Шығыс Түркістан және Алаш идеясын қолдаған Шалғынбаев

Шығыс Түркістан және Алаш идеясын қолдаған Шалғынбаев

Шығыс Түркістан және Алаш идеясын қолдаған Шалғынбаев
ашық дереккөзі
Шығыс Түркістан қазақтарының мәдени-рухани жаңғыруы жолында тұтас бір ғұмырын сарп еткен тұлғалар қаншама. Өкі­нішке қарай, олар­дың сол дәуірде ұлтқа жасаған адал қызметі бүгінгі тәуелсіз ұрпаққа толыққанды танылмай келеді. Бұл олқы­лықтың орнын толтыру үшін халық жадында ұмытыла бастады деген тарихи тұлғаларды қал-қадірімізше зерттеп көрдік. Сол та­рихи тұлғалардың бірі – Нұртаза Шалғынбаев. Ол кісі туралы тар­қатып айтудан бұрын бұл өңірдің мәдени-рухани һәм тарихи маңызына  тоқтала кетейін. Сол арқылы Н.Шалғынбаевтың тұлғаға ай­налуына әсер еткен тағдыр мен ортаның түпкі мәнін түсіне аламыз. ХХ ғасырдың басы кезінде Шығыс Түр­кістанның Шәуешек қаласын орталық еткен рухани-мәдени жаңа бір кезең қа­лыптасты. Қазан, Уфа, Семей қалаларының татар, ноғай оқығандары мен бай-манап, ірі сауда шонжар­лары Шәуешекті пана тұ­тып келе бастады. Олар келген бетте мешіт-медресе және заманауи үлгідегі мектеп ашты. Осы кезеңде Шәуешек қазақтары бұрын-соңды болмаған жаңа рухани дүниемен танысты. Шәуешек қаласында ашыл­ған жаңа үлгідегі мектептер қата­рын­да «Ома­рия» (1901), «Намуна» (1907), «Гүлан­дамия» (1911), «Махмудия» (1930) мектептерін атауға болады. Осы оқу орнын тауысқан қазақ, татар, ноғай және өзбектер Тарбағатай өңірінің көптеген елді мекенінде діни медреселер мен жаңа оқу орнын ашты. Сонымен қатар 1880-1910 жылдар арасын­да Шәуешек өңірінде қажыға бару үрдісі де кеңінен етек алды. Қажы сапары барысында көрген Семей, Қазан, Стам­бұл қалаларының заманауи һәм мәдени жетіс­тігі қазақ игі жақсыларына тыңнан ой салды. Қажы сапарынан оралған өлкенің игі-жақ­сылары өзі тұрған елді мекенде мешіт, мед­ресе ашатын болды. Басты мақсат қа­раңғылықта қалған қаймана жұртты заман­ның ең жаңа өркениетіне жеткізу еді. Осындай көп игі жұмыстың басы-қасында Иса қажы Сонан­байұлы да болды. Әкесі Сонанбай ақсақалмен бірге 16 жасында қа­жыға барған. Сонанбай ақсақалға Меккеде топырақ бұйырып, бала Иса сапардан аман оралған. Елге жеткен соң әке жолын жаңғыртып Жиек елді мекенінде мешіт-медресе ашады. Тарихи құжатқа «Иса қажы мед­ресесі» деп сақталған бұл мешіт-медре­сенің іргетасы Қ.Манжыбаевтың дере­гінше 1907 жылы қаланыпты. Мақала­мыз­дың арқауы болған Шалғынбаев осы мешіт-медре­сенің рухани дәрісінен өткен тұлға еді. Бұл кезеңнің тағы бір ерекшелігі 1905 жылдан бастап кеңінен етек жайған Алаш қозғалысының ықпалын да ескермеу мүм­кін емес. «Айқап» журналы мен «Қазақ», «Са­рыарқа» газеттерінің тілшілері Шәуе­шекті назардан тыс қалдырмады. Шәуешек қазақтары да «Айқап», «Қазақ» және «Са­рыарқа» газетінің тұрақты оқырманы ғана емес, төл баспасөзді қаржыландыратын меценат қолдаушысы да болды. Ол туралы анық дәлелді «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 25 сәуір және 8 шілдедегі сан­дары­нан білуге болады. Аталған сандарда «Ті­леулестік» деген атпен Алтай қазақтары, «Басқармаға хат» деген атпен Шәуешек тұр­ғындары қаржылай сома (2200 сом) жі­берген әрі жолданған қаржының дерегін қа­дағалап, хат жазған. Осымен қатар А.Байтұрсынұлы, М.Ду­лат­­­ұлы, Р.Мәрсекұлы, С.Аманжолұлы бас­таған Алаш арыстарының 1918 жылы сәуір айында Шәуешек өңіріне жасаған тарихи сапарын айрықша атап айтуға болады. Осы сапарға байланысты бүгінгі қазақ бас­пасөзінде сан түрлі дерек бар. Алаш арыс­тарын суретке түсірген, сонымен бірге 1918 жылы қазақ баспасөзіне қаржылай көмек атаған шәуешектік фотограф Мұқаметжан Юсу­пов (газеттегі аты Махметжан Юсуф­ұлы), күйеу баласы Балқаш Бафин мен қызы Никәр Бафина әжейден және Зей­нолла Сәнік, Тұрсын Жұртбай, Асқар Иген­ұлы, Бекен Қайратұлы, Сейіт Кенжеах­мет­ұлы, Білісбек Әбдіразақұлы, Еркін Рахме­толла қатарлы жазушы, тарих­шы ағалардан жеткен құнды деректер бар. Н.Бафина әжейдің дерегінше, маңызды тарихи бас­қосуға болыс Қанағат Сү­лей­менұлы жеті-сегіз жолдасымен бірге (ішінде Әсет ақын да бар) Бақтыдан арнайы келіп қатысқан. Әсет ақынның Қанағат болыстың ағасы Жапар Сүлейменұлымен бажа болғаны себепті, Мәмбет елінде тұрақтап қалған кезі екен. З.Сәніктің дерегінше, Шәуешектегі кездесуден соң Сейілхан Зәңгі бастаған Шағантоғай елінің басшылары алыстан келген Алаш арыстарын өз ауылына шақырып, бір жұма күтіп, дүбірлі ойын-сауық ұйымдастырған. Сол себепті сол жылы туған балаларға Мәмбет елінің үлкендері ырымдап «Әлихан», «Ақмет» және «Міржақып» деп ат қойыпты (Сәнік, З. Дала мәдениеті туралы толғаныстар. –Үрімжі, «Шыңжаң халық баспасы». 326-б). Осыған байланысты Мәмбет елінде хатшы болып кейін Шәуешектегі орыс консулына қызметке ауысқан нағашы атам Кәкімжан ақсақалдан да жеткен ауызша деректерді бала күнімде үлкендер кеңесінен көп еститінмін. Түйіндей келгенде, Шаған­тоғайдағы Мәмбет елінің игі-жақсылары бұл тарихи кездесуден ешқашан шет қал­мағанын көруге болады. Рухани қазаны қайнаған ортада туып-өскен Шалғынбаев­тың мәдени құндылықтан нәр алмауы, та­рихи ортаның бұлағын қанып ішпеуі мүм­кін емес еді. Ағартушы, қоғам қайраткері Нұртаза Шалғынбаев немесе Нұртаза Үкірдай 1896 жылы Шәуешекке қарасты Шағантоғай ау­данында дүниеге келген. Әкесі Шалғынбай ақсақал қажыға барған, өз ортасына сыйлы, дәулетті кісі болғандықтан, 1893 жылдан бастап Шағантоғайдағы Мәмбет елінің зәңгісі атаныпты (500 түтін үйдің бас­шысы). Шалғынбай ақсақал Нұртазаны Иса қажы медресесіне берген, бала Нұртаза медреседегі Шайх ұстаздан білім алыпты. Нұртазаны көзімен көрген Зейнеш Жал­бағай ақсақалдың айтуынша, Иса қажы медресесінде Осман-Ресей соғысында тұт­қын болудан қашып, бұл аймақты па­налаған Махмуд Қари есімді түркиялық әпенді дәріс береді екен. Өңі қараторы кісі болғандықтан, тұрғылықты қазақтар «Қара әпенді» атап кетіпті. Иса қажының қолында тұрып бала тәрбиелеген сол Қара әпендіден Қ.Манжыбаевтың дерегінше Рақманқұл қазы, Кәттабай қажы, Шайх молда қатарлы белді дін ғұламалары оқып шыққан. Нұртаза осындағы Шайх молданың шәкірті. Бұл медреседен соң да Шәуешектегі татар-ноғай медресесінде білімін жалғастырған (Манжыбаев, Қ.Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер. Үрімжі, 2009ж. 361-б).  width= Нұртаза Шалғынбаев (Нұртаза Үкірдай) Нұртаза оқыған медресе кейін жәдиттік үлгіге толықтай көшкен (медресе А.Байтұрсынұлы ұсынған төте жазу әдісін қолданған). Қ.Манжыбаевтың дерегінше, Нұртаза Қапез Оразаевты арнайы Семей, Зайсан қалаларына жіберіп, Алаш арыс­тарымен байланыс жасап медресеге қажетті оқу құралдарын, сонымен қоса, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетін алдырып оқып тұрған. Әуелі осы тұста, Петерборгте 1909 жылы жарық көрген «Қазақ ақыны Ибыраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын да арнайы алдырып оқып, бұл өлкедегі Абайдың алғашқы рухани шәкірттерінің біріне айналады. З.Сәніктің дерегінше, Кәкітай мен Тұрағұл баспаға дайындаған «Абай өлеңдер жинағын» Шағантоғай Мәмбеттері (Сейілхан зәңгі бастаған) 1910 жылдың өзінде-ақ жақын таныса бастаған. Осындай мәдени байланыстардан соң, бұл өңірге Алаш идеясы мен Абай шығарма­шылығы кеңінен тарады. Нұртаза Қытайға өткен ақтар құрамындағы Алаш әскерімен де байланыс жасады. А.Бакич қосыны Бақтыдан Шәуешекке өткенде қосын құрамындағы Алаш жасақтарын өзі тұрған елді мекенге алып қалмақ болады. Бірақ Ақтар құрамында келген Алаш әскерлерінің көбі еліне қайтып, аз бөлігі басқа уәлаят­тарға ауып кеткендіктен, бұл іс аяқсыз қала­ды. Кейін Хилавский бастаған ақтар ар­мия­сының он шақты жауынгері Нұрта­заны жағалап, Шағантоғайдың Жүнжүрек елді ме­кенінде там соғып, егін егіп тұрақтап қа­лады (30 жылдары 150 отбасыға дейін өсті). Ал генерал Бакич бастаған әскери топ Ал­тайға өтіп, ондағы қазақтарға саяси үгіт-на­сихат жүргізеді және тәуелсіздік жа­риялауға желіктіреді (Сейітұлы, Ә. Миньго дәуі­ріндегі қазақ тарихы. Үрімжі, 2015ж. 52-б). Алаш идеясына жаны жақын Нұртаза Шалғынбаев өз халқын отырықшы болуға үгіттеп, Жүнжүрек пен Беріктастан үй тұр­ғызып, жаңа үлгідегі мектеп құрылысын сал­дырады. Бұл мектеп кейін «Беріктас мектебі» деген атпен ауданға танымал ал­ғашқы оқу орнына айналды. Мектептің алғашқы түлегі Махмут Салықұлының дере­гінше, мектеп ауласы бау-бақшалы және іші ерсілі-қарсылы 20 бөлмелі, ерекше жобаланып салынған. Нұртаза Шалғын­баевтың әуелгі мақсаты Беріктас елді мекенін қалаға айналдырмақ болған екен де, сол үшін жұртты жаппай қоныстандыра бастаған (Манжыбаев, Қ. Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер. Үрімжі, 2009 ж. 362-б). Осыдан соң Мәмбет елі жаппай оты­рық­шылыққа көшеді. 1935-1937 жылдары ара­сында аудан Нұртазаның басшы­лы­ғы­мен Бүргентекше, Долаты, Үскі, Тарайық, Бұр­ған, Тасбастау, Қызылбұлақ, Қайыңды, Жан­көрпе қатарлы үлкенді-кішілі елді мекен­дерден 20 шақты мектеп ашады (Ша­ғантоғай ол кезде Шәуешектен бөлінбеген). 1925 жылы Шәуешектегі «Тұран» мектебінің түлектері Нияз Ысқақи мен Фуат Әбдіре­шиттер Қазан қаласынан баспа машинасын алдырады да, «Біздің Тауыш» деген атпен дербес газет шығарып, баспа құрады. Газет пен баспа құру ісіне Нұртаза Шалғынбаев та белсенді араласты. Ол газетке «Бай­тұр­сын емлесі» туралы мақала жариялап, халыққа алғашқы болып Ахмет Байтұр­сынұлын таныстырды. Кейін Қапез Оразаев екеуі бірігіп А.Байтұрсынұлының «Әліпби», «Тіл құрал», «Оқу құрал» қатарлы кітап­та­рын қайтадан басып шығарып, Шәуешектегі қазақ мектептеріне қолдануға берді (Сәнік, З. Дала мәдениеті туралы толғаныстар. Үрімжі, «Шыңжаң халық баспасы» /Шың­жаң халық бас баспасы. 331-б). Өлкелік коалициялық үкіметттің қаржы мекемесінде хатшы қызметін ат­қарған Қабимолда Манжыбаевтың «Кешір­мелерім» атты естелігінде, 30 жылдары Шәуешекте шығып тұрған «Біздің Тауыш» газеті А.Байтұрсынұлының емлесін арнайы таныстырып желілес мақала жолдағанын тілге тиек етеді. Шәуешектен бастау алған «А.Байтұрсынұлы емлесінің» Шығыс Түркістан бетінде қайта жаңғыруы ондағы қазақ, ұйғыр және татар зиялылары ара­сында үлкен рухани һәм мәдени революция жасады. Осыдан кейін Шығыс Түркістан қазақтары жаңа әліпби мен ұлттық емле-ережеге байланысты пікірталас бастап кетті. Бұл ғылыми пікір-тартыс Шығыс Түркістан қазақ баспасөзінде «көнешілдер мен жаңашылдар дауы» деген атпен жүрілді. Ал Шығыс Түркістан ұйғыр баспасөзінде дүмпу тудырған «Байтұрсынұлы емлесі» (төтеше) ұйғырлардың жазу ережесін белгілеудің басты бағдарына айналды.  width= “Біздің Тауыш” баспасынан бір көрініс 1936, Шәуешек 1934 жылы өлкеде зор саяси өзгеріс орын алды. Осы саяси өзгерістен соң «Алты үлкен саясат» ұраны жарияланды. Онда әр ұлт халқының мәдени, ағарту ісін дамытатын мүмкіндіктер қарастырылды. Сол негізде кейін өлкелік, аймақтық және аудандық ұйымдар құрылды. 1934-1935 жылдары Ш.Көгедайұлы, Б.Қарекеұлы, С.Нұртаев, Ә.Құдыш қатарлы ұлт зиялыларының ұйытқы болуымен Үрімжіде тұңғыш рет қазақ-қырғыз құрылтай жиналысы өтті. Жиналыстан соң «Өлкелік қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымы» құрылды. Осы Өлкелік ұйымның төрағасы болып Сейітқазы Нұртаев тағайындалды. Өлкелік Қазақ-Қырғыз ұйымы 1935 жылдың шілде, тамыз айларында Құлжа, Шәуешек және Алтай қалаларында кіші құрылтай өткізді. Жиналыстардан соң өлкелік ұйымның аймақтағы бөлімшелері мен ұйым төрағаларын сайлады. Осы жылы Мұқаметқали Көксегенұлы, Ақат Балтабаев, Нұртаза Шалғынбаев, Мырзасадық Құрбанов, Қазыхан Емілбаев, Назарбек Тұрысбеков, Омар Үкірдай, Уәйіс зәңгі, Әсейінғазы, Мырзахмет, Мырзабек сынды зиялылардың бас болуымен «Тарбағатай уәлаяты қазақ-қырғыз мәдени, ағарту ұйымы» Шәуешекте құрылды. Ұйым төрағалығына Мұқаметқали Көксегенұлы тағайындалды, Ақат Балтабеков орынбасары болды. Нұртаза Шалғынбаев 1939 жылы Үрімжідегі өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына ауысып кеткенге дейін осы ұйымның жауапты қызметкері міндетін атқарады (Асылұлы, О. Тарбағатай тарланы. Үрімжі, 2012 ж. 66-б). 1939 жылы Нұртаза Шалғынбаев, 1941 жылы Ақат Қондықазақов өлкелік қазақ-қырғыз ұйымына төраға болды. Аймақтық қазақ-қырғыз ұйымы құрылған соң Шағантоғай, Дөрбілжін, Толы аудандарында бөлімшелері ашылды. Ұйым 1935 жылдан бастап Шәуешекте «Төрт үкірдай мектебі», «Шәуешек дөртуіл бастауыш мектебі», «Шәуешек ерлер мектебі», «Шәуешек гимназиясы», «Балтабаев мектебі», «Шәншиев мектебі» қатарлы жаңа оқу орындарын салды. «Шыңжаң оқу-ағарту тарихы» атты кітаптың дерегінше, осы жылдары аймақтық қазақ-қырғыз ұйымы басшылығымен тұтас Тарбағатайда 210 қазақ мектебі салынып, 14 594 оқушы мектепке барған. Ұйымның көркем өнер және баспасөз бөлімі құрылған соң «Тарбағатай» театры (1935), «Шыңжаң-Тарбағатай» газеті (1935), «Шәуешек» газеті (1938), «Тарбағатай хабарлары» газеті (1942) және «Жаңа Шыңжаң» (1935) журналы жарыққа шықты. Нұртаза Шалғынбаев 1936 жылғы «Жаңа Шыңжаң» журналына «Естігендерім мен көргендерім» атты ұзақ әңгімеден тұратын еңбегін жариялайды. Нығмет Мыңжани бұл еңбекті Шыңжаң қазақ прозасының алғашқы туындысы десе, тарихшы Су Бэйхай Қытай қазақтарының тұңғыш романы деп баға берген. Шығарма­да Патшалық Ресей мен Цин империясы қазақ даласын қалай отарлағаны, қалай бөліс­ке салғаны туралы қиян-кескі оқи­ғалар баяндалған, сонымен бірге Жалбағай Үкірдай мен Мамырбек төре дәуіріндегі қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік мәселелері де сөз болған. Бұл кезеңнің мәдени шырқау биікке көтерілуі­нің бір көрінісі ұлттық театрлардың жарыққа шығуы еді. Шәуешекті рухани өзек еткен уәлаяттағы барлық қазақ аудан­дарында қалалық, ауылдық театр ұжымдары пайда болды. Әйгілі актер, дарынды композитор Мәлік Шипанұлының дерегінше, аймақтық қазақ-қырғыз ұйымы Н.Шалғынбаевтың басшылығымен Шәуешек театрында «Ер Тарғын», «Шұға», «Қыз Жібек» қойылымдары сахналанған. Нұртаза қазақ мектептерінің оқулық мәселесін де назардан тыс қал­дырмады. Осы түйткілді мәселені түбегейлі шешу мақсатында 1936 жылы Шәуешек қаласында «Қазақ әліппесі» мен «Қазақ әдебиеті оқулығын» құрастырып шықты. Бұл оқу құралдары уәлаят сыртындағы қазақ аймақтарына да кеңінен тарап кетті. Автор оқулық құрастыру кезінде  А.Байтұрсынұлы ұсынған емле-ереже принциптеріне барынша адал болды. А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы бастаған Алаш көсемдері ұсынған ұлттық әліпби жобасының арғы беттегі рухани жоқтаушысына айналды. Осы кезеңде Шығыс Түркістандағы қазақ баспасөзі «әліпби дауын» қызу талқылап жатқан болатын. Ұлттық әліпби мен емле-ереже принциптерін анықтау кезінде екіжақты ғылыми пікір-таласты әуелде Мұқаш Жәкеұлы, Мырзасадық Құрбанов бастаған екен. «Емле дауы» деген атпен 1935-1940 жылдар арасында бір-бірінің ғылыми ұсынысын терістейтін, сынайтын мақалалар қазақ газеттерінде көптеп жарияланды. Даудың басты нысанасы «х, һ, в, ф, ч» таңбаларын әліпби құрамына қабылдау керек пе, керек болса жазу ережесі қалай өзгереді, керек емес болса араб, парсы, орыс, қытай сөздерін қалай игеріп жазамыз? «Оқұу» деп жазамыз ба, «оқыу» деп жазамыз ба, әлде «оқу» ма? Осы мәселе төңірегіндегі пікірталастар бұрын аудан, аймақ деңгейінде талқыланса, енді тұтас өлке деңгейінде жоғары мінберден талқылана бастады. Өлке орталығы Үрімжіде шығып тұрған «Шыңжаң газетінің» 1936, 1937, 1938 жылдардағы сандарында (180/186/190 сандар) Мұқаш Жәкеұлы, Мырзасадық Құрбанов, Нұртаза Шалғынбаев, Сәліс Әміреұлы, Әнуар Көкеев, Мұқаметқали Көксегенұлы, Омар Ақышұлы, Ақмет Сәлімжанұлы, Шайқы, т.б ұлт зиялылары екі тарапқа бөлініп пікірталас жүргізді. Пікірталас кезінде «жаңашылдар мен көнешілдер» бірін-бірі әжуалайтын зілді карикатураларды да басқан. 1939 жылы осы даудың белсенді қатысушысы, Алашшыл ұлт зиялысы Нұртаза Шалғынбаев өлкелік қазақ-қырғыз ұйымының төраға орынбасары болып тағайындалады. Нұртаза өлкелік ұйымға келген бетте «емле дауына» нүкте қоюға тырысты. Бірақ 1939 жылдан бастап ұлт зиялылары жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны себепті, аталмыш пікірталас 1940 жылға келгенде кілт тоқтап қалады. Тек Сәліс Әміреұлы мен Әнуар Көкеев бастаған жаңа буын зиялы жастар емле мәселесіне байланысты баспасөз беттерінде ұсыныстар тастады (Шыңжаң газеті, 29 қыркүйек, 1940 ж). Нұртаза Шалғынбаев 1939 жылы Үрімжіге келер жолда өлке губернаторы Шэн Шицайдың саяси һәм әлеуметтік мәселелерге байланысты жүргізіп отырған кереғар саясаты мен қателіктерін әшкерелейтін «Жол естелігі» атты мақаласын «Шыңжаң газетіне» жариялады. Мақалада автор Шәуешек пен Үрімжі арасында көргендерін жазбаға түсіріп, әлеуметтік теңсіздік пен қорда­ланған саяси түйткілдерді көтерген. Шығыс Түркістан қазақтарының маңдайына біткен тұлға, рухани жоқтаушысы һәм ағартушы Нұртаза Үкірдай Шалғынбаев 1939 жылы Үрімжіде ашылған өлкелік қазақ-қырғыз құрылтайы жиналысынан соң бірден ұсталды. Бес уәлаяттан келген жүзден астам қазақ зиялыларымен бірге қараңғы зынданға қамалды. Ұзақ уақыт тергеуден соң өз кінәсін мойындамаған қалпы 1942 жылы 46 жасында шахид болды. Санаулы ғұмырын ұлттың рухани-мәдени гүлденуіне жұмсаған, халқына адал қызмет атқарған біртуар ұлт интеллигенциясын кейінгі ұрпақ жадына сақтап жүруі тиіс. Олардың өмірі мен қызметі жаңа буын ұрпақ келешегіне жол сілтейтін басты бағдар.

Елдес ОРДА,

шығыстанушы, /Түркия/