2 Шілде, 09:42 747 0 Әдебиет Ахмет ӨМІРЗАҚ

Абайға Абай болмасақ...

Мақтан деген бір екіжүзді қанжар бар. Оны басқаға сілтеп, ауыртпай қанын ағызып жазым қылуға болады, өзгеге сес көр­сетем деп жүріп өзіңді жаралап алып, қансырап қалуың да мүм­кін. Десе де, осыны ескеретіндер аз, әсіресе  біздің халықта. Шәкәрім айт­пақшы:

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,

Дұспан мақтар елірте бермек үшін.

Есептемей есірік елің мақтар,

Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Демек, мақтауда есеп бар, ал есеп бар жерде адамгер­шілік қайдан бол­сын?!

«Мақтау қауіпті нәрсе», – дейді Бауыржан Момышұлы. – Мақтаудың екі түрі бар: біріншісі – қара ниетті мақтау, екіншісі – ақ ниетті мақтау». Рас шығар. Бірақ қара ниетті мақтау мен ақ ниетті мақтауды қапелімде қайдан айырасың?..

«Мақтаудан өлген қазақтың моласы жоқ» (Қалтай Мұхамеджанов) десек те, био­логиялық өлім мен рухани өлімнің аражігін айыра білу керек шығар-ау! Білесіз бе, мақ­тай беру деген, шын мәнінде өз дәрмен­сіз­дігіңді бүркемелеу үшін, өзгеге жақсы атты көрінуге қам жасаған екіжүзді тірлік сияқты. Бірақ осыдан тыйылар күніміз жоқ. Тыйылу қайда, қайта үдетіп бара жатқан секілдіміз ғой. Басқасы басқа, біздің ұлт... ұлы ақыны Абайдың өзін сондай күйге салып қой­ғандай...

Әбдірәштің Жарасқаны айтпақшы, «Әр халықтың өзінің Абайы бар, Абайы жоқ ха­лықтың Құдайы жоқ» екені рас болса, неге ұлы ақын бізде ғана бардай күпінеміз? Ұлт болған жерде ұлылар туатыны аксиома емес пе? Неге Абайды танып-түсінудің, тал­дап-түсіндірудің орнына көпіртіп мақтай жөнелеміз? Неге өзімізге ыңғайлы болған кезде «абайшыл» бола қаламыз? Қара басы­мыздың мінін жасырып, Абай сөзін өзгеден есе қайыруға сілтейтін жуан шоқпар қылу ұлы тұлғаға қиянат болатынын шынымен түсінбейміз бе? (Бір саналы азамат өзін Абай сөзімен сынаған біреуге айтқан екен, «Әй, Абай ақын кемшілікті сынағанда мені саусағымен нұсқап көрсетіп, сенің пайдаң үшін сөз шығармаған шығар. Ол қазақ бол­са, екеумізге де ортақ» деп).

Абайға жасайтын жақсылығымыз – оны дәріптеу деп түсініп, «ойбай, керемет» деп ауызды ашып, көзді жұма беру емес, оның айтқанын ұғып, ұлық тұту десек, соны қанша қазақ түйсігімен сезіп, та­лантымен төбесіне көтерді?

Ахмет Байтұрсынұлы­ның 1913 жылы «Қа­зақ» га­зетінде басылған «Абай – қа­зақ­тың бас ақыны» атты ма­қаласынан бүгінге дейінгі 107 жыл­дың ішінде Абайға лайық не жа­садық? Әде­биетте Мұхтар Әуезов­тің «Абай жолы» роман-эпо­пеясы мен Тәкен Әлімқұловтың «Жұм­бақ жан» атты кітабынан, Асқар Сүлей­меновтің «Адасқақ» атты әңгі­мелер циклынан, Тұр­сынжан Шапайдың «Шын жүрек − бір жүре­гінен» басқа жалпақ жұртқа танымал бір­деңе бар ма? Мұхтар­дың тет­ралогиясын оқымаған қазақ аз, Тәкеннің кітабын сөз қадірін біле­тіндер жоғары бағалайды. Ал Асқар көп ха­лыққа түсініксіздеу стилдегі жазушы бол­ғасын сирек оқылады әрі оның шығар­масындағы Абай образы Асқардың өзіне ұқсаған кісікиіктеу болмысқа ие демесек, әдебиетті түсініп, қадір тұтатын қауым оны да жақсы бағалайды. Ал Тұрсынжан Шапай­дың кітабы – кейінгі дәуірдегі дарынды қазақ­тың Абай жұмбағына сүңгіп, оны құдіретін таныта алған аз еңбектің бірі.

Абай аты қойылған қаптаған көшелер мен елді мекендер, театр, мәдени мекеме­лер, мектеп аттары т.б. нысандар құрмет белгісі десек те, соншалық ерекше сый емес. Се­бебі ондай атаулар Абайдан басқа тұлға­ларға да берілген, беріліп жатыр, беріле бермек. Ақын атында журнал бар десек, ол типтегі журналдар көп әрі Абайға қатысты барлық нәрсені бір басылымға еншілеп беру ыңғайсыз және бір тақырыппен шы­ғатын басылымнан халық тез жалығады. Абайтануға арналған оқулықтар көп десек, оны мамандардан басқа ешкім оқып жарыт­пайды... Тек Алматыдағы Абай даңғы­лының бас жағында, Республика сарайы­ның алдында тұрған Абай ескерткіші (1960 жылы жасалған, биіктігі 13,7 метр бұл  өнері туындысының авторы – Хакімжан Наурызбаев) ұлы ақынға болмысына етенелігімен көңілге жылылық ұялатып, көзге ыстық көрінеді. Сол сияқты өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталған қазақ театр өнеріндегі шоқтығы биік бір туынды − «Абай» операсы да ұлттық операмыздың мақтаныштарының бірі. Музыкасын ком­позитор Ахмет Жұбанов пен Латиф Ха­миди, либреттосын ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов жазған бұл операның алғаш­қы қойылымы 1944 жылғы 26 желтоқсанда қазақтың опера және балет теат­рында Абайдың 100 жылдық мерей­тойы қарсаңында қойылды (операны сах­наға шығарған режиссері Қ.Жандарбеков, суретшісі Қ.Қожықов, дирижері Л.Шарго­родс­кий). Кейін А.Жұбанов пен Л.Хамиди 1956 жылы операны қайта жазды. Содан бері «Абай» әлі сахнадан түспей келе жатыр.

Бір ғасырдан аса уақытта Абай атына лайық 5-6 нәрсе ғана жасай алсақ, ол аз ба, көп пе? Абайдың бізге бергеніне (жиі оқы­ла­тын Абай өлеңдері мен қарасөздері, шыр­қалатын әндері, жазба әдебиетіміздің негізін салушы ретінде әлемге ылғи көр­сететін классик тұлғасы) қарағанда, мүлде аз-ау... Шынына келгенде, Абай туралы жазылып жатқан шығармаларда есеп жоқ, бірақ соның бәрінің руханиятымызға ти­гізген пайдасы ауыз толтырып айтуға келер ме екен?..

Өткен ғасырда Абай шығармашы­лы­ғынан қорғалған ғылыми диссертациялар қанша? «Абай тілі сөздігі», «Абай энцик­ло­педиясы» жасалды, шығармалары көптеген тілге аударылды, т.с.с. Алайда сонша нәр­сенің өзімізге не өзгелерге де еткен әсері жайын­да айтуға келгенде күмілжіңкіреп қа­ламыз. Өйткені істелген іске келгенде сан­ның қарасы кісі қорқытады, ал сапа жа­ғы көңіл көншіте бермейді.

Қош, сонымен бір ғасырдан аса уақыт­тың ішінде маңдайға біткен жалғыз Абайды (негізінде бұл кісіден басқа ұлы тұлғалары­мыз да жоқ емес) құр мақтағаннан басқа шық­қан ұшпағымыз жоқ. Себебі не?

«...Абайға біздің кісілер әлі таңданып жүр. Себебі Абайдың дүниетанымының, дүниені түйсінуінің деңгейіне біздің  ру­хани элита әлі көтеріле алған жоқ», – дей­ді белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлы бір сұхбатында. – «Дұрысында, Абайға  табы­нып, одан пұт жасаудың  қажеті жоқ, оны дос, пікірлес, тағдырлас етіп өзіңе сіңіріп алып, дүниеге соның күрделі, естияр сезімімен қарау керек. Сонда ұлт есейеді, түсінік тереңдейді». Қандай әділ айтылған сөз! Ал енді осындай ойды жұртқа тағылым етіп көрші, «Абайға түсінбеген көрсоқыр надан» немесе «ұлтқа іріткі салатын ойы бұ­зық» бірдеңе болып шыға келесің. Өйт­кені «Айналаңдағы адамдар мақтай беретін адамды яки затты жаман деуге аузың бармайды. Себебі көпшілікте теңдессіз күш пен билік бар» (Мо Янь). Сол көпшілікке ыза болғасын шығар,  жалғандық пен жә­реу­келікке жаны қас адуын ақын Өтежан Нұрғалиев: «Абай – әр уақытта да тамақта тұр­ған қылтан сияқты. Сен қаншалықты ақын болсаң да, Абайдан кейін екінші бо­ласың. Абай – жай ғана ақын.  Еуропада шамамен мұндай бес жүз ақын бар. Мұны «все­мирный скорость» дейді. Өте қайғыдан басқа ештеңесі жоқ. Оның смертный нүктесі жоқ», – деп жіберіпті бір сөзінде ашын­ғаннан. Бір қарағанда бұра тартқан сияқ­ты көрінгенімен, осы сөзде азы-кем шын­дық бар. Ол шындық – өзіне ұнамаған­дарды Абаймен жасқағысы келіп тұратын екіжүзді аярлардың нені көксейтіні...

Ақиқат деген жұрттың түсінігімен са­наспайды ғой. Бас-көзге қарамай төпелей беретін «абайшылдарға» «Қазаққа ес кір­генде, Абай ескіреді» деп жіберіпті, азуы ти­ген жерді оңдырмайтын Асқар Сүлей­менов. Ол сөз түсінген кісіге Абайдың ұлылығына шек келтіру емес-ті, керісінше, түсінуге тырыспағандарға Абай, Мейірхан ақын айтпақшы, «пұт Құдай болып» тұра бер­мекші. Әбіш Кекілбайдың бір сөзін сәл өзгертіп айтсақ, тамсандырып отырған тұлға Құдай да, оған тамсанып отырған кісі құл болса, «ол екі ортада махаббат қайдан жүреді, ол әншейін мәймөңкелік, жәреу­келік болады да». Демек, ұлыны ұлықтауды көпірте мақтау деген түсініктен тыйылмай болмайды. Ұлымыздың ұлы мұрасында айтылғанды түсініп, сүйсініп, жанымызға жақын тұтып рухани досымызға айнал­дыр­масақ, жетілдік дегеніміз бекер.

Абай туралы айтқанда, биыл ақынның 175 жылдығы тұсында жасалып жатқан қаре­кеттер жайында бір-екі ауыз айта кет­песек болмас. Жыл басында Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақа­ласын жариялап, онда Абай мұрасының жаңа дәуірдегі қазақ мемлекетінің рухани әлемін қалыптастырудағы рөлі жайында. ой қорытып, «Ұлы­лықтың тойы ұлт алдын­дағы ұлы міндеттің үдесінен шығу­дың жолын іздеуге ұмтыл­дыруы тиіс» деген болатын. Алайда осы бір жақ­сы ниет, із­гілікті іс басталмай жатып, Абайға қатыс­ты кейбір мәселелердің ел наразылығын ту­дыруы өкінішті жағдай бол­ды. Соның бірі − Абайдың кіндік қаны тамған Сыртқас­қабұлақ­та салынып жат­қан кешенге қазақ­тың ұлттық аспабы дом­быраның пішіні (ол да төбеден қара­ғанда көрінеді) пайдала­ныл­ғаны. Ол құрылыс нысаны белгісіз бір кісінің YouTube желісіне салған бейне­жаз­басы арқылы тарап, әлеу­меттік желілер мен БАҚ-тарда бел­­гілі қазақ өнер қайраткерлері тара­пы­нан сынға алынды. Ұлттық құндылыққа ай­нал­ған саз аспа­бының бейнесін аяқ ас­ты­на тастау рухани мұрамызға деген құр­мет­сіздік екенін айыптады. Ал оны салуға рұқсат берген жергілікті әкімдер аталған құрылыстың формасы Абай өлеңдерінің мәні негізінде жасалғанын («Туғанда дүние есігін ашады өлең») дәлелдеп бақты. Бәрібір көпшілік оны қолдаған жоқ.

Сол сияқты жер-жерде Абай мүсіндерін жасап, орнату істерінің де қарқын алып жатқаны байқалады. Бірақ олардың біразы жұртқа ұнамай жатқан сияқты. Мәселен, Жезқазған қаласында орнатылған Абайдың мүсіні труба секілді тасқа кигізіліп қоя салын­ған. Оған әлеуметтік желі қолдану­шылары «Тұғырға тұратын Абай мүсіні құбырда тұр» деп наразы болып жатыр. Сол сияқты суреті әлеуметтік желі арқылы тарап жатқан, қоладан құйылған тағы бір Абай мүсіні де жұрттың көңілінен шықпай жатыр. Әлі тұғырына қонбаған бұл мүсінде ақынның үстіне шапан киіп, түрегеп тұрған бейнесі жасалған. Мүсіншінің Абайға «ки­гіз­ген көйлегі» ұзын әрі тарлау, ол жиы­рылып, ақынның қарыны қолайсыздау көрі­ніп тұр. Ұзын көйлектің етегінде әйел­дердің камзолында болатын қазақша ою бар. Бұл ақынның жұрт көзі үйренген қал­пына ұқсамайды. Орындалуы жақтан нашар шыққандай...

Ақының тағы бір мүсіні Алматы қаласы, Жетісу ауданы әкімшілігінің алдына орна­тылыпты. Ақынның кеудеден жоғары жа­ғын бейнелеген мүсін де жаман шықпаған. Бірақ Абай даңғылының басында, Респуб­лика сарайының алдындағы еңселі мүсін тұрғанда, бір қалаға одан артық емес екінші бір мүсін керек пе еді деп ойланып қала­сың...

Кейде құрмет көрсетудің соңы қым­батты арзандатып, қасиеттінің бағасын түсіріп жіберетін кездері болады. Осы тұр­ғыдан келгенде, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Lada Granta автокөлігінің  Аbai 175 бірегей топтамасының (барлығы 500 дана, әрқайсысы 2,8 миллион тұрады) құрас­тырылуы да көңілге қонымсыздау. Адам атын көлікке беру тәжірибесі жоқ емес, бірақ Ресейдің сапасы онша емес кө­лігіне қасиетті ақынның есімін жапсырып, «мата даңқымен бөзін өткізуді» көздеп отырған пысықайлардың тірлігі көңілге кірбің ұялатады екен.

Сосын биыл «Абай тв», «Әл-Фараби» те­леар­налары ашылғалы жатқанынан ха­бардармыз. Абай атымен аталған телеар­нада тек қана жақсы нәрселер насихаттала ма, әлде Абайды қадірлейтін халықты ұлы ақын атына қойылған телеарнаға телміртіп қойып, салтымызға жат моральды жарна­малай ма? Олай дейтініміз, қазіргі телеар­налардағы я тәрбиелік, я мағыналық мән­нен жұрдай арзан күлкі, даңғаза шоулардан көрермен мезі болғалы қашан. Салмақты, салиқалы дүниеге сусап отырғанымыз да рас.

Кезінде abai.kz порталы ашылғанда ұлтты ұйыстырып, рухани әлемімізді тұтастыққа жеткізер ұлттық мінбе болатын болды деп тақиямызды аспанға атып қуанғанбыз. Бүгінде аталған порталда демократия атын жамылған қайшылыққа толы материалдар жарияланып, оны астындағы пікір жазатын жеріне бір-бірінің етін шикілей жеп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан қазақтарды көргенде Абайдың рухы алдында жерге кіріп кетердей ұяласың. Порталды ашқандар ұлы ақынның есімін ізгі ниетпен алған шығар-ау, бірақ оны түсінетін ел қайда?..

Міне, осындай жағдайларды көргенде маңдайға біткен жалғыз Абайды желпілде­тіп, оның қасиетті есімін анда-мында сүйрей беру ақылдылық емес-ау деген ойға келесің.

Абай − ұлтымыздың паспорты. Абайы­мызға абай болмасақ, елдігіміздің абыройы­на сызат түсуі оп-оңай.

 

 

Соңғы жаңалықтар