Руслан Ахмағанбетов: Бұрын жердің «киесі» болса, бүгін «иесі» бар...

Руслан Ахмағанбетов: Бұрын жердің «киесі» болса, бүгін «иесі» бар...

Руслан Ахмағанбетов: Бұрын жердің «киесі» болса, бүгін «иесі» бар...
ашық дереккөзі
Газетіміздің Atajurt жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының бір қатар қалаларында болып, ондағы елге көшіп келген қандастардың тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Сапар барысында бір мәселе алдымыздан жиі ұшыраса берді. Ол – жер мәселесі. Шетелден көшіп келіп, мал өсіріп, егін салғысы келген қандастар жер ала алмай отырғанын айтқан еді. Бұл туралы газетіміздің сайтында «Семейдегі қандастарға жер керек» атты репортажда айтылған болтын. Осыған орай Қазақстандағы жер мәселесінің жай-жапсарын жас зерттеуші, саясаттанушы Руслан Ахмағанбетовтен сұрып көрген едік. Руслан Ахмағанбетов – Қазақстандағы жер мәселесі, демографиялық ахуал, урбанизм саясаты және байлық пен құт ұғымдарын зерттеуші. «Байлық танымы немесе қазақ байлары», «Құт», «Саяси этика» т.б  монографияларымен қатар саясаттануға арналған оқулықтардың авторы. – Шетелден көшіп келіп жат­қан қазақтардың қазіргі басты проб­лемасының бірі – жер алу. Яғни, мал өсіретін жайылымдық, шабындық және егістік жер таба алмай сандалып жүр. Қазақстан жері кең байтақ дейміз... Бірақ шаруа­шылықпен айналысқысы ке­летін адамдарда жер жоқ. Мұ­ның сыры неде? – Бұл тек шетелден келіп жатқан қа­зақ­тардың мәселесі емес. Бұл жалпы қа­зақстандықтардың ортақ мәселесі болып отыр. Жер мәселесін қарастырғанда сәл тарихи шегініс жасағанымыз жөн сияқты.  ХХ ғасырдың бастапқы кезінде  «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының бетінде ең жиі көтерілген тақырыптың бірі болды. Кеңестік кезеңде жер мәселесі қеңшар мен ұжымшарлар арқылы реттелді. Тәуелсіздік  жылдарындағы жер мәселесі жоғарыдағы тарихи кезеңдерге ұқсамайды, бірақ олар­дың әсері бары анық. Шұрайлы жерлерге сұраныс қай заманда да жоғары болғаны белгілі. Мұндай жағдай бүгін де байқалып отыр. Құнарлы, шалғынды жерлерді көп мөлшерде мемлекеттен ұзақ мерзімге жал­ға алушылар көбейді. Бұл – бір. Екіншіден, ұлттық менталитеттің де әсері бар сияқты көрінеді. Осы сұрақты қойғанда бір оқиға есіме түсіп отыр. Бір жылдары (шамамен 10-15 жыл бұрын) ауылда есігінің алдын­дағы егістік жерді артығымен қоршап алушылар көбейіп кетті. Сонда бір көр­ші­міз айтып еді: «Біздің қазақ жерге тоймай­ды ғой» деп. Себебін сұрағанымда, ол өз уә­жін былай баяндады. «Мысалы, осы жер­лерді қоршап қосып алып жатыр. Оған дейін есігінің алдындағы азғантай егістік жерді игере алмай отырғанда, мына көп жерге бір нәрсе егеді деп ойлайсың ба, әри­не бірінші жылы бір нәрсе еккен бо­лып ырымын жасар. Келесі жылы игеріл­мей шаңы шығып қалады» деген еді. Түйін­дей айтқанда, «жер артық етпейді» қағи­да­сын жақсылап бойымызға сіңірген сияқ­тымыз. – Қазақстан жерінің көбі ла­ти­фундисттердің уысында деп ойла­майсыз ба? – Негізі, жер деген капитал. Осы тұр­ғы­­дан алсақ, шұрайлы жерлерді иеленіп отыр­ғандар туралы түрлі ақпарат көзде­рін­де, әсіресе 2016 жылдары жиі жазылды. Бұған қарап, барлық жер тек дәулетті адам­дардың қолдарында деуге келмейді. Се­бебі Қазақстанның әр өңірінің табиғаты әртүрлі. Құнарлы, яғни қара топырақты же­рлерде сіз айтқандай тенденция бай­қа­лады. Ал шөлді және шөлейтті жерлерді мем­лекеттен ұзақ мерзімге  жалға алу­шы­лардың ішінде ондай дәулетті адамдар бар деп ойламаймын. Қара топырақты, әсіресе бидай дақылын егетін жерлерде латифун­дисттердің  бары анық. Мұның да себебі жоғарыда айтқандай жер – капитал. Қара топырақты жерде жұмсалған қаржыны артығымен қайтарып алады. Ал шөлді жердегі егістік алқаптары көп қаржыны қажет етеді. Ол шығынды кейде ақтайды, кей­де ақтамауы мүмкін. Одан бөлек қара то­пырақты жерлерде егістікті суару деген сияқты мәселелер бола бермейді. Ал шөлді және шөлейт өлкедегі егістік алқаптар не­гізінен суды көп қажет етеді. Түйіндей айт­қанда, латифундисттер негізінен қара то­пырақты егістік алқаптарында. Сон­дық­тан тұтастай еліміздің шаруашылық жер­ле­рі латифундисттер қолында деуге кел­мей­ді. Бірақ мұндай тенденция бізде бары рас. – Қазақстанда жер көп бол­ға­ны­мен, әсіресе қалалы жерлерде ба­ғасы қымбат. Мұны қалай рет­теуге болар еді? – Тәуелсіздіктен кейін бізде қалаға көшу басталды. Қала халқының саны жыл­дан-жылға артып жатыр. Бір жағынан қа­лалықтардың санының артуы мен көбе­юін­де бір идеология бар сияқты көрінеді. Мәселен, біз Орталық Азия бойынша қала хал­қының үлесі жоғары мемлекетпіз. Мұ­ның экономика үшін жақсы жағы да бар. Одан бөлек көлеңкелі жағы да байқалады. Біздің айтып отырғанымызды  урбанис­ти­ка атты ғылым саласы қарастырып зер­де­лейді. Ол демография ғылымымен тығыз байланысты. Жақында демография туралы монография жазып шықтым. Сонда бір тарауды урбанистикаға арнадым. Енді урба­низация дегеннің өзі екі түрлі жүреді. Бірі – табиғи. Яғни, қала халқының та­биғи өсімі мен елдегі  экономикалық да­му­дың қарқыны, қалалардағы зауыттар мен фабрикалардың көбеюі кезінде жұ­мыс күші тапшылығының әсерінен ауыл халқын жұмысқа қалаға тарту арқылы. Ал екіншісі, табиғи емес урбанизация, эко­номикалық өсім болмаса да қалаға ауыл халқы көше береді. Ал оларды қалада кү­тіп отырған жұмыс та, таныс та жоқ. Біз­дің елде салыстырмалы тұрғыдан алғанда, табиғи емес урбанизация жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде қала құрылысы мен оның инфрақұрылым жүйесіне қысым түсіреді. Мұндай мәселе қазір Латын Америка­сының кейбір елдері мен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің бірқатар мемлекеттерінде байқалып отыр. Бұған әлемдік урбанист мамандар қатерлі урбанизация деп баға беруде. Әрине, біздің елдегі мәселе қатерлі урбанизация фазасына өткен жоқ. Бірақ рет­теуді қажет етеді. Ол үшін ауыл шаруа­шылығы саласын және ауылдағы өмір сапасын көтеру қажет. Сонда ауыл халқы көп мөлшерде қалаға көшпейді. Нәти­же­сінде, қаладағы жер және инфрақұры­лым­ға түсер жүк азаяды. Мұның нәтижесі қа­ладағы жер және т.б. мәселелердің ше­шілуіне өз септігін тигізеді.  Әрине, ауыл­дан қалаға көшу тенденциясы сақталады, тек жаңағыдай мәселелер шешіліп жатса қалада жер алу, үй салу немесе пәтер жал­дау секілді жайттар реттелуіне мүмкіндік туады. – Жер халықтың қазынасы болу үшін мемлекет қандай қа­дам­дар жасауы қажет? – Жер – халық қазынасы деген рас дү­ние. Бірақ бұл сөз қай заманға тән, оны да анықтап алуымыз қажет сияқты. Себебі жер мәселесіне қатысты түрлі көзқарас бар. Оны оқып та, біліп те, естіп те жүрміз. Ба­тыстық және еуропалық тұжырымға салсақ, жер жеке меншікке берілуі керек дейді. Яғни, жер капитал. Бірақ мұндай әре­кет біздің ел жағдайында тағы да бол­майды. Тағы бір пікірлерге назар аударсақ, олардың айтуы бойынша, жер сатылмауы және жалға да берілмеу керек. Жарайды, сатылмау керек. Мемлекеттік меншік бо­лып қалуы керек деген пікірмен келісемін. Ал жалға да, шаруаға да берілмесе, сонда тұтас жер игерілмей қалуы керек пе?! Бұл бұрынғы кеңестік көзқарасқа тым жақын. Дұрысы, жерді кім игереді, пайдаланады, одан өнім алады соған жалға берілуі тиіс деп есептеймін. Мемлекет басшысы осы мән­дегі сөзді айтқаны есімде. Естуім бойын­ша, қазіргі кезде жоғарыдан спут­ник арқылы түсіріп, игерілмей жатқан егістік жерлерді анықтау ісі жолға қойы­лып жатыр екен. Меніңше, осындай бағыт­тағы жұмысты қарқынды жүргізу керек. Содан кейін егістік жерлерді, мүмкін жеміс ағаштары мен жылыжайларға арналған жерлерді қоспағанда, өзге мақсаттағы егістік алқаптарын 49 жылға бермеу керек сияқ­ты. Мысалы, алдымен 5 жыл жалға беру керек. Егер оны игеріп, өнім алып жат­са, келесі жолы 10 жыл деген сияқты. Сон­да бірден болмаса да жерді игеретін, оны­мен айналысатын адамдардың алу мүм­кіндігі артады. Сонымен қатар сұрып­тау жүреді. – Жер мәселесінің сөз болуына түрткі болып отырған жағдай – қан­дастардың жер ала алмауы. Олар жер алып тіршілік ету, кәсіп­пен айналысу үшін қандай жеңіл­діктер қажет? – Қазақстан Көші-қон туралы заңы және Жер кодексiнің 46-бабы бойынша қан­дастар жер учаскелерiн алу туралы 4 тар­мақтан тұратын заңды құқы бар.  Олар­ға өзiндiк қосалқы шаруашылық жүр­гiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру ауылдық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және қосалқы жерден уақытша өтеусiз пайда­лану құқығымен жер беріледі. Әрбір аза­мат сол заңды құқын талап етуі қажет. Жер­гілікті әкімшілік оларға жер тауып беруге қолғабыс етуі маңызды. Жоғарыда атап өткеніміздей, жерді игере алатын­дарға беру ләзім. Бұл ретте шетелден келетін қазақтар жерді пайдалануға қа­білетті деуге болады. Мысалы, Қытай, Өз­бекстан секілді елдерден келетіндер егін егу, өсімдік өсіруге тәжірибелі болса, мал шаруашылығы саласында Моңғолия қа­зақтарының тәжірибесі мол. Сондықтан олар­ға тиесілі жер беру деген сөз – ел эко­но­микасына құйылған инвестиция.

Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР