Ілия Жақанов: Өмірім мен әндерімнің тарихын қағазға түсірдім

Ілия Жақанов: Өмірім мен әндерімнің тарихын қағазға түсірдім

Ілия Жақанов:  Өмірім мен әндерімнің тарихын қағазға түсірдім
ашық дереккөзі
Жазушы, композитор, музыка зерттеушісі, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ілия Жақановты білмейтін қазақ жоқ. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт композитор бүгінде Атырау қаласында тұрып жатыр. Елдегі төтенше жағдай кезінде Ілия Жақановтың денсаулығы мен көңіл күйі, шығармашылық ізденістері жайында білмек мақсатта телефон шалған едік. – Аға, хал-жағдайыңыз, ден­сау­лығыңыз жақсы ма? – Көктем кезінде аздап асқыну бол­ға­ны­мен, жалпы денсаулығым жақсы. Баяғы дәрігерлер жоқ. Ауырсақ, өзіміз емделеміз. Жайықтың жағасында, табиғаттың төрінде жүріп серуендеп ке­ле­мін де, үйде жазуға отырамын. – Атырау халқының көңіл-күйі, елдің жағдайы қалай? – Батыс халқы ақкөңіл ел ғой, Аты­рау халқының көңіл-күйі жақсы. Ел ішін­де әлі де шешілмеген жағдайлар көп. Өңірде жат ағымның жетегінде кеткендерден қорқамын. Бірақ не десек те, ұйыған тыныштыққа жетері жоқ. Қа­зақ ауқатты болған сайын зәулім үй са­лып, қымбат көлік мініп, жақсы қыз­мет істеп, өзінің шаруасын байытып, дәу­­­летін арттырған сайын эстетикалық жа­ғынан халықтың рухани деңгейі тө­мендеп бара жатқандай. Кейде түкке арзымайтын, ырың-жырың, дарақы тір­ліктің көптігін көріп ішің ашиды. – Өзіңіздің өміріңіз бен шы­ғар­ған әндеріңіздің та­ри­хын ес­телік етіп жазып жат­қа­­ныңыз­­дан хабардар­мыз... – Өзім зерттеуші болғаннан кейін менің артымнан неше түрлі орынсыз сөз айтылмасын, әндерімнің тарихы бұр­маланбасын деп бүкіл өмірім мен қа­зіргі сәтке дейін шығарған барлық ән­дерімнің тарихын түгел қағазға тү­сірдім. Қазір көлемі 1 мың беттей. Бұл еш­бір өнер адамының өмірінде бол­ма­ған жағдай. Біз Шәмші Қалдаяқов екеуміз 1957-1958 жылдары эфирге бірге шықтық. Қалдаяқов қайтыс болғаннан кейін ән­дерінің хикаясы бұрмаланып, неше түрлі ертегі болып жатыр. Осы сұм­дық­ты көргеннен кейін ойландым. Үйдегі апаң компьютер басады, мен айтып отыр­дым, сол бәрін жазып шықты. Осы­лай барлығын жинап-теріп қойдым. Осы жұмыстың өзі 11 сериялы өте жақ­сы фильм болды, халыққа теледидар ар­қылы көрсетіледі. Бірақ бүгінде бұл жұ­мыс карантинге байланысты тоқтап тұр. Ендігі сериялары Арқада жазылған «Толағай», «Кеңгірдің қоңыр кештері», Оң­түстік, Жетісу, Қаратау, Сырдың бойы туралы әндер тарихы айтылып, «Еділ мен Жайық» әнінен бастап Ба­тыс­та жазылған әндерімнің тарихынан қазіргі сәтіме дейін түсіріледі. Одан соң Бір­жан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мә­­­диді қалай зерттегенім және «Бал­қа­ди­­­шаның» неше түрлі хикаялары ай­ты­лады. – Былтыр Қазақстанның Су­рет­шілер Одағына мүшелікке  қабылдандыңыз. Сурет өнеріне қан­шалықты ден қойып жа­тырсыз? – Иә, өткен жылы қарашада Ал­ма­тыда Қазақстан Суретшілер Одағына мү­шелікке қабылданғаннан бұрын ма­ған «Көркемсурет академиясының ака­демигі» деген атақ берген болатын. Бү­гінде пейзаж тақырыбына сурет са­лып жүрмін. Дүниеден өтіп кеткен мә­нерлеп сырғанаушы Денис Теннің ке­зекті үлкен бір жарысқа қатысқалы тұр­ғандағы сәтін салдым. Сонау мен радиода музыка ре­дак­ция­сына бас редактор болып жүрген жыл­дары Опера және балет театрында Арам Хачатурян «Спартакты» қойған бо­латын. Спартакты арамыздан Ра­ма­зан Бапов ойнаған. Сол Спартакты Ра­ма­заннан кейін Досжан деген балерун ой­нады. Сол Досжан Табылдының өмі­рінен үш картинадан тұратын триптих жаздым. Қазір соңғысын жазып жа­тыр­мын. – Халық әндері жайлы 10 том­дық зерттеуіңіз қашан жа­рық көргелі жатыр? – «Ұлы дала жырлайды» («Песни ве­ли­кой степи») атты 10 томдық кі­тап­ты Мырзатай Жолдасбеков алып кет­кен. Кітаптың «Фолиант» баспасына тап­сырылғанын, оны редакторлары оқи бастағанын білемін. Бірақ каран­тин­ге байланысты әзірге бұл шаруа  да тоқ­тап тұрған сыңайлы. Бұл еңбекте «Елім-айдан» бастап бері қарай зерт­теген халық әндері, халық ком­по­зи­тор­ларының, сал-серілердің әндері, кешегі кеңестік замандағы керемет әндер мен қа­зіргі әндер тарихы новелла, эссе, де­ректі әңгіме ретінде кірді. Бәрі де бұрын жа­рияланған, бірақ осы жолы бас-аяғы 10 том болып жинақталды. – Атырау өңірінің жас ком­­­позиторларының жұмы­сымен танысып отырасыз ба? – Атыраудың ауданда тұратын жер­гі­лікті композиторлары әндерін жіберіп тұрады. Тыңдаймын, пікірлесеміз, әңгі­ме­лесеміз, ақылымды айтамын. Талант­ты жастар көп, бағыт беріп, жөн сілте­сең болғаны. Жастардың алар асулары биік болсын деп тілеймін. – Әңгімеңізге рақмет, де­ніңіз­­­ге саулық, шығарма­шы­лы­ғыңызға табыс тілейміз! – Рақмет, айналайын.

Әңгімелескен

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ