Көші-қон заңы отбасы тұтастығына қайшы келе ме?

Көші-қон заңы отбасы тұтастығына қайшы келе ме?

Көші-қон заңы отбасы тұтастығына қайшы келе ме?
ашық дереккөзі
Халқымыздың «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидасы қай кезде де өз маңызын жойған емес. Мемлекетті дамытатын, демографиялық ахуалды арттыратын тек қана саламатты және толық отбасы екені баршаға мәлім. Сол себепті алдымен отбасы институтын, отбасы құндылығын, отбасының толықтығын мемлекет тарапынан қолдауға қандай шара қолданды деген мәліметтерге мән берсек.  width= Айталық, отбасы саясатын қолдауға 2017 жыл­ғы республикалық бюджеттен 149,7 млрд теңге қаржы қарастырылған жә­не ол жыл сайын кемінде 15 пайызға артып келеді. Алай­да мемлекет тарапынан бөл­ген қомақты қар­жы көмекке зәру отбасыға дәл жетіп жатыр ма, жергілікті атқарушы билік істі қай деңгейде жүзеге асыруда деген сұрақ туындайды. Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда некеге тұрған әр үшінші отбасының біреуі ажырасады екен. Мы­салы, қазіргі ресми мәліметтерге қара­ғанда, қалалық жерлердегі ажырасу көр­­сеткіші 40 пайыз болса, ауылдық жер­лер­де 27 пайызға жеткен. Соңғы бес жыл­да еліміздегі тіркелген некенің саны азайып, керісінше ажырасу жиілеген. Бұдан толық емес отбасыларда тәр­бие­леніп жатқан балалар саны жылына 40 мыңнан асып отыр. Еліміздегі әртүрлі әлеуметтік және от­басылық мәселеге байланысты ажыраған  жұп­тардан бөлек, мәжбүрлі жағдайда бөлінген отбасылар бар, олар жайлы не білеміз? Неге мәжбүрлі? Қазіргідей өркениетті қо­ғамда отбасынан мәжбүрлі түрде ажы­рау мүмкін бе? Мүмкін. Әрине, сөзіміз құр­­ғақ шықпас үшін біз нақты кейіп­кер­лер­дің қиын да қилы тағдырынан мысал кел­тірдік. «Ауруын жасырған өледі» деген­дей, мұндай қоғамның жарасын жасыр­май, дер кезінде айтып, қалай сауығуға болатынына ел болып «ем» іздеген жөн шығар. «Мәжбүрлі бөліну» деп отырғанымыз – шетелден көшіп келген қандастардың отбасы мүшелерінен ажырап қалуы. Қазір мұндай мәжбүрлі жағдайда отбасы мүшелерінен бөлініп қалған азаматтар жай­лы нақты дерек жоқ. Бірақ кейбір бей­ресми деректерге қарағанда, еліміз бойын­ша 300-дей отбасы бар көрінеді. Бұдан бөлек, осы жақтағы отбасынан бөлініп, шетелге депортацияланғандар жайлы естіп, абдырап қалғанымыз бар.

Заң елдің мүддесін қорғай ма, қорлай ма?

БҰҰ-ның халықаралық конвенция­сын­да отбасы құндылығын жоғары қой­ған. Кез келген әділеттілік салтанат құр­ған елде ең бірінші сол ел қабылдаған ха­лықаралық заң, одан кейін елдің Конс­титуциясы, құқықтық заңдар, сосын ба­рып Үкіметтің қаулысы мен ведомствоның бұйрығы тұрады. Өкінішке қарай, біздің елде бұл құқықтық жіктелімдердің бар­лық жағдайда сақтала бермейтіні рас. Қа­­зақстанда ғана емес, басқа елдерде де ондай жағдай кездеседі. Қандастардың отбасынан бөлініп қалуына екі түрлі жағдай себеп. Бірі кей­бір отбасы мүшелерінің Қазақстан тара­пы­нан депортациялануы болса, екіншісі от­басы мүшесінің жартысы шетелде қа­лып қоюы.  Әрине, мұның да әртүрлі се­бептері бар. Елден депортациялау мәселесі жиі талқыланып жүр. Көші-қон туралы жаңадан толықтырылып жетілдірілген заң жобасында бұл бап алынып тастала­тын болды деп қандастарымыз қуанды. Се­бебі бұрынғы заң бойынша қандас­тар­дың Қазақстанда жүріп-тұру құжатының мер­зімі белгілі себептермен өткен жағдай­да айыппұл төлеп, депортацияланатын. – Қазақстанның Көші-қон туралы заңын­дағы көші-қон заңы бұзылған жағ­дайда депортациялайтын бап әлі өз кү­шінде. Бірақ жаңадан жасалған өзертулер мен толықтыруларда бұл бап алынып тас­талған. Жаңа заң күшіне енсе, бұл бап­тан құтыламыз, – дейді заңгер мамандар. Моңғолиядан көшіп келген Нұржайна Құмырзақ есімді азамат тарихи Отанына кел­ген соң, Қазақстан азаматына тұрмыс­қа шыққан. Құжаттарының барлығын өт­кізіп, оралман мәртебесін алған. Енді ық­­тиярхатқа тапсырып, азаматтық алайын деген кезде Қазақстанда  жүріп-тұру құжатының мерзімі бір күн өтіп ке­туі­не байланысты Павлодар облыстық Кө­ші-қон полициясы Моңғолияға де­пор­тация­лаған.  Жолдасы болса Қазақстанда. Жаңа құрылған бір отбасы осылайша екі елде қалуға мәжбүр. Әрине, заңның аты – заң. Оны орындау – ортақ міндет. Десе де, Халықаралық конвенциядағы отбасы құндылығы, тұтастығы секілді баптарға сүйе­не отырып, мұндай отбасыларға қа­расуға болмас па еді?! Кешірілмейтін қыл­мыс жасаған болса, тыңшылық етсе, сөз бас­қа. Отанына келіп, отбасын құрып, ең­бек етіп, ұрпақ өрбітіп, елге ел қосып жат­са, несі айып?! Мұндай «шаш ал десе бас алатын» баптар отбасы тұтастығының бү­лінбеуіне, шаңырақтың шайқалмауына алып келмейтініне кім кепіл?! Әрі-беріден соң заң деген елдің, әрбір азаматтың мүд­десін қорғауы тиіс емес пе?

Жолдасының жолын тосқан аналар

Газетіміздің №51-52 санында «Күйеуі Қы­тайда қалған Қарақат Әбдеш құзырлы ме­кемелерден көмек сұрайды» атты ма­қала жарияланған болатын. Онда жал­ғызбасты ана Қарақат Әбдештің тұр­мыс­тық жағдайының қиын екені жазылған. Біз бұл мәселені газетке жазып қана қоймай, Сыртқы істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне хат жазып, көмектесуін де сұраған едік. Ол құзырлы мекемелерден заң шеңберінде жауап та алдық. Онда жұ­мыспен қамту орталығы  Қарақат Әбдеш орталыққа барып, тіркелсе жұмыс тауып беруге көмектесетінін жазған. Алайда қан­дасымыз Қарақат жұмысқа шығуға бі­рін­ші денсаулығы жарамсыз, екінші ба­лаларына қарайтын ешкім жоқ. Ал мем­лекет тарапынан жәрдемақы ала алмайды. Себебі түсінікті, Қарақаттың жолдасы Қы­тай елінде. Олар заңды ажырасқан жоқ және жолдасы аман-есен. Яғни, жал­ғыз­басты ана ретінде жәрдемақы алу үшін ажы­расқан немесе жолдасы қайтыс болды деген анықтама беруі қажет. – Мен ҚХР Санжы Хизу автономиялы об­лысы Манас ауданынан 2019 жылы қараша айында атажұртқа көшіп келдім. Қазір Қазақстан азаматымын. Қызым екеуміз пәтер жалдап тұрамыз. Үйде маска тігіп сатамын. Басқа табыс жоқ. Жұмыспен қамту орталығына бардым. Орысша біл­ме­гендіктен мені жұмысқа алмады. Жол­дасым Қытайда қалды. Оның келетіні, кел­мейтіні әлі белгісіз. Қазір жалғызбасты анамын. Елден ешқандай көмек болмай отыр, – дейді Сара Рай. Мұндай мәжбүрлі түрде ажыраған от­басылар, әсіресе Қытай елінен келген қан­дастар арасында көп десе болады. Қы­тай­дағы ішкі саяси мәселеге байланысты біраз этникалық қазақтар сыртқа шыға алмай қалған. Қазір оның үстіне әлемге жайылған коронавирустың салдарынан карантин жарияланды. Ал елімізде қан­шама жалғызбасты ана (отбасы) көмекке зәру. Мұндай аналар ешқандай заңды әлеуметтік топқа жатпайды. Сондықтан олардың нақты санын анықтайтын арнайы комиссия құрылуы қажет. Ал нақ­тыланғаннан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы қау­лы шығарып, әлеуметтік статус берумен қатар қолдау көрсетпесе бұл мә­селе күрделене бермек. Елім деп келген ағайынды, жолдасының жолына қарап көзі талған аналарды, жылаған сәбилерді дер кезінде жұбата алмасақ, елдігімізге сын емес пе?! Мұндай жағдайда ана мен баланың құқығы тапталып жатқан жоқ па? Бұл тұралы мамандар не дейді? Бөлініп қалған отбасы мүшелерін қосуға бола ма? Бұл ретте біз білікті ғалым, қоғамдық сарапшы Молдияр Ергебеков пен халықаралық заңгер Әйгерім Құсайынқызының пікірін білдік.   Сіз не дейсіз? Молдияр ЕРГЕБЕКОВ, қоғамдық сарапшы:

Дамыған елдерде некесі қиылған жұптың шетелдік жұбайына ықтиярхат береді

 width= – Мен 2003 жылы көктемде Түркияда магистра­тура­ны бітіріп, дәл сонда докторантураға түсуге бел байладым. Ал док­торантураның емтиханы қыркүйек айында еді. Сондықтан да мен мамыр, маусым, шілде, тамыз және қыркүйекті қосқанда 5 ай Түркияда заңсыз түрде қалуыма тура келді. Өйткені Қазақстанға келіп-кетуге ақша болмады әрі сол жерде қалып, емтиханға дайындалу тиімді болды. Қыркүйек айында докторантураға түстім. Қазан айында докторантураға түскенім туралы құжаттарды алып, Көші-қон полициясына көрсетіп, құжатымды реттеп алдым. 1995 жылы қабылданған шетелдіктердің құқығын қорғайтын заң бар. Одан кейін де көптеген өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ол жерде шет­елдіктермен қазақстандықтар үйленуге және қазақстандықтардың шет­елдіктермен үйленуіне, Қазақстанда тұруына құқылы делінген. Бірақ Қазақ­станда тұруға байланысты рұқсат қандай да бір нақты бап қарастырылмаған. Бұл мәселе толықтырылуы керек еді. Жалпы, дамыған елдерде некесі заңды түрде қиылған азаматтар міндетті түрде зайыбын сол елдің азаматы болуы себепті ықтиярхат ала алады. Яғни бұл барлық дамыған елдерде бар тәжірибе. Оның біздегідей елден шығып келуі де керек емес. Күйеуі немесе әйелі сол елдің азаматы болғандығы үшін отбасын бұзбау мақсатында құжаттандырып береді. Сондықтан отбасының белгілі бір мүшесі депортацияланбауы керек. Бұл жерде отбасы құндылығы сақталуы керек. Отбасы – ха­лықаралық құқық бойынша да, жалпыға ортақ этика тұрғысынан да зорлықпен бөлінбеуі тиіс бір бүтін институт. Сол себепті де «сіз біздің елдің азаматы емессіз, ықтияр­ха­тыңыздың уақыты бітіп қалды» деп депортациялауға қандай да бір елдің хақы болмауы керек. Бұл жерде сіздер «тек аналардың құқығы бұзылды» деп қара­маңыздар. Өйткені отбасында бала болатын болса, ол әкесіз немесе анасыз қалады. Сондықтан ең бірінші балалардың және әкелердің, жалпы адам құқығы бұзылып отыр. Тіптен бала болмаған күннің өзінде депортацияламай-ақ, ескерту беруге, айыппұл салуға болар еді. Мысалы үшін Түркияның заңына қараңыз, шетелдік азамат түркиялық аза­матпен үйленген кезде Түркия мемлекеті ол шетелдік азаматқа 5 жылға ықтиярхат береді және оның мерзімін 4 рет ұзартып алуға болады. Негізінде 5 жылдан кейін Түркиядан онсыз да сол елдің азаматтығын ала аласың.   Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, халықаралық заңгер:

Мемлекет азаматтарға түсіністікпен қарап, отбасы құндылығын қорғауы қажет

 width= – БҰҰ Бас Ассамблеясының резо­люция­сымен 1948 жылғы 10 желтоқ­сан­да № 217 А (III) қабылданған Адам құқық­тарының жалпыға бірдей декларация­сы­ның 12, 25 баптарына сәйкес, ал 16-баптың үшінші тармағына сәйкес, «Отбасы қоғамның табиғи және негізгі ұясы болып табылады және қоғам мен мемлекет тара­пынан қорғалуға құқылы». 1966 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактінің 17-бабына сәйкес, «Әрбір адам жеке және от­басылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қор­ғалуы тиiс». Халықаралық еңбек ұйымының N143 конвенциясы барлық ең­бекші-мигранттардың және олардың отбасы мүшелерінің құқығын қорғау ту­ралы Халықаралық конвенция да еңбекші-мигранттар отбасы­ларының қай­та қосылуына жәрдемдесу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін көздейді. Қазақстан бұл заңдардың барлығына қол қойған және оларды орындауға міндетті. Бірақ Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 2-бабына сәйкес, «Азаматтардың неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарындағы құқығы тек заң негізінде және бұл тек конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқығы мен бостандығын, халықтың денсаулығы мен адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сол шамада шектелуi мүмкiн» делінген. «Бірі шетелдік азамат, бірі Қазақстан азаматы болған жағдайда және олар Қазақстанда жүріп-тұру мерзімін, визаның уақытын өткі­зіп алған жағдайда отбасының бұзылуына әкеле ме, депор­та­циялау дұрыс па?» дегенге айтарым: әрине құқық қорғаушы ретінде мұндай бапты қолдамаймын. Бірақ еуропа елдерінің заңдарына қараңыз. Егер сіз Көші-қон заңын бұзсаңыз, отбасылы екеніңізге қарамайды. Кез келген мемлекет ұлттық саясатты және ұлттық қауіпсіздігін жо­ғары қояды. Сол себепті де отбасының жауапкершілігі жеке аза­матқа беріледі. Алайда қазір мемлекеттер заңға гуманизация бағытында өзгерістер мен толықтырулар енгізуде. Қазақстанда адам өмірін жақсарту жағын көздеу керек. Қазақстанның Көші-қон туралы заңында дәл осындай жағдай, яғни отбасы мүшелерінің жүріп-тұру мерзімін өткізіп алған жағдайда бірден депортацияламай, бірінші ескерту, екінші айыппұл, одан кейін айыппұл мөлшерін көбейту секілді жеңілдетілген тәсілге жүгінеді деп ойлаймын. Жеке азамат ретінде, депортациялау және қандастарымыздың отбасы мүше­лерінен бөлініп қалуына қарсымын. Себебі бөлініп қалған отбасы мүшелері психологиялық, моральдық зардап шегеді және отбасының күйреуіне себеп болуы мүмкін. Мемлекет отбасыларға қатал тәртіппен емес, түсіністікпен қарап, ең бастысы отбасы құндылығын, балалардың құқығын қор­ғауы керек. Сондықтан да бұл саладағы заңға өзгерістер мен толық­тырулар қажет. Болашақта бұл заңнамалар жақсы бағытқа қарай өзгереді деген сенімдемін.

Бақытбек ҚАДЫР