Абай музей жасауға да атсалысқан

Абай музей жасауға да атсалысқан

Абай музей жасауға да атсалысқан
ашық дереккөзі
Қазақтың ұлы ақыны, ғұла­ма ойшыл Абайдың  жан-жақ­ты, сан қырлы дарын иесі бол­ғаны бар­ша­мызға мәлім. Ақын­дығымен қоса, өнердің қай саласына бол­ма­сын еркін бойлай білген Абай өз за­манындағы қо­ғамда болып жат­қан дүниелерден тыс қалмай, сол бір «соқтықпалы, соқ­пақсыз жер­де» «мыңмен жал­ғыз» алыса жүріп, қа­зақ хал­қы­ның мәдениеті мен эт­ногра­фия­сына да ден қояды. Тек өлең-жыр­ларымен үн қосып қана қой­­май, «қалың елі – қазағын» өр­ке­ниетті ел­­дердің қатарынан көр­гісі кел­ген ұлы ақын өз ұлтының бай этно-графиясын көп­шілікке та­ныс­тырып, дәріптеуді мақ­сұт тұт­ты. Абайдың бір ғасырдан астам уақыт бұрын, дәлірек айтқанда 1885 жылы қа­зақ тұрмыс-тіршілігінен сыр шер­те­тін заттарды 1883 жылы ашылған му­зей­ге орыс досы Н.Долгополов арқылы тап­сырғаны белгілі. Ойшыл ақынның мұндай игілікті істері Семей облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің кітап қоры материалдарынан қапысыз танылады. Сирек басы­лым­дар­дың бірі «Семипалатинские областные ведомости» газетінің (10.05.1886ж. №19) 174-бетіндегі жазбада: «Н.И.Дол­гополов, бывший летом про­шлого года в степи, доставил в музей значительное число предметов по киргизскому отделу (модель юрты с внутренней обстановкой, модель сохи, музыкальные инструменты, образцы пищи киргизов и другие предметы). Кроме этих лиц, следует упомянуть киргизов – И.Кунанбаева и Калыбая Бар­менева, приславших музею пред­меты киргизского изделия (алачи, кош­мы, пояс, ножи и пр.)» делінген. 1883 жылдың 18 қыркүйегі – 1886 жыл­дың 1 қаңтары аралығындағы көп­шілік кітапхана мен облыстық музейдің жағдайы туралы берілген бұл есептен Абайдың қазақ этнографиясын таныта­тын заттарды бір емес, екі мәрте тап­сыр­ғанын аңғаруға болады. Сонымен бірге, басылымның 175-бе­тінде 1885 жылдың жазында му­зей мен кітапханаға америкалық сая­хат­шылар Кеннан мен Фрост келгені ту­ралы ақпарат берілген. Музейді ара­лап, қор байлығына таң-тамаша болған шет­елдік меймандар этнография бөлі­мі­не үлкен қызығушылық білдіреді. Әсі­ресе, қобыз бен шамшыраққа көзі түс­кен суретші Фрост өзінің альбомына қа­жет деп заттарды суретке түсіріп алған. Қоғамдық қызметке белсене арала­сып, түрлі қоғамға мүше болған Абай өлкедегі тұңғыш музей қорын толық­тыру ісіне де атсалысқанын көреміз. Ұлы ақынға қатысты осындай деректер оның өмірінің көптеген фактілерін толықтыруда, сол арқылы ақынды әр қы­рынан тануда маңызы зор айғақ. Міне, ертеден қазақ халқының төл мә­дениеті мен әлемдегі озық елдер өр­кениетінен сусындаған данышпан Абай­дың мұндай әрекеті өз заманының қоғам­дық-мәдени өміріне де белсене ара­лас­қанын, өз жұртын асыл мұрат­тар­ға жеткізуге талпынғанын растай түседі. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін, хакім қолының табы қалған қөне заттардың жиырмаға жуығы 1940 жы­лы ашылған Абайдың әдеби-мемо­риал­дық музейіне тапсырылды.  

Шынар САДЫҚОВА,

Семей қаласының тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі