Дархан Мыңбай: Жауапкершілігі бар сөз бостандығына не жетсін?

Дархан Мыңбай: Жауапкершілігі бар сөз бостандығына не жетсін?

Дархан Мыңбай: Жауапкершілігі бар сөз бостандығына не жетсін?
ашық дереккөзі
28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Жур­­налистердің кәсіби мерекесі қар­саңында Парламент Мәжілісінің де­путаты Дархан Мыңбаймен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Дархан Қамзабекұлы әлемдегі және еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының даму үрдістері, ұлттық журналистиканың өзекті проб­лемалары, ғаламдық пандемияның өмірдің барлық саласына, адамдардың қоғамдық санасына әсері, оқырмандар мен көрермендердің талғамын, сұра­нысын қанағаттандыру мен кәсіби жур­налистердің әлеуетін арттыру жол­дары туралы сөз қозғайды. – Дүние көз алдымызда жылдам өз­геріп, ақпарат технологиялары тез дамып жатқан тұста бұ­қара­лық ақпарат құралдарының маңы­­зы, оны заман талабына сай дамытудың көптеген мәселесі туындап отыр.  Ақпарат саласында кезек күттірмей атқарылуға тиісті істер деп қандай ұсыныс айта ала­сыз? Жалпы, қазіргі журна­лис­тикаға не жетіспейді? – «Сөз бостандығы» деген ұғымның ай­туға жеңіл, қабылдауға ауыр кездері бол­ған. Жалпы, қоғам түзеліп, бағыт ай­қын­дал­ғанда, әр сөздің, терминологияның сал­мағы, жауапкершілігі болады. Соған қа­рамастан, қайсыбіреуге ол қазір де кере­ғар нәрсе ретінде ұғынылуы кәдік. Ал мы­на интернет ақпараты аузы-мұрнынан шығып жатқан дәуірде «енді бұдан артық не дәметесің?» деп өзіңді де, өзгені де са­бырға шақырғың келеді. Ойлансаң, бүгінгі журналистикаға бәрібір бірдеңе жетпей тұрғандай көрінеді. Ең маңыздысы – қоғамның қарапайым адамының құқығы мен ұлт құндылықтарын қорғап, қастерлеу шығар. Қай елдің болсын журналистерін елдік-ұлттық мүдде біріктірсе, Қазақстан қаламгерлері осы  бірлік пен табандылық­тың қай шебінде тұр? Алдында ма, соңын­да ма? Бәлкім, қоғамымыздың әділ, бақуатты өмір сүріп, өрлеу жолына түсуі үшін әрбір аз­а­маттың санасын өзгертуге күш салу ке­рек шығар. Осыны ойлағанда, іліктес сұрақтар туа бастайды. Қазіргі журналист сөзі қоғам үшін салмақты ма? Қаламгер дәре­жесі мен мәртебесі бұрын қандай еді, қазір қандай? Халық оларға сене ме? Сені­мі бар ма? Әлде, шындықтың шырақшысындай ғұ­мыр кешкен Шерхан Мұртаза ма­ман­дығына, «сен тұр, мен атайын!» деп хал­қына қызмет еткен оның әріптестерінің кә­сібіне қызығушылық кеміп тұр ма? Қарап отырсаң, әр елдегі жур­налис­тердің жұмыс, кәсіп мәнерінде ептеп өзге­шелік болғанмен, қызмет міндеті, функ­ция­сы ұқсас. Барлық елде журналистика қа­терлі мамандықтар тізімінің алдыңғы қатарынан орын алған. Алайда әлемде бұл кәсіптің бекітілген халықаралық стан­дарты жоқ. Тіпті, оның қажеті де шамалы. Әйт­песе, батыс елдеріндегідей түрлі ұлт­тың, топтың танымына, сеніміне,  на­нымына, жасына, жынысына, тіліне т.б.  ерек­шелігіне байланысты кемсіту мен қорлау деп қабылданатын қайсыбір сөздер мен ұғымдар жеткілікті. Айтуға тікелей не жанама тыйым сала­тын, айыптайтын норма журналистің аяғын жиі шалатыны да рас. Олар сәнге ар­налған терминін әспеттеп, саяси дұрыс ұста­ным (political correctness) деп алға тартады. Әрине, әр елдің өз өркендеу жолы, өсу дең­гейі болатыны секілді, әрбір мемле­кеттегі журналистиканың да даму жолы біркелкі емес. Ақпараттық кеңістік аясында бұрын­нан медиа-майдан, ақпараттық қақты­ғыс­тар болып келген, келешекте де жалға­сатыны жасырын емес. Сондықтан қазіргі саясатшылар мен сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарын жаппай қырып-жоя­тын қаруға теңестіреді. Ғарышты игеріп, күн­ сайын жаңа технологиялар енгізіліп жат­қан заманда жер шарында мүлдем жа­бық, томаға-тұйық ел жоқ десе де болады. Осы жайттарды ескеріп, «саяси журна­лис­тиканың заманы өтті» деп айта алмай­мыз. Қазірдің өзінде алпауыт елдерде тарихты бұрмалауға, өздерінен басқаны қаралауға күш салып жатқан топтар жетіп артылады. Ғаламды жайлаған пандемия сал­дарынан осы саланың журналистері саяси садағын асынып, қорамсағына қол салып жатқанын да сеземіз. Ал әлемдік бәсеке ендігі жерде өзгеше өр­шитінін ескерсек, экономикалық жур­налистиканың жұлдызы да басқаша жа­натын болады. Яғни текетірестің де, тартыстың да көрігін солар қыздырады. Қай­сы мемлекеттің ғаламдық індеттен кейін­гі экономикасы тезірек қалпына ке­ліп, дамитын болса, сол елдің журналистері әле­мдік ақпарат тізгінін ұстайды. Олар бүкіләлемдік және ұлттық экономиканың жаңа ұстынын, өндіріс түрлерінің, дү­ниежүзілік сауданың қалай, қай бағыт­тарда қарқын алатынын, ықпалдастықты, нарық, еңбек күші бөлінісін, тұтынушы мем­лекеттердің тәуекелін, тұрақты даму үстемдігін сараптауда үстемдікке қол жет­кізеді. Оның үстіне, бұл тақырып төңі­регінде жалданып жазатындардың, көз­бояушылықпен айналысатындардың қа­тары көбейетінін де ескерген жөн. Әрине, сондай кезде халыққа ең жа­қыны да тартымдысы әлеуметтік жур­на­листика болмақ. Оның өкілдері шынайы өмірде адамдарға жасалатын нақты кө­мектерді, шиеленіскен проблемаларды дер кезінде ортаға салып, әлеуметтік жаңғыр­туға бағытталған бастамалардың қалай жүзеге асқанын, асатынын байыптауы тиіс. Журналистиканың ешқашан ескір­мейтін тағы бір түрін атап өткеніміз жөн. Ол – көптің көңілінен шығатын, ауқымы мен тереңдігі жағынан кез келген рейтинг бәйгесінде топ жаратын, телехабарларға, аналитикалық, деректі фильмдерге де дес бермейтін, баспасөздің көп жанрын қам­тып, бойына сіңіріп алған мазмұндық журналистика. Көлеміне қарамастан, бұ­қаралық ақпарат құралдарының қайсысы­нан орын бұйырса да, әлеуметтік желілер­дің өзінде де оның айдарынан жел есіп тұрады. Өйткені бұл саладағы журналистер эмоция жетегінде кетпей,  азаматтық по­зицияны дәріптейді, халықтың немесе тарихтың өзі бағалаған оқиғаны немесе кейіпкерлерді  нақты фактілерге сүйеніп қана айтады. Мұндай материалдар көбі­несе жекеменшік басылымдарда немесе жеке студияларда әзірленетіні де құпия емес. «Жалпы, қазіргі журналистерге не же­тіспейді?» деген өте-мөте таныс сұраққа «уақыт және қаржы жетіспейді» деп одан да келте жауап қайыруға болар еді. Бірақ жаңа заманның талабын айтуды парыз санаймыз. «Газет – ұжымдық насихатшы, ұжымдық үгітші ғана емес, сонымен бірге ұжымдық ұйымдастырушы» деген Ле­ниннің анықтамасы 120 жыл ішінде көкейкестілігінен айырылғанын ескерген жөн. Баспасөздің міндеті тым ұлғайып кетті, тіпті күн өткен сайын оған қосымша жүк артылатын сияқты. Біріншіден, қандай «насихатшы» болса да, оның сапасы заманға сай өсіп отыруға мін­детті еді. Қазіргі талғамы биік оқыр­ман­ның таңдау құқығына қол салмай, оның азаматтық көзқарасының қалып­тасуына мүмкіндік жасауды мойнына алған баспасөз ғана заманауи ортаны қа­лыптастырушы бұқаралық ақпарат құра­лы­на айналады. Бұл – бүгінгі күннің та­лабы. Екіншіден, оқырман мен көрермен жаңа ақпараттық технологияларды үйрен­бей-ақ келеді. Олар бұрынғы дағды­сына салып, жалған ақпараттың өзін құлағына құйып алады. Қазіргі ақпараттық саясатқа, саяси технологияға ойлы, көзі ашық ауди­тория ғана бейімделе алады. Ал қалған қа­лың бөлігі дұрыс насихат пен бұрыс ақпараттың аражігін ажыратуды әлі күнге дейін өз міндетіне алғысы келмейді. Десе де, интернет, басқа да ақпарат көздері да­мыған заманда бұл – әр адамның құқы­ғы мен жауапкершілігі. – Жақында Ақпарат саласын да­­мыту­дың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту бойынша Үкімет қаулысы шық­қаны белгілі. Осы ұлттық жос­пар­да мер­зімді баспасөзді сарап­та­ма­лық бағытта дамытудың маңы­зы, мәтінді деректермен, инфог­ра­фикамен байытудың артықшы­лы­ғы баса айтылған. Біз өз газе­тімізде осы бағытты мүмкіндігін­ше ұстануға тырысып келеміз. Десе де, аналитика жасайтын, зерт­тей білетін білікті кадр жетіс­пеушілігі анық сезіледі. Оның сыр­тында, газетті жеткізу, тара­туда олқылықтар жетіп артылады.  «Өзіңмен өзің бол» дейтін емес, мемлекеттік деңгейде шешімін күтіп отырған мәселелер бұл, ме­ніңше. Сіздің пікіріңізді білсек. – Әрине, Үкіметтің ақпарат саласын да­мытуға арналған ұлттық жоспарды бекітуі еліміздегі медиа нарығының талабынан туындап отыр. Өйткені дүние бір орнында тұрмайды, қоғамдық қатынастар, еларалық байланыстар түрленіп, әлем өзгеріп жатыр. Соның бәрін күнделікті, тіпті сағат сайын бізге жеткізіп отырған – ғаламдық ақпараттық кеңістік. Қазақстандық БАҚ аталған кеңістікке кірігіп, өз орнын табуы үшін жұмысты жаңаша құруға тырысып жатыр. Айтар­лықтай жетістіктері де бар. Жан-жақты сараптама негізінде түзілген жоспардың мақсаты мен міндеттері ашық, нақты әрі айқын. Алайда елеулі, тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін ең бірінші кезекте кәсіби журналистердің жұмыс істеуіне, жақсы табыс табуына мүмкіндік беретін заманауи механизмдерді іске қосу керек. Ол  – әр түрлі дәстүрлі марапаттар ғана емес,  жалпыұлттық журналистиканың деңгейін көтеретін, кадрлық сапасын арттыратын шараларды қамтитын жаңаша көзқарасты қалыптастыру үрдісі. Оның ішіне жиі айтылып жүрген салалық журналистиканы дамыту, халықаралық журналистиканы жолға қою кіреді. Мәселен, өте беделді әлемдік басылымдарда 50-60 сарапшы маман жазған зерттеу, талдау материал­дарының негізінде, бұрын-соңды басқа жерде жарияланбаған толымды бір ғана мақала басып шығаруы мүмкін. Сол ар­қылы кәсіби журналистер іріктеле бас­тайды. Мұндай тәжірибені еліміздегі БАҚ-тар жекелеген үлкен, дара тақырыптарда пай­далана алар еді. Сонда ғана БАҚ-тың ық­палы артып, қалың оқырманның ықы­ласы, қызығушылығы таралымды кө­бей­теді, тиісті министрліктер мен ведомст­во­лар, басқа да мамандар санасатын болады. Шындығын айтсақ, бұл сала қазір қиын кезеңді бастан өткізіп жатыр. Өйт­кені ақпараттың көлемі ғана емес, жыл­дамдығы да бірнеше еселеп көбейген за­манда өмір сүріп жатырмыз. Ақпарат атау­лы жарықтан кейінгі ең жедел, барын­ша шұғыл, аса қымбат тауарға айналды. Әлем осылай бағалаған нәрсеге біздің басқаша қарауға құқымыз да жоқ. – Қазір жыл өткен сайын мер­зімді ба­сы­лымдардың тиражы кеміп, көп басы­лымдар «шықпа жаным, шықпалап» күн кешіп жатқаны жасырын емес. Әрине, нарық­тық кезеңде біз не нәрсенің де ал­дымен экономикалық пай­да­сын көбірек қарастыра­тыны­мыз түсінікті. Десе де, газеттің шы­ғыны көп болып, өзін-өзі ақта­ма­ғанмен, оның идеологиялық тиімділігін  ұмытпаған дұрыс шы­ғар. Мәселен, бірқатар Еуропа елдерінде БАҚ-ты, оның ішінде газет-журналдарды қолдау үшін мемлекеттен субсидия бөлінеді. Сол секілді біздің елде ақпарат құралдарын қолдаудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз? – Журналист мамандығы кедейленіп ба­рады. Ол қарқынды, қызу бәсекенің, жарнама көлемінің кемуіне, таралымның азаюына байланысты. Ақпараттың балама көзі – әлеуметтік желінің де әсері жоқ емес. Дамыған өркениетті елдерде олар қатар өмір сүріп жатыр және ең беделді БАҚ-тар оқырманы мен көрерменіне қо­сымша өзінің сапалы сайтын ұсынады. Мұны мәртебе, мақтан деп емес, нарықтың, яғни тұтынушылардың сұранысын қана­ғаттандыру деп түсінеді. Ал олардың тал­ғамы да ұдайы өсіп отырады. Яғни қоғам­дық сананың өзгеруіне қарай шығар­ма­шылық жұмыстың өрісі де кеңейе бермек. Үш-төрт айдан бергі мәжбүрлі карантин салдарынан көптеген кәсіпорын амалсыз жұмысын тежеді. Бұл жағдай жалпы БАҚ-қа ауыр тиді. Сауда-саттық, шағын биз­неске көрсетіліп жатқан қолдаудан жур­налистер де шет қалмауы үшін тиісті талдау жүргізу артық болмас еді. Өйткені тауарлар мен қызметтерді тұтыну нарығы көп нәрсені шешетінін ескерген жөн. Мем­лекет тарапынан ақша бөлудің орнына жәрдем көрсетудің басқа да жолдары бар. Мәселен, баспасөзді таратқаны үшін поштаның қызметіне мемлекеттік және өңірлік субсидиялар мен жеңілдіктер беру. Жалпы, газет-журнал басып шығаруға, таратуға тек «шығындар статьясы» деп қа­на емес, жауапты саланың, жауапты биз­нестің маңызды әлеуметтік қызметі деп қарайтын уақыт келді. Сондай-ақ қағаздың құны валютаның өсіміне тәуелді екені белгілі. Қазір Қазақ­станда өндірілмейтін,  жасалмайтын қағаз, бояу, басқа да материалдарға бажды жоққа шығаруды (обнулить) неге қарастырмасқа? Сонымен бірге басылымдарды тарату­шыларға қосымша құн салығын да азайту керек. Үкімет қосымша қаржы бөлмей-ақ, баспасөздің  қаржы табуына, яғни бірқатар мәселені өзінің шешуіне мүмкіндік туғызғаны абзал. Сонда Ұлттық жоспарда көзделген сараптамалық аналитика да, инфография жайы да, қаламақы кестесін қайта есептеу де шешілер еді. Баспасөз әлеуметтік тауар болғандықтан, қазіргі 12 пайыз қосымша құн салығын 4-5 пайызға кеміту арқылы медиа саласында дағд­а­рыстың алдын алуға болады деп есептей­міз. Мұндай қадам елімізде журналистік кәсіпке, мамандыққа деген қызығушы­лықты сақтап қалуға әрі дамытуға мүмкін­дік береді. Биыл мемлекеттік ақпараттық саясат­ты жүргізуге республикалық бюджеттен 56,7 миллиард теңге қарастырылып отыр. Құбылған әлем жарысында еліміздегі телевизия саласының, баспасөз ин­дустриясы мен әлеуметтік желілердің бә­секеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бұл қаржы толық жетпейтінін  де ашық айтуға тиіспіз. Сондықтан мемлекетіміз алға қойған ауқымды міндеттерді орындап, биік мұратқа жету үшін, рухани жаң­ғыруды үздіксіз жүзеге асыру үшін әрбір журналистің отаншылдық қасиетіне, кәсіби адалдығына үміт артып, сенім білдіреді. Ел сұранысы мен қаламгер ниеті үйлескенде нәтиже де оң, еңбек те табысты болмақ. – Тағы да сол ұлттық жоспарда аза­маттық журналистика өкілдері мен блогерлердің құқықтық мәр­тебесін айқындау жөнінде жазыл­ған. Мұны әлеуметтік желі күш алып тұрған шақта, блогерлердің жауап­кершілігін арттыруға бағыт­талған шара деп ұқтық. – Азаматтық журналистика өкілдері мен блогерлердің құқықтық мәртебесін айқындау қос тарапқа да пайдалы болады деп ойлаймын. Тіпті, қалай аталса да ол БАҚ өнімін береді. Осыған байланысты грузин жазушысы Нодар Думбадзенің жазғаны еске түсіп отыр. Америкадағы бір кездесуде одан: «Социалистік реализмнің мәні не?» деп сұрағанда, ол: «Шынымды айтсам, соны өзім де жақсы білмейді екенмін. Біздің елде  «Завтрак туриста» деп аталатын балық консервісі шығады. Бір жолы соны алып, түскі аста жеп көрдім, бәрібір тәтті екен» деп жауап қайырған екен. Сол айтқандай, бар мәселе – оқыр­манға арналып жазылған дүниесінде. Ол үшін міндетті түрде журналист болу да шарт емес, сөз өнерін шебер меңгерген аза­маттардың жазғанын оқырман әрқа­шан жақсы қабылдайды.  

Сұхбаттасқан Қуат ӘУЕСБАЙ