13 Тамыз, 11:52 396 0 Аймақ Анар ЛЕПЕСОВА

Демалыс күндері СҚО-да карантин күшейтіледі

Солтүстік Қазақстан облысында алдағы демалыс күндері карантин талаптары күшейтіледі.

СҚО-ның бас санитариялық дәрігері Серікбай Қасмақасовтың жаңа қаулысы бойынша демалыс күндеріне шектеу шаралары 15 тамыз күні сағат 00.00-де күшіне еніп, 17 тамыз сағат 00.00-ге дейін жалғасады.

Бұл жолғы қаулыда өзгеріс бар. Мейрамхана мен дәмханада тағамды тапсырыс бойынша жеткізумен қатар, келушілерге өзімен алып кетуге салып бере алады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектерін сататын дүкендерге жұмыс істеуге рұқсат берілген.

Бұдан басқа азық-түлік және дәрі-дәрмек сататын сауда орындарынан басқасы, базарлар, демалыс орындары мен монша-сауналар, саябақтар, туризм және спорт нысандары жұмысын тоқтатады.

Өңір тұрғындарына отбасылық мерекелерді өткізуге, той-томалаққа баруға, туған-туыс, дос-жарандарын аралауға тыйым салынған. Жалпы бұл күндері жұмысқа баруға, жақын маңдағы азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға баруға және аулада үй жануарларын серуендетуге ғана шығуға рұқсат берілген.

Қала, елдімекендер ішінде, сондай-ақ саяжайларға баратын қоғамдық көліктердің жұмысы уақытша тоқтатылады.

 

Соңғы жаңалықтар