Нұртөре Жүсіп: Амандыққа ештеңе жетпейді

Нұртөре Жүсіп: Амандыққа ештеңе жетпейді

Нұртөре Жүсіп: Амандыққа ештеңе жетпейді
ашық дереккөзі
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  халыққа телевизиялық үндеу жасады. Мемлекет басшысы  қазір әлемдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайдың өте күрделі екендігін атап өтті. Әлем бойынша және Қазақстанда коронавирустың таралуы бәсеңдемей отыр. Кейбір елдерде бұл індет қайтадан ушығып бара жатыр. Президент «Әлем бойынша осы вирусты жұқтырғандардың саны шамамен 12 миллионға жетті, соның салдарынан 500 мыңнан астам адам қайтыс болды. Сол себепті, бірқатар елдерде  карантин тәртібі қайта күшейтіліп, әуе, көлік қатынасы қайтадан шектелді. Өкінішке қарай, біздің елдегі жағдай да оңай болып тұрған жоқ. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде екі апталық мерзімге карантин шаралары енгізілді. Бұл аса қажетті шешім болды. Жағдайдың тұрақталатыны сөзсіз. Оның алғашқы белгілері де бар. Сондықтан, алдағы екі апта біздің болашақ қадамдарымыз үшін шешуші кезең болмақ. Барлық азаматтарды тағы да карантин ережелерін қатаң сақтауға шақырамын. Індетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен, барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты», - деп атап өтті. Біздің еліміздегі жағдай қатты алаңдатарлық, тіпті SOS дабылын қағатын деңгейге жетті.Күн сайын әлеуметтік желіде қайтыс болған азаматтар туралы қазанама көбейді. Қайғы арқалаған әулеттер қатары артып барады. Ет жақын туыстарынан айрылған отбасыларға көңіл айтамыз. Президент  «денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша біз тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті баға береміз», - деп мәселені ашық айтты. Мемлекет басшысы пандемиямен күресуге 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтты. Мемлекет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданып жатқаны белгілі. Алайда, бөлінген қаражат қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр? Халық дәріханадан қарапайым парацетомолдың өзін таппай қиналып қалды. Бұл тұрғыда қатаң тексеріс жасалуы керек. Халықтың денсаулығы – басты байлық. Мемлекет басшысы  «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әр азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.  Сол үшін 13 шілдені – Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын», - деді. Әділетті шешім. Бейбіт заманда ел-жұрт қынадай қырылып, қайғыдан қан жұтып жатыр. Әлемдік деңгейде індет кең тарап отыр. Біздің еліміздегі жағдайдың қандай екенін бәріңіз көріп біліп отырсыздар. Ендігі кезекте бала-шағамыз бен өз денсаулығымыз үшін  жауапкершілік алатын уақыт жетті. «Індет жоқ» деген сөзге сенуге болмайды. Оның қаншалықты қауіпті екенін жан-тәнімізбен сезініп жатырмыз. Қазір азаматтар өзімен өзі қалды. Қиындықтармен бетпе-бет ұшырасып, әркім өз білген әрекетімен жан сақтауға ұмтылып жатыр. Осы ретте Президенттің «Дәрігерлеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтарға нақты, бірізді мәлімет беруі керек. Дертті емдеудің неше түрлі жолдарын көрсетіп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Бұндай әрекеттерге тосқауыл қою керек. Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Құқық қорғау органдары ел ішіндегі осындай жөнсіздікке қатысты қатаң шаралар қолданатын болады. Сол сияқты дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды өз мақсатына пайдаланғысы келген алыпсатарларды да құқық қорғау органдары менің тапсырмама сәйкес жауапқа тарта бастады. Қазір мемлекеттік органдар елді мекендерді қажетті дәрі дәрмекпен толық қамтамасыз етуде. Осыған орай, тиісті қор жасақталған. Төсек орындары да, медициналық қызмет көрсету ісі де  толығымен қамтамасыз етіледі» деген сөздері дәтке қуат бергендей. Дәріханаларды қажетті дәрі-дермектермен қамтамасыз ету мәселесі қатаң қадағалауда болуы тиіс. Алыпсатарлар мен алаяқтардың жолын кесу қажет. Қазақстанның құқық қорғау органдары бұл мәселемен жедел түрде айналыспаса жағдай ушығып кетуі мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнап жасаған Үндеуінде бірқатар нақты  тапсырмалар берді. Мұның бәрі ең алдымен халықты аса қауіпті індеттен аман сақтап қалу үшін жасалып жатыр. Сондықтан, осынау сын сағатта бәрімізге тастай жұмылып, алапат індетке қарсы бірігіп күресуден басқа амал жоқ. Әр шаңырақ аман болсын! Әр әулет қара жамылмасын! Амандыққа ештеңе жетпейді!