19 Мамыр, 11:54 370 0 Экономика Анар ЛЕПЕСОВА

Жеке кәсіпкерлерге 6 пайызбен 20 млн теңгеге дейін несие беріледі – министр

Шағын және орта бизнес өкілдеріне 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие беріледі. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. 

Министрдің айтуынша, "Бизнестің жол картасы–2025" бағдарламасына "микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау" бойынша жаңа бағыт енгізіледі.

"Субсидиялау есебінен қаржыландыру қолжетімді болады. Мөлшерлеме 6 проценттен аспайды. Несие айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңгеге дейін және өндірістік мақсаттарға 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл микробизнес өкілдерінің үлкен тобын қамтуға мүмкіндік береді", – деді Р.Дәленов.

Министрдің атап өтуінше, микробизнес үшін жаңа формат бойынша оқыту енгізіледі, бұл да қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетеді.

Сонымен қатар, банктер мен микроқаржы ұйымдарының кредиті бойынша төлем мерзімі ұзартылатын салалардың тізбесі кеңейтілді.

Арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік және салық есептерін жүргізу жеңілдетіледі.

"Жеке кәсіпкерлердің жалдамалы қызметкерлері мен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жүктемені төмендету және міндетті төлемдерді төлеуді оңайлату мәселесі пысықталуда. Салық органдарына салық есептілігін алдын ала декларациялау міндеті жүктеледі, бұл бизнеске әкімшілік ауыртпалықты азайтады", – деді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Руслан Дәленов логистика мен туризмді қолдау шараларын жариялады.

Сондай-ақ, отандық авиацияның  тынысын ашатын жеңілдіктерге тоқталды.

Бұдан бөлек, елімізде еңбек нарығындағы жағдайды жедел жақсарту мақсатында жұмыссыз мәртебесін алу үшін тіркеуді оңайлату шаралары қабылданады.

 

Соңғы жаңалықтар