31 Мамыр, 20:53 572 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Әлі де ашылмаған ақтаңдақтарымыз қаншама – Бауыржан Байбек

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жазба жариялады.

Қадірлі отандастар!
Бүгін – елімізде Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
Тұтас ұлттың жартысына жуығының ғұмырын қиған алапат аштық құрбандары мен әйгілі 37-нің, одан бергідегі қуғындауларда опат болған ұлттың бетке ұстар тұлғаларының ғазиз рухтарына бас иер тағзым күні. Ұлт тарихының зобалаңға толы күрделі кезеңін, ауыр зардабын зерделер, сана сүзгісінен өткізер тағлым мезеті.
Өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы кеңестік саяси қуғын-сүргіннің ұлтымызға келтірген қасіреті орасан.
Қолда бар деректерге сүйенсек, 1930 жылдардағы аштықта ұлтымыздың жартысына жуығы қырылды. Бір миллиондай қандасымыз тарыдай шашырап, шет елдерге босып кетті.
Озық ойлы, алдыңғы қатарлы 100 мыңдай азаматымыз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, 20 мыңдайы атылды.
Зұлмат жылдары Кеңес одағының жер-жерінен Қазақ еліне түрлі ұлт өкілдері мәжбүрлеп жер аударылып, олардың да көпшілігі тағдыр тауқыметін бірге тартты. Қаншамасы осы жерде мәңгілік тыныс тапты.
Ұлт басына осыншама ғаламат қайғы-қасірет әкелген бұл нәубет ешқашан ұмытылмайды.
Осыны ескеріп, еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы өз Жарлығымен 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіледі.
Содан бері еліміздің жер-жерінде қуғын-сүргін құрбандарына арнап көптеген ескерткіштер салынды, музейлер ашылды, құрбандардың есімдері мәрмәр тақталарға ойып жазылды. Архив деректері ашылып, көптеген зерттеулер жүргізілді.
Әлі де ашылмаған ақтаңдақтарымыз қаншама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кешегі үндеуінде «тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды» тапсыруы осы олқылықтардың орнын толтыруға зор серпін бермек.
Қашанда ел бірлігі мен ынтымағын мақсат тұтқан «Nur Otan» партиясы да ұлтымыздың тарихындағы мұндай қасіретті кезеңдерді ұрпақ жадында сақтауға, өткеннен сабақ алуға үндейтін шараларға мұрындық болып келеді. Партия жанындағы «Мирас» кеңесі де бұл іске тиісінше атсалысатын болады.
Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен өтсе де ұлтымыздың қайсар рухы, алмастай жігері мұқалмады. Кешегі Алаш арыстарының асыл армандары орындалып, өз алдына дербес, әлем таныған қуатты ел болды. Енді жоғымызды түгендеп, барымызды бағалап, елдігімізді нығайту - бәрімізге ортақ парыз. Аталы сөзге, салиқалы басшыға жүгінсек, бізді сыртымыздан жау, ішімізден дау алмайды. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана».
Ұлтымыздың басында мұндай нәубет ешқашан қайталанбасын.
Еліміздің іргесі берік, бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын.

Соңғы жаңалықтар