2 Шілде, 13:26 483 0 Мәдениет Арайлым Бимендиева

«Абай» операсы онлайн көрсетіледі

«Астана Опера» жаз айында TengriTV және театр сайты арқылы өнерсүйер қауымның назарына 20-дан астам опера, балет спектакльдері мен концерттерді ұсынады.

Онлайн көрсетілімдердің репертуары ересектерге, жас көрермендерге, балаларға да лайықталған. Осылайша, театр музыкатанушылары мектепке дейінгі және мектеп жасындағы жеткіншектердің назарына «Балаларға арналған классика», «Театрға саяхат» және «Балалар театрға шақырады» топтамаларын ұсынады.

Ал балет спектакльдері ересектер аудиториясын тамаша көңіл-күйге бөлейді, атап айтқанда, олар «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы Людвиг Минкустың «Дон Кихот», Адольф Аданның «Корсар», Фридерик Шопеннің музыкасына «Шопениана» және т.б. атақты хореографтардың қойылымдарындағы өзге де балеттерді тамашалай алады.

Опера жанры ұлттық және батыс еуропалық классика жауһарлары – Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай», Джоаккино Россинидің «Жібек саты», Джаккомо Пуччинидің «Тоска» және т.б. операларын ұсынады.

«Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаевтың театрдың Үлкен залында жүзеге асырған «Италиядан келген хаттар» және дирижер Абзал Мұхитдин іске асырған «Жылдың сегіз мезгілі: Антонио Вивальди мен Астор Пьяццолла» жобалары шілде және тамыз айларында көрсетілетін болады. Трансляциялар қатарына «Астана Опера» Камералық залында өткізілген тамаша концерттер де қосылады.

Ұлы ойшыл, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының туған күні 10 тамызда көрермендер аудиториясына ұсынылатын Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай» операсы осы жаздың ең айтулы онлайн оқиғаларының бірі болмақ.

Айта кететін болсақ, TengriTV-дің дизайны да өзгерген. Қазір ол пайдаланушылар үшін анағұрлым ыңғайлы: енді бұрынғыдай бір аптаға арналған трансляциялар кестесімен емес, бір айлық кестемен танысуға болады. Бұдан бөлек, оқырмандар өткізілетін күні мен уақыты көрсетілген сүйікті спектакльдерін тез әрі оңай тауып алулары үшін өздеріне «визуалдық кестені» сақтай алады.

Соңғы жаңалықтар