Киік мүйізін сатпақ болғандар сотталды

Киік мүйізін сатпақ болғандар сотталды

Киік мүйізін сатпақ болғандар сотталды
ашық дереккөзі
Қазталов аудандық сотының үкімімен 227 дана киік мүйізін сатпақ болғандар сотталды. Қазталов аудандық полиция бөлімі мәлім еткеніндей, Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылының тұрғындары Бекболат Жұмақаев пен Бақытжан Қажығалиев ҚР ҚК 339-бабы 2-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, мүліктерін тәркілеусіз, әрқайсысы үш жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Сонымен қатар олар бес жылға дейін аңшылық қызметпен айналыса алмайды. Сот талқысында белгілі болғанындай, аталған тұрғындар 2019 жылдың қарашасы мен биылғы сәуір айы аралығында Күйгенкөл мен Қазталов ауданы Тереңкөл ауылдық округі шекарасында орналасқан Ащыөзек өзені бойына бірнеше рет барып, өліп жатқан киіктердің мүйізін кескен. Барлығы 227 дана мүйізді жинап, Күйгенкөл ауылы маңындағы шұңқырда жасырын сақтаған. Содан кейін 22 сәуір күні кездесіп, алдын ала сөз байласып, мүйіздерді қапқа салып, сату мақсатымен Б.Жұмақаев айдаған «Фольксваген Гольф-2» автокөлігімен Қазталов ауданы Қошанкөл ауылдық округіне қарасты Қарасу қыстағына тасымалдаған. Сол жерде полиция қызметкерлерінің қолына түскен. Сот мәжілісінде Б.Жұмақаев пен Б.Қажығалиев өздеріне тағылған айыпты толық мойындап, қылмыс жасағандарына өкініп, қатаң жазаламауды сұрады. Сотталушылардың әрекеттерінде киікті нақты жою және табиғатқа зиян келтіру дерегі анықталмағандықтан, жәбірленуші мемлекеттік мекеменің 464 млн 967,750 мың теңгені материалдық залал ретінде өндіру туралы азаматтық талабы қанағаттандырылмады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.