Талдықорғанда коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шаралары күшейді

Талдықорғанда коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шаралары күшейді

Талдықорғанда коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шаралары күшейді
ашық дереккөзі
Талдықорған қаласында коронавирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында алдын алу шараларымен қатар, қауіпсіздік шаралары да күшейтілді. «Облыс орталығына кіреберістерде 4 санитарлық бекет тұр. Қазіргі уақытта бекеттегі полицейлердің саны артып, бекет жұмысына 40 қызметкер жұмылдырылған. Көліктердің белсенді қозғалысы «Алматы – Талдықорған», «Текелі – Талдықорған», «Үштөбе – Талдықорған» санитарлық бекеттерінде тіркелді. Дегенмен, аталған орындарда көлік кептелісі жоқ екенін атап өту қажет», – деді Талдықорған қалалық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асқар Нұрсапа. Санитарлық бекеттерде тәртіп сақшылары облыс орталығына кіруге ниетті азаматтардың қалада тіркеуде екенін тексереді немесе қалаға кіруге берілген рұқсат құжаттарын қарайды. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы күшіне енген сәттен бастап, яғни 17 мамырдан бүгінге дейін 8207 автокөлік пен 18568 азамат тексерілген. «Сондай-ақ, індет жұқтырған тұлғалар мен олармен байланыста болғандардың, сонымен қатар провизорлық, карантиндік стационарлардың және үй карантиніне жатқызылған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайын тәулік бойы оқшаулау жүзеге асырылуда. Басты назар халық арасында карантиндік шараларды сақтау, оның ішінде масканы үнемі тағу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аударылып отыр. Бақтарда, гүлзарларда рейдтер жүргізіліп, тұрғындардың топталып жүрмеуін қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Күн сайын сауда орындарында да рейдтер жүргізіліп, Талдықорған қаласы бас санитарлық дәрігері қаулысының орындалуы тексерілуде», – деп толықтырды полковник Асқар Нұрсапа. Полицейлер індеттің жаппай таралуының алдын алу үшін жеке санитарлық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және карантин ережелерін бұзбауды сұрайды.