АҚ ҚАЙЫҢДЫ АЙМАҚҚА АПАРАР ЖОЛ

АҚ ҚАЙЫҢДЫ АЙМАҚҚА АПАРАР ЖОЛ

АҚ ҚАЙЫҢДЫ АЙМАҚҚА АПАРАР ЖОЛ
ашық дереккөзі
Әлемнің талай елін аралап, танып-біліп, қанып жүрсек те, Солтүстік Қазақстан облысына бір рет те жолымыз түспепті. Сол себепті «Солтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған ха­лықаралық конфе­рен­цияға шақырту алғанымызда жұмысбас­тылы­ғымызға қара­мастан, қатысуға бірден келісім бердік. Елордадан солтүстікке қарай жүйт­кіген пойыз терезесінен сырт­қа көз сүзіп келемін. Қалың қар жа­­­мылып жатқан теп-тегіс, ұшы-қиыры жоқ кең дала біртіндеп ор­ман-тоғайға ұласа бастады. Қа­зақ­тың бағына біткен құйқалы жері, сұлу табиғаты көз жаулайды. Ке­зін­де отаршыл жүйе қалың қазақты шөл­ді-шөлейтті аймақтарға ығыс­тыра қуып, құйтырқы саясатпен тар­тып алған құнарлы жеріміз елі­міз тәуелсіздікке қол жеткізуінің ар­қасында байырғы иесіне қайтып жат­қанына іштей тәубешілік етіп, ва­гон терезесінен сыртқы көрініске тел­мірген күйде ұзағынан сүйін­дір­гей деп тіледік. Кереметтің көкесін Ақмола об­лы­сынан өтіп, Солтүстік Қазақстан об­лысының шекарасына пойыз та­баны тиген кезде байқадық. Бір­те-бірте қалыңдай түскен  шоғыр-шо­ғыр аққайыңдар алаңқайлары көз­дің жауын алады. Бұрын мұн­дай­ды көрмеген біздер үшін ғажап кө­рініс. Қысының өзі осынша сұлу, жазы қандай болар екен деген ой са­н­амызда жылт бергенін де жа­сы­ра алман. Даланың осы сәнді кө­рі­ні­сі жолымыздың өн бойында қа­сы­мыздан қалмай, жан дүниемізді сұлуландырып, ерді де отырды. Сон­дай сезімде отырып, осындай сұлу, киелі жеріміз бар екенін әрбір қа­зақ сезінетіндей, сезініп қана қой­май, оны көруге, ол да аз, осын­да тұруға асығатындай етіп неге паш етпейді мына кербез даланың та­­­ланттары деп ойладық. Вагонда әңгіме өрбітіп, жол қыс­­­қартқан көршім – Петропавл қа­ласындағы  әскери оқу орнында оқи­тын курсант жігіт Жанаттың ай­туына қарағанда, бұл жақтың қы­сы астанаға қарағанда суықтау бол­ғанымен, жеңілдеу қабыл­дана­ды, аса қатты тоңдырмайды екен. Өй­те­тіні айнала қоршаған орман-то­ғай жел­ден пана. Екі күндік сапар бары­сында соған көзіміз анық  жет­ті. Астанадан кеш түсе жылжыған пойыз ертеңіне сәскеде Пет­ро­павл­ға жетіп тоқтады. Осы жерде біз біл­мейтін тосын жай көктегі көңі­лі­­мізді су сепкендей басты. Қала­ның теміржол бекеті Ресей Феде­ра­циясының меншігіне қарайты­нын естігенімізде, оған сенерімізді де, сенбесімізді де білмей, тосырқай қа­былдап, тіксініп қалдық. Тәуелсіз ел­дің білдей бір облысының бас қа­ласының қақ ортасынан ойып тұ­рып меншік алу деген не нәрсе? Әлем­нің бірде-бір елінде мұндай бас­сыздық жоқ шығар, сірә. Сұрап біл­сек, теміржол бекеті орналасқан жер көрші елдің меншігінде болған­дықтан, оған аттап басқан адам сол елдің заңына бағынуы тиіс көрінеді. Бе­кетте жұмыс істейтіндердің бар­лығы сол елдің азаматтары. Алатын жа­лақылары да көрші елдің ақша­сы. Сонда қалай, олар Қазақстанның қаласында қызмет етіп жүрсе де, біздің елдің заңына бағынбай ма? Қы­зылжардың бар игілігін пайда­ла­на­ды да, салығын төлемей ме? Оны қойшы, бейбіт заманда бүліне қоймас, бетін аулақ қылсын, ұлы көр­шімізбен саясат салқындай қал­са, не болады? Осыны ойлаған кісі бар ма? Ойымыздан шықпай, күні бү­гінге дейін жанымызды ауыртып жүр­ген жай бұл. «Тосын сыйдан» тосырқап тұр­ған түрімізді жылытқаны – де­ма­лыс күні екеніне қарамастан, ал­ды­мыз­дан арнайы қарсы алуға шық­қан қос азаматтың қазақи ыстық ықы­ласы болды. «Солтүстік Қазақ­стан» газетінің бас редакторы Ер­ба­қыт Амантай да, М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мем­ле­кет­тік университеті «Журналис­ти­ка» кафедрасының меңгерушісі, ғы­лым кандидаты, доцент Айсұлу Жақсылыққызы да, жас болса да, бас болып, үлкен іске жетекшілік етіп жүрген әріптестеріміз екен. Күн­ұзақ әңгімелерінен Солтүстік Қа­­­зақстан туралы мағлұматым есе­леп артты, көп-көрім көкірек кө­зім ашылып, оң-солды тануға мүм­­кін­дік туды. Дән риза бол­­май көріңіз енді осыдан кейін. Сапарым­ның шарықтау шыңы ер­­тең­гі­сі­не дайында­лып­­ты. Ша­қыру­шы­ларымның алаш­танушы ға­лымға алаш ардақ­тысы Мағжан Жұмабайдың кіндік қаны тамған Сасықкөлді көрсетуден артық құр­мет болмас деп шешкендерін есті­ген­де көңілім өсті. Сасықкөлдің жа­­ғасына қоныс тепкен ауылдың қа­зіргі аты Сарытомар деп аталады екен. Қызылжардан солтүстікке қа­рай 80 шақырым жолды ба­ғын­дырсаңыз, жетіп барасыз. Жолы тақ­тайдай теп-тегіс. Алайда қыс ауа­сы болғандықтан баяу жүруге тура келді. Аздап қар ұшқындап, бо­ран басталардай күй танытып тұр­ды. Астымыздағы аласа көліктің жайын ойлап жете алмай, бос қайт­па­сақ болды деп тіледік іштей. Діт­теген жерімізге таяғанда көлігіміз нө­пір қарға көміле жаздап, Мағжан ақын жырлаған Сасықкөлді көру бағынан айырылардай күй кешті көңіліміз. Дегенмен ниет тура екен. Кө­лікті тізгіндеген жүргізушінің бай тәжірибесі мен шеберлігі бір жа­ғынан, Ербақыт бауырымның ме­ні Сарытомарға апармай қайт­паймын деген оң тілегі екінші жа­ғынан сүйеніш болып, ауылға да жет­тік-ау, әупірімдеп. Мағжандай түрік әлеміне әйгілі ақын­ды дүниеге әкелген жер жадау  бол­мауы тиіс деген ойымыз алда­мап­ты. Айнала аққайың, қара қайың көмкерген жер көздің жауын ала­ды. Ортасында оймақтай болып ор­наласқан ауыл көркі де көз той­дырады. Мағжанның өткен ме­рейтойы тұсында жиегін жасыл шар­бақпен көмкеріп, күрделі жөн­деу­ден өткен түп-түзу жол бойын­да­ғы ақталып-сыланған мұражай, мек­теп және мәдениет үйі ақын ауылы осы деп ұялмай көрсететін­дей жұтынып тұр. Бізді құшақ жая қарсы алған ауыл әкімінің ары-беріден қозғап айт­қан әңгімесінен  біраз жайдың сы­рына қанық болдық. Қар жа­мы­лып жатқандықтан Сасықкөлді кө­ре алмасақ та, оның сасық емес еке­нін, Мағжан ақын еркелетіп өлең жазған себепті солай аталып кет­кенін білдік. Ауылға туристерді қол бұлғап ша­қырып тұрған бір үй бар. Ол –  Мағ­жан Жұмабайға арналған мұра­жай. Ақынға қатысты еш жерде кез­дестірмеген құнды жәдігерлер жинақталған екен мұнда. Айталық, Алаш ардақтысының қолтаңбасын көз алдымызға келтірген қолжазба мұралары неге тұрады? Бір өкі­ніш­тісі, уақыт тапшы болғандықтан, олар­ды парақтап оқуға мүмкіндік бол­мады. Дәм бұйырса, айналып соғып, құнды жәдігерлермен жақын танысуды ойымызға құндақтап қой­дық. Алаштанушы іздеушілерге ай­тарымыз, уақыт тауып, мұра­жай­ға арнайы барып қайтсаңыз, құнды олжаға кенелеріңіз анық. Мұражайдан коммунистер кө­семі Ленин портретін көріп, «бұл мұн­да не үшін тұр?» деп аң-таң бол­дық. Сөйтсек, оның да сыры бар екен. Мағжанның ағасын ауылдағы үйі­нен үш әріптің жендеттері тұт­қындап әкетіп бара жатқанда, ана­лар­дың көзінше ашып айта алмай, «төрде ілінген суретті көздің қара­шығындай сақтаңдар, шаң тигізбей, күнде сүртіп отырыңдар!» деп ама­наттап кете барыпты. Үйдегілер ол сөз­дің мәнісін арада аттай алты жыл өткенде бір-ақ біледі. «Неге өйт­ті екен?» деп ойлана келіп, порт­рет­ті алып қарағанда, тысынан жа­­­сырып қойған Мағжанның соң­ғы бір суреті табылады ғой. Сөйтсе, ол заманда Лениннің суретіне қол тигізуге болмайтындықтан, үйді тінтушілер де портретті алып қара­май, Мағжанның соңғы бейнесі солай сақталып қалады. Мұражай­дағы Ленин портреті алмағайып за­манның сырлы шежіресін паш ететіндіктен де құнды жәдігерлер қа­тарынан орын алып тұрғанының мәнісі сонда екен. Мұражайдан таяқ тастам жерде он бір жылдық мектеп-интернат қо­ныс тепкен. Мектеп ұжымы және оқу­шылармен кездесу өткізу жос­парланғандықтан, бізді сонда ертіп барды. Шағын залда оқушылардан гөрі мұғалімдер қатары көп екен. «Қалған оқушыларыңыз қайда?» деп сұрасақ, мектеп директоры «Бары­мыз осы» деп күлімдейді. Сөйтсек, он бір жылдық орта мектепте бар бол­ғаны 53 оқушы білім алады екен. Яғни, әр сыныпта 3-4 оқушы де­ген сөз ғой. Міне, керемет! Мем­лекетіміз ауыл балаларын оқытуға қар­жы аямай отырғанының көрі­ні­сі емес пе бұл? Оның үстіне, мек­теп­ті интернатқа айналдырып, тө­сек орындарымен қоса үш мезгіл та­мақпен қамтамасыз етіп жатса, оны неге айтпасқа? Ақын ауылына де­ген құрметтің көкесі ғой бұл! Өзі дү­ниеден өтсе де, атымен қоса ата­ғымен туған ауылын көркейтіп жат­қан ақын әруағына еріксіз бас ие­ді екенсің мұндайда. Ұлт ұстазы Ах­мет Байтұрсынұлы айтқандай, ұлым дейтін елі барда, елім дейтін ұр­пақ өсіп шығуы қалып тұрғандай  ен­дігісі. Біз кері қайтар уақытқа дейін әл­гінде қар басып, көлігіміз қи­на­лып жеткен жолымызды даң­ғы­ра­тып күреп қойыпты. Астымыздағы ма­шинамыз ыңғайлы жолмен жүрі­сін түзеп алғаннан кейін алаңсыз жан-жағымызға байыппен бақылау орнатып келеміз. Неткен көркем кер­без дала! Жол бойына тізбек­тел­ген сұлу мүсін ақ қайыңдардан көз сүрінеді. Бірінен-бірі сәнді  биші қайыңдар қиялыңды көкке сам­ғатады. Орман-тоғайға толы нулы дала судан кенде емес дегенді білді­ре­ді. Ендеше, нулы да сулы мына дала неге бос жатыр? Үйір-үйір жыл­қы, мыңғырған мал ұстап, қыр­манын егінге толтырып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын жағ­дай жасап алуға болатын жердің иесі қайда? Неге қазақ мына иен да­лаға иелік етпейді? Мемле­кеті­міз­дің бос жұмыс орындарын игеру үшін халықты оңтүстіктен сол­түс­тік­ке қоныс аударту саясатына неге қа­зақ илікпейді? Иліксе ғой, шір­кін... Бір сұрақ екіншісін туғызып, тол­қын-толқын ойлардың ар­бауында отырып, көлігіміздің Қы­зыл­жарға қалай кіргенін сезбей де қалыппын. Ербақыт бауырымның «Аға, сізді университетіміздің жур­налист-магистранттары кездес­пек­ке күтіп отыр екен, бірден сонда бара­мыз» деген сөзі  мені түртіп оят­қандай болды. Кездесуге қарсы емес едім, айтарым да бар болған­дық­тан бірден келісімімді бердім, жол бойғы ойдан арыла алмай. Университеттің филология фа­культеті құрамындағы «Жур­на­лис­тика» кафедрасының кабине­тін­де оқытушылар мен магистрант жас­тар­мен жолығып, сапар әсерімен бөлісу сәті түсті. Солтүстіктегі жер­гі­лікті ұлттың үлес салмағын арт­тыруға қосып жатқан ерен ең­бек­те­ріне жоғары баға берумен бірге, бұл бағыттағы жұмысты жандан­дыру туралы ойларыммен бөлістім. Ақ қайың­ды өңірдің табиғат кереметі мен өмір сүруге жайлы артықшы­лық­тарын жалпақ қазақ даласына тарату жергілікті журналистердің басты бағыты болса, сулы да нулы облысқа қалың қазақ ағылар ма еді де­ген арманымды да арнадым. Елор­далық журналистер осы ба­ғыттағы іс-әрекеттеріне толық қол­дау білдіретініне сенім қазығын қақ­тым. Ол үшін байланысты жан­дандыру туралы ойларымен толық ке­лісетінімді білдіріп, барыс-келісті жиі­лету, бар қазақ – бір қазақ бағы­тында көп іс тындыру келісіміне қол қоймасақ та, уағдаластыққа қол жеткізгеніміздің өзі олжа деген түйін түйдік кездесуден. Күні бойғы әсерлі жүздесулері­міз кешкісін мәдени шараға ұласты. Сол­түстік Қазақстан медиа хол­дин­гінің басшысы, елімізге белгілі ар­да­гер журналист, Қазақстан Пар­ла­ментінің экс-депутаты Жарасбай Қабдоллаұлы сала мамандарының сүйікті спорт түрі – тастаяқтан жа­рыс ұйымдастырып, керемет дема­лыс­тан шабыт шақыруымызға жағ­дай жасауы көпті көрген көре­ген­ді­гінен сыр шертіп тұрды. Қа­зақстанның әр өңірінен, сонымен бір­ге Ресейдің Омбы шаһарынан арнайы келген әріптестер бір-бірі­мізбен жақын танысып, ой бөлісіп, қауқылдасып, бір жасап қалдық. 1920 жылы 22 ақпанда «Кедей сөзі» деген басылым болып шыққан, бас­тауын содан алатын «Солтүстік Қа­зақстан» газетінің 100 жылдық ме­рейтойына халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференция арнаған М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің құрметі  журналистер қауымы айта жүретіндей, салмақты сый болды. Білім ордасының ай­тулы шараға үлкен маңыз беріп, жан-жақты дайындықпен келгені әр ісінен көрініп тұрды. Кон­фе­рен­ция өтетін күні Қызылжар қала­сы­ның тарихи орындары – Абылай хан­ның резиденциясын, Мағжан Жұ­мабайдың саябағын, көзін көр­ген, сыйлы аға Манаш Қозыбаевтың ескерткішін, оның атындағы уни­вер­ситеттің мұражай үйін та­ныс­тырып, өлкенің терең шежіресінен сыр түюге мүмкіндік туғызылуын соның жарқын көрінісі деп қабыл­дадық.  width= Айтуды ұмытып барады екен­мін, «Қариясы бар үйдің құты бар» де­ген қазақ даналығының ақиқат­ты­ғына осы сапарда тағы бір көзі­міз жетті. СҚМУ-дың «Журналис­ти­ка» кафедрасының бағын жан­ды­рып, ісін ілгерілетіп, бір өзі бір инс­титуттың қызметін атқарып ке­ле жатқан профессор Зарқын Тай­шыбайдың үлкен ұжымның ақыл­шысы ғана емес, жастардың жа­нашыр ағасы, көңілі дархан па­насы екеніне тәнті болып, құр­ме­ті­міз бұрынғыдан да артты. Әдемі қар­тая білудің де өнер екенін үл­кен­деріміз Зарқын Сыздықұлынан үй­ренсе, шіркін деген ой көңіл түк­пірінде қонақтап қалды. Дайындығы мықты конферен­ция университеттің бас ғимараты­ның салтанат залында жарқырап өтті. Алдымен алқалы жиынға қа­тысу­шылар журналистикаға қа­тыс­ты кітаптар мен «Солтүстік Қа­зақ­стан» газетінің 100 жылдығына бай­ланысты басылып шыққан жа­рияланымдар көрмесімен танысты. Көрменің төрінен өзім құрастыру­шы­ларының бірі болған, 1998 жы­лы «Қазақ энциклопедиясы» бас ре­­­дакциясынан басылып шыққан «Қазақ» газетінің жинағын  көріп, көңіліміз өсті.  width= Салиқалы форумды салтанатты түр­де ашқан университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі про­рек­торы Ақмарал Ыбраева құт­тық­тау сөзді облыс әкімінің орын­ба­сары Руслан Әлішевке берді. Одан кейін мінберге көтерілу мәртебесі бізге бұйырды. «Алаш көсемсөзі жә­не аймақтық басылымдар» та­қы­ры­бындағы баяндамамыз көпке ой салса, мақсатымыздың орындал­ғаны. Бас-аяғы 15 шақты шешеннің баяндамасы газеттің арғы-бергі та­ри­хымен қоса, аймақтық басылым­дардың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен көкейкесті мәселелерін талқыға салуы­мен құнды. Ғалымдар өз зерт­теу нәтижелерімен бөлісіп, құнды ой олжалады. Арасында «Журналис­ти­ка» кафедрасы студенттерінің жыр­мен өрілген өнері 100 жылдық ба­сылым мерейтойына шашу шаш­қандай әсерге бөледі. Қаты­сушы­лар­дың көңілінен шыққан кон­фе­ренция жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылуымен биік бағасын алып, көп­тің көңілінде сақталып қалды.

                                  Қайрат САҚ,

алаштанушы ғалым