20 Мамыр, 11:15 428 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Бейбіт жиындар туралы заң жобасы: мәжіліс депутаттары дауыс берді

Мәжіліс депутаттары «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап, дауыс берді, – деп жазды ҚазАқпарат.

«Заңнама және сот, құқықтық реформа комитеті аталған заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарап шығып, мына жайларды атап өтеді. Сенаттың түзетулері Мәжіліс мақұлдаған тұжырымдама мен мазмұнды өзгертпейді әрі оның жекелеген нормаларын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстық маңызы бар әкімшілік орталық аудандарында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырудың арнайы орындарының міндетті санын белгілеу, тұрмыс-тіршілік нысандарының, көлік пен өзге де инфрақұрылымның жұмыс істеуінің бұзылуы, азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіру сияқты бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту негізін алып тастау ұсынылады. Өйткені мұндай кедергілерді билік нақты әрі арнайы орынды белгілеу кезінде ескеруі және олардың алдын алуы тиіс», –деді Заңнама және сот, құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Қанат Мусин Мәжілістің жалпы отырысында.

Мәжіліс депутаты егер мұндай бұзушылықтар жойылса бейбіт жиналысқа жекелеген қатысушылардың құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне байланысты жиналысты тоқтатуды болғызбау және бейбіт жиналыс барысында денсаулықты қорғауға арналған жеке қорғаныс құралдарын пайдалануға рұқсат беру ұсынылатынын мәлім етті.

«Сонымен қатар заң жобасының жекелеген нормаларының құрылымын жетілдіру мақсатында түзетулер енгізілді. Комитет «ҚР-да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуді ұсынады», – деді ол.

Заң жобасы бойынша Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап дауыс берді.

Соңғы жаңалықтар