Nur Otan мақтааралдықтардың өтінішін орындады

Nur Otan мақтааралдықтардың өтінішін орындады

Nur Otan мақтааралдықтардың өтінішін орындады
ашық дереккөзі
Биыл Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданындағы 5 ауыл зардап шекті. Алғашқы күннен бастап апат орнына «Nur Otan» партиясының өкілдері де жедел жетіп, топан су салдарын жою жұмыстарына белсене кіріскен  еді. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мақтааралдық тұрғындармен кездесіп, бірқатар мәселелерді бақылауға алған болатын. Сол сапар қорытындысына сәйкес, Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорының демеушілігімен, партияның үйлестіруімен Мырзакентте 20 үй салынып жатыр. Сонымен бірге мырзашөлдіктер егістік алқаптарын қалпына келтіру, техникаларды жанар-жағармаймен қамту мәселесін қозғаған еді. Бұл өтініш партия бақылауына алынып, бүгінде Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптары қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы ауданда шаруаларға 4 160 тонна жанар-жағармай бөлінген. Ал 25 мамырда су басқан аумақтардағы егістік алқаптарын қайта өңдеп, тұқым себу үшін көршілес Өзбекстан көмек ретінде  243,6 тонна мақта шиті, 15 чизель агрегаты, 11 қопсытқыш, 14 дән сепкіш және өзге де арнайы техникаларын жіберді. «Nur Otan» партиясының Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаевтың мәлімдеуінше, диқандардың өтініші бойынша жерді қайта өңдеу, мақта егу жұмыстары жоғары деңгейде атқарылып жатыр. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, тұрғындардың талап-тілектері мен өтініштерінің оң шешілуі – әрдайым партия назарында. «Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты партия өкілдері тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Мырзакентте «Біргеміз» қорының қолдауымен салынып жатқан 20 үйдің құрылысын партия филиалы үйлестіруде. Сондай-ақ былтыр жарылыстан кейін Арыс қаласындағы  жатақхананың тұрғындары баспанасыз қалғандарын айтып шағымданған болатын. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде көпқабатты үйлер талапқа сай салынды. Жалпы қандай жағдай болса да елдің қасынан табылып жүрген «Nur Otan» алдағы уақытта да Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша жұмысын жалғастыра береді», – дейді Бейсенбай Тәжібаев.