Мақтааралдықтарға көмек көрсетілді  

Мақтааралдықтарға көмек көрсетілді  

Мақтааралдықтарға көмек көрсетілді   
ашық дереккөзі
Түркістан облысының Мақтаарал ауданына Қазақстан Кәсіп­одақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңе­сінің төрағасы Нусуратулла Пардаев барды. Екі тараптың келісімімен Қа­зақ­стан Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) жә­не Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы (ӨКФ) тарапынан мамыр айының басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан болған су тасқынынан зар­дап шеккен елді мекен тұрғындарына қайы­рымдылық көмек көрсетілді. Қазақ­стан және Өзбекстан делегациясы «Өргебас» және Фердоуси ауылдарына барып, су апаты зардабын жою барысындағы атқарылған жұмыстардың барысымен және Достық, Жеңіс, Жаңатұрмыс елді мекендеріндегі су тас­қыны кесірінен баспанасыз қалған аза­маттарға салынып жатқан тұрғын үйлердің құры­лысымен танысты. Қазақстан Кәсіподақтар федера­ция­сы­ның төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Мақ­таарал ауданының тұрғындарына арнаған сө­зінде Сардоба су қоймасында болған апат­тың алғашқы күнінен бастап Қазақстан хал­қы су тасқынынан зардап шеккен елді ме­кен тұрғындарына қол ұшын созып, кө­мек бергенін жеткізді. Одан Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы да шет қалған жоқ. Кәсіподақ төрағасы «жылу дәстүрінің» ежелден келе жатқанын еске салды. «Мұқтаж жанмен өз жылуымен бөлісу дәстүрі қазақ халқының қанында бар. Сон­дықтан да, біз осындамыз. Осындай қажетті іс-шараларды жедел түрде қарастырып, жүзеге асырған Президент пен Үкіметке өз ри­зашылығымды білдіргім келеді. Өзбек­стан Кәсіподақтар федерациясымен ортақ келісім бойынша Мақтаарал ауданы елді ме­кендері тұрғындарын қолдау мақсатында бірлесіп 66 миллион теңгенің көмегін көр­сету туралы шешім қабылдадық. Біз төрт орта білім беретін мектептерге интерактивті ком­пьютерлік сыныптардың толық жаб­дығын тапсырамыз», – деді С.Дәулеталин.