1 Шілде, 12:52 799 0 Жаңалықтар Арайлым Бимендиева

Белгілі ұстаз Әбдіғаппар Сманов қайтыс болды

Сарыағаш медресе колледжінің директоры, белгілі ұстаз Әбдіғаппар Сманов қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Сарыағаш медресе колледжінің директоры Әбдіғаппар Сманов 2020 жылдың 1 шілдесінде таңғы сағат 07:45-те қайтыс болды», — делінген ақпаратта.

Оған артериялық қысым, гипертониялық дағдарыс, қант диабеті, пневмония диагнозы қойылған.

«Сманов «Салма Караван» шипажайында ем алып жатқан. Лай қойдырып, аяғын күйдіріп алған. Ауруханаға ауыр халде түскен. Рентгенге түсіргенде пневмония анықталған», — деп нақтылады ҚМДБ.

Әбдіғаппар Сманов 1970 жылы 22 ақпанда Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Ленин совхозында дүниеге келген.

1987-1989 жылдары аралығында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Сарыағаш балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде қазақша күрестен жаттықтырушы болып қызмет етті.

1989-1993 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласындағы Имам әл-Бұхари атындағы Жоғары Ислам институтын үздік дипломмен тәмәмдады.

1995-2010 жылдар аралығында «Таяқты Ешан» мешіті жанындағы «Убай ибн Кааб» медресесін басқарды.

2002-2004 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің магистратурада білім алды.

2009 жылдан бері ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі.

2008-2010 жылдар арасында Құран Кәрімді толық қазақ тіліне аудармасын жазып шықты.

2010 жылдың 29 сәуірінде ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің № 221 бұйрығымен  Сарыағаш медресесінің директоры болып тағайындалды.

2015 жылы Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапаттады.

2016 жылы «Сарыағаш медресе колледжінің» директоры болып тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар