймыз. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау – қашанда өзекті мәселе. Ал осынау қашықтан оқыту жағ­дайында тіптен маңызы артты. Онлайн сабақтардың бір жүйеге түсіп, реттелуіне Жолдаудың әсері болады де­ген зор үмітіміз бар.

Соңғы жаңалықтар