Зейнетақы жарнасы екі есе қысқарады – заң жобасы

Зейнетақы жарнасы екі есе қысқарады – заң жобасы

Зейнетақы жарнасы екі есе қысқарады – заң жобасы
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, – деп жазды ҚазАқпараті. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Парламент депутаттары әзірлеген заң жобасы халықтың валюталық ипотекалық қарызы мәселелерін, сонымен бірге төлем қызметтері нарығындағы субъектілердің реттелуін жетілдіру сұрақтарын қамтиды. Тұңғыш Президент 2018 жылдың 10 қаңтарындағы Жолдауында халықтың валюталық ипотекалық қарызы бойынша нақты шешім қабылдауды тапсырған еді. 2018 жылдың 27 наурызында ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы басталды. Ол 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін 2015 жылдың 18 тамызындағы теңге бағамы бойынша (1 доллар – 188,35 теңге) жеке тұлғаларға берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруды қарастырды», – деді Мәжілістің жалпы отырысында депутат Сергей Симонов. Оның айтуына қарағанда, валюталық ипотекалық қарыз алушыларды бағдарламамен толыққанды қамтамасыз етіп, келешекте валюта бойынша қауіптерді сейілту үшін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу көзделген. Ол бойынша банктерге қарыз алушының өтінішінсіз 2015 жылдың 18 тамызындағы бағам бойынша жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарының конвертациясын жүргізу құқығы берілмек. «Бұл бағыттағы жұмыс қысқа уақыттың ішінде Елбасының тапсырмасын орындауға жол ашады. Төлем қызметтері нарығындағы субъектілерді реттеуді жетілдіру бойынша: 2019 жылдың 2 қыркүйегінде өз Жолдауында Мемлекет басшысы ақшаның жылыстауы мен банктік емес қаржылық ұйымдардың қызметі арқылы шетелге капитал шығару қаупін азайту үшін қосымша шараларды қабылдауды тапсырған еді. Осыған байланысты құқыққа қарсы операцияларды жетілдіру үшін төлем ұйымдарының қызмет мүмкіндіктерін азайтатын өзгерістер жасалды. Нақтырақ айтқанда қолданушының идентификациясы бойынша жаңа талаптар енгізіледі. Белгісіз (анонимді) әмияндар арасындағы аударымдарға тыйым салынады. Операция барысында лимит енгізіледі. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін төлем сервисінің мүмкіндіктері кеңейтіледі», – деді спикер заң жобасының нормаларын түсіндіре отырып. Ол сонымен бірге төлем ұйымдарының жарғылық капиталының төменгі мөлшерін анықтау бойынша Ұлттық банктің құзіреті артып келе жатқанын атап өтті. Құқыққа қарсы операциялардың үрдістерін қамтамасыз ету бойынша төлем жүйесі операторына міндеттемелер жүктеледі. «Ұсынылып отырған өзгерістер қолма-қол ақшасыз ақша айналымының ашықтығын арттыруға, ақшаны жылыстату қаупін азайтатын механизм құруға, төлем қызметі тұтынушыларының құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Аталмыш заң жобасының аясында Үкімет құрған 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарды жүзеге асыруға бағытталған өзгерістер енгізіліп отыр. Бұл нормалар ірі инвестициялық жоба аясында заңды тұлғалар үшін заңнамаға өзгерістер енгізілген кезде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Микроқаржылық қызмет ұсынатын ұйымдардың жұмысына лизензияны енгізу көзделеді. Тұрғын үй жинақ банкінің жұмысын жетілдіріп, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндердің (яғни фрилансерлердің) зейнетақы жарнасын 10-нан 5 пайызға төмендетуге жол ашады», – деді депутат.