«Nur Otan» партиясының праймериз өткізу ережесі жарияланды

«Nur Otan» партиясының праймериз өткізу ережесі жарияланды

«Nur Otan» партиясының праймериз өткізу ережесі жарияланды
ашық дереккөзі
«Nur Otan» партиясының ресми сайтында партияның Саяси кеңесі бекіткен, партияішілік іріктеуді өткізу ережесі жарияланды. Бұған дейін «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойған болатын. Ережеге сәйкес, праймериздің міндеті – «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру, елді дамыту мәселелерін талқылауға көпшілікті жұмылдыру, аймақтардағы жүйелі жұмыс үшін өзекті мәселелерді анықтау, сондай-ақ, кандидаттардың жеке жауапкершілігін арттыру. Партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген қазақстандық үміткер бола алады. Егер кандидат партия мүшесі болмаса, ол праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін партия қатарына қосыла алады. Кандидаттар бастауыш партия ұйымынан және бір облыс, қала немесе ауданнан өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Парламент Мәжілісінің қазіргі депутаттары да праймеризге кандидат ретінде партиялардың облыстық филиалдарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының конференцияларында жарыссөздерге қатыса алады. Үгіт-насихат жұмыстарын тікелей кандидаттардың өздері жүзеге асырады және ол партия мүшелерімен кездесулерді, БАҚ пен әлеуметтік желілерде мақалалар мен жазбалар жариялауды қамтиды. Жарыссөздерге қатысу барлық кандидаттар үшін міндетті. Кандидаттар белгілі бір елді мекендердің мәселелерін кәсіби қызметке сәйкес шешуге қатысты көзқарастарын ұсынады. Партияішілік іріктеу ережесінде дауыс беру барысының ашықтығын қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған. Барлық кезеңдерді Партиялық бақылау комитеті бақылайды. Ал оның құрамына партия мүшесі болып табылмайтын қоғам белсенділері де кіреді. Дауыстарды санауды учаскелік есеп комиссиялары әр кандидаттың бақылаушыларының қатысуымен жүргізеді. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес, партиялық тізімдерде кемінде 30% әйелдер және 20%-ы 35 жасқа дейінгі жастар ұсынылуы керек. Праймеризді өткізу ережелермен толығырақ партияның сайтында танысуға болады. Еске сала кетейік, кеше партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі өзінің парақшасында, алдағы праймериз – бұл Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі екенін атап өткен еді. Праймериздің негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіндегі тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау. Оның айтуынша, алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріліп, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып отыр. «Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс». Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету – партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз», – деді ол.