25 Маусым, 15:48 287 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Қырғызстанда төтенше жағдай режимі қайта жариялануы мүмкін

Қырғызстан билігі елдегі бірқатар қала мен облыста төтенше жағдай режимін қайта енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрі Мадамин Қаратаев мәлімдеді. 

«Қазіргі уақытта жағдай Шу, Бішкек, Ош облыстарында және Ош қаласында жағдай қатты ушығып тұр. Бүгін республикалық штаб отырысында төтенше жағдай енгізу туралы мәселе қаралып, барлық факторларды ескере отырып шешім қабылданады», –  деді министр.

РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, соңғы күндері Қырғызстанда коронавирус инфекциясын жұқтырушылардың рекордтық көрсеткіші тіркелді.

Бүгінгі күні бұл елде КВИ жұқтырғандардың жалпы саны 3 954-ке жетті, 43 адам қайтыс болды, 2 112 науқас емделіп, ауруханалардан шығарылды. Коронавирустың алғашқы оқиғалары наурыздың ортасында анықталғаннан кейін көп ұзамай Қырғыз елінің бірнеше аймақтарында енгізілген төтенше жағдай 10 мамырда жойылған еді. Содан бері мұнда ауру жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың саны шамамен төрт есеге өскен.

Айта кетейік, Қазақстанда өткен тәулікте 520 адамнан коронавирус анықталып, індет жұқтырғандардың жалпы саны 19 285-ке жетті.

Елде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуы салдарынан жедел жәрдем қызметіне жүктеме артты. Соңғы аптада елордада тұрғындардан 28 мың өтініш келіп түскен. Өткен тәулікте бұл көрсеткіш 4,5 мыңға дейін жетті.

Дәрігерлердің көмегіне жүгінушілер арасында пневмонияға шалдыққандар көбейген. Шымкентте өкпе дертінен 4 күнде 24 адам көз жұмды. Ал Ақтөбеде өткен түнде 4 науқас қайтыс болды.

 

Соңғы жаңалықтар