26 Наурыз 2020, 16:34 1557 0 Өнер Бақытбек Қадыр

Тәж-Махалды салған түркістандық шебер

Түркі-қыпшақ тайпаларының отырықшылық мәдениеті жайлы айтылғанда, күмбір-күмбір күмбездері көк тіреген асыл тастардан қаланған сәулетті сарайлар, келісті кесенелер еске түседі. Уақыттың өкпек дауылы мен өткір жауыны жеп мүжіген ғажайып ақар-шақар қалалардың көбі бұл күнде құм құрсауында, жер қыртысында қалды. Қиян-кескі соғыстар мен табиғи факторлар әсем шаһарлардың күйреп, жер бетінен мүлде жойылып кетуіне әкеліп соқты. Бұл дәуірге қадау-қадау қалалардың қирандылары мен қалдығы жетті. Сол бар мұраның өзін зерттеп-зерделеп, оны сөйлете алсақ та, аз игілік емес еді. Түркістан, Отырар, Сауран, Сығанақ, Сарайшық, Самарқанд, Бұхара және Үндістан жеріндегі Моғол императорлары салғызған сәулетті сарайлар – Шығыс архитектура өнерінің бір үзігі. Осынау архитектуралық ансамбльдердің асқақ шыңы, аңыз-әпсанаға бай, ғажайып ғимарат – Тәж-Махал кесенесі. Ол Орта Азиядағы ғана емес, жер бетіндегі ең сәулетті әрі эрозияға ұшырамай жақсы сақталған құрылыс. Әлемнің жеті ғажайыбының бірі. UNESCO-ның материалдық мәдени мұрасы һәм махаббат мұнарасы.

Атақты билеуші Әмір Темір­дің ұрпағы Жаһан шах патшаның сұлу жары Арзуманд-бану бегім Мұнтаз Махал он төртінші баласын босанарда қайтыс болады. Кі­ші ханым Мұнтаз Махал Жаһан шах­тың шын сүйген ғашық жары. Мұн­таз Махал Асаф ханның қы­зы, тегі түркімен (Жаһан шах­тың анасы да түркімен болған). Әлем­ге махаббат символы ретінде әйгілі Тәж-Махал кесенесі асыл жа­ры Мұнтаз Махалдың құр­ме­ті­не тұрғызылды. Тәж – сөзі сәулет өнерінің алтын тәжі болса, Ма­хал жарының есімі. (Қазақтар күні бүгінге дейін таза, кіршіксіз, пәк, сұлу нәрсені «мұнтаздай» дей­ді. Сондағы «мұнтаздай» сөзі­нің түп-төркіні Мұнтаз Махалға қатысты болуы мүмкін. Себебі Жаһан шах пен Мұнтаз Махалдың ғашықтық аңызы қазақ арасына да кең тараған).

Кесене құрылысы 1631 жылы басталып, 22-23 жылға созылды. Биік­тігі 74 метр, бес күмбезді, төрт төңірегінде төрт мұнарасы бар (мұнаралар тек сәндік үшін ға­на емес, жел мен селден сақ­тайтын қорғаныс), ақ мәрмәрдан са­лынған сегіз қырлы ғимарат. Таң шапағында қызғылт, күндіз ақ­шаңқан, түнде құшағында кү­міс нұрға шомылатын сиқырлы сарай.

Құрылысты салуға Османлы, Парсы елдерінен және Орта Азия­лық Самарқанд, Бұхара, Түр­кістан қалаларынан барлығы 20 мың сәулетші-ұсталар кіріскен.

Бас архитектор түрік нәсілді Иса Мұхаммед және тәжік ұста Ах­мад Лахори деп жазылған қа­зір­гі деректерде. Алайда бұрыннан келе жатқан құрылысқа қатысты аңыз-әпсаналарда бас архитектор Иса шебер және Жаһан шах­тың өзі деп аталатын.

Тәж-Махал жайлы тарихи де­­­ректер үнді сериалдары тәрізді шым-шытырық. Бірізділік мүлде жоқ. Тіптен, үнді тарихшылары Тәж-Махалға қатысты ғана емес, жалпы тарихтарына наразы, шындық жазылмады, империя­лық экспансияның ықпалына ұшырады, бұл сәулет өнерінің тарихы Моғол императорлары дендеп кірмей тұрғанда да бар еді дейді. Үндістандағы ислам және будда діндерін ұстанатындардың арасындағы қарама-қайшылық пен Моғол империясынан қалған мұраларға деген жатсыну сезімдері де байқалады.

Бұл жазбадағы ең негізгі ай­тыл­ғалы отырған түйін – Тәж-Ма­хал құрылысының бас архи­тек­торы түркі текті Иса шебер жайында.

Тәж-Махал құрылысының бас архитекторына қатысты екі түр­лі дерек кездеседі. Бірі бас сәулетші парсы текті Ахмад Лахори десе, енді бір деректе түркі текті Иса Мұхаммед мырза делінген. Кейбір жерде екеуінің аты қатар аталады. Ал Тәж-Махал құ­­­рылысында түркілік және пар­сылық нақыштың екеуі де бар. Олай болатын себебі екеуі де бір-бірінен тым алыс емес. Екеуі де Шығыс сәулет өнерінің бір-бір бөлігі. Құрылыстың архитек­тура­лық жобасын зерттеушілер ғи­маратта арабтық, парсылық, түр­кілік және жергілікті үнділік ерек­шеліктермен қатар, ислам мен будданың тандемі ұштасқан сұлу үйлесім дейді.

Бас шебер жайында ежелден келе жатқан аңыз-әпсана, әдеби фольклорлық шығармалар және қи­сын, логика не дейді? Сараптап көрдік.

Бірінші, Жаһан шах – Әмір Те­мірдің бесінші ұрпағы. Әмір Темір Орта Азияны билеген жауынгер патша. Алайда, сәулет өне­ріне өте құмбыл болды. Әмір Темірдің ұрпақтары Бабыр, Құ­майын, Акбар, Жаһангер және Жаһан шах бәрі де сәулет өнеріне ерекше көңіл бөлген. «Моғол билеушілері император болуымен қатар сәулет әлемінің императоры болды. Олардың ғимараттарға деген құштарлығы шексіз», – дейді Үндістан тарихшылары.

Әмір Темір Түркістандағы Ясауи кесенесін салдырды (1400 ж), ал ұрпағы Жаһан шах Агра қаласында Тәж-Махал кесенесін салдырды (1631 ж). Екі кесененің де кескін-келбетінде түркі-қып­шақ қалаларының архитектурасына тән ұқсастық басым. Екеуі де бір әулеттің мұрасы.

Екінші, бұрынғы аңызда Тәж-Ма­хал құрылысын салған сәу­лет­шінің қолын шапқан аңыз бойын­ша. Қолы шабылған түркі тек­ті Иса шебер екендігін үндістандық жазушы Ранджит Десай «Иса» атты туындысында: «Ол Түр­кі­станда, аса шебер құрылыс­шы­лар ұрпағынан шыққан» деп жазған.

Сонымен бірге, үндістандық та­ғы бір лирик жазушы Рагхунатх Ваман Дигхенің Гүлзари мен Яшодхар жайлы мифтік-ли­рикалық шығармасында Жаһан шах­тың бас архитекторы Иса ше­бер екендігі жайлы жазған.

Ғимараты соғуға 20 мың құ­ры­лысшы қатысқан. Бірақ осы­ның бәрінің қолын шапқан жоқ. «Та­рихта Тәж-Махалды салушылар Тәж-Махалдан кейін де көптеген ғимараттардың құрылы­сы­на үлес қосты», – дейді бір дерек­көзінде. Белгілі сәулетші Ахмад Лахоридың қолы шабылмаған, бірақ Тәж-Махалдан кейінгі құ­ры­лыстарға қатысқан архи­тек­торлардың бірі болуы мүмкін.

Міне, жоғарыдағы жазған дәйек­термен және көнеден келе жатқан Үндістандағы аңыз-әп­санаға сүйенсек, Тәж-Махал құ­рылысының бас архитекторы – әл­бетте, түркі текті Иса шебер де­ген түйін шығады.

Десе де, бас архитектор түркі Иса шебер деп атағанымызбен, та­ғы да алдымыздан екіұшты мағ­лұмат кездеседі.

Мәселен, Иса шебер жайында да үш түрлі дерек бар. Біріншісі, Иса Мұхаммед Византия импе­рия­сының құрамындағы түрік сәулетшісі дейді. Екіншісі, Османлы елінен келген Иса Мохамед Эфенди екен десе, үшінші бір де­ректе Иса шебер түркістандық түркі-қыпшақ тайпаларынан дейді.

Бұл үш деректің аражігін ажы­рату қиын. Әуелі Византия елі­нің сол заманда сәулет өнері әлем­дік көш басында тұрғандығы тарих­тан белгілі. Бірақ әрі қарай қаз­балап көрсең онда да нақты ештеңе айтылмаған.

Ал екінші Османлы түріктер­дің сәулетшісі деген уәж күмәнді. Себебі Османлы еліндегі қалалар­дың құрылысшылары дені сырт­тан, Грек, Византия елдерінен бол­ғандығы белгілі. Сонымен қа­тар жазушы Ранджит Десайдың Иса шебер туралы жазғанында:  «Шебер ғажайып құрылысты әуелі қиялында салған. Сосын сол құ­рылысты салдыру үшін Түр­кістан билеушісіне және Парсы патшасына барып айтады. Олар­дың барлығы құрылыстың ға­жайып сәулетті екенін, бірақ ондай ғажайып құрылысты салуға қазынасы жетпейтінін айтып шығарып салады. Аяғы жеткен бі­раз елді адақтайды. Ақыр соңын­да байлығы шалқыған Мо­ғол императоры Жаһан шах сұлу жарынан айырылып, соған әлем­де жоқ керемет күмбез қоюға шебер таба алмай отырғанда кез болады. Шебер патшаға жобасын көрсетеді. Патша өзі ойлағанынан да керемет күмбезді көріп, қай­ран қалады. Сонда Жаһан шах пат­ша: «Ғимаратты салып болған­нан соң екі қолыңды шабамын. Себебі әлемде мұндай ғимараттың тағы да салынбауы қажет. Бұл әлем­де жалғыз, дара сұлу болуы ке­рек», – дейді. Осыған дейін ғи­маратты салдыруға ақша тап­п­ған шебер келісуге мәжбүр болады.

Міне, осы жазбаға қарап ой жү­гіртсек, Иса шебердің түр­кістан­дық қыпшақ тайпаларынан шыққандығы қисынға келеді. Мәселен, Османлы елі сол тұста дүр­кіреп тұрған алып империя. Егер бұл Османлы түрік шебердің қиялында туған идея болса, онда Тәж-Махал ғимараты бәлкім Ана­долы жерінде салынар ма еді?! Он­дай құрылысты салуға Османлы елінің әлеуеті де жетіп тұрған кезі болатын.

Үндістандық тарихшы, профессор Амитра Палиуал «Моғол­дар ғылым мен өнердің билеу­шісі. Үндістанның құрылысын дамытты. Шахтың өзі де құры­лыс­тардың жобасын сызған. Архитектурада Орталық Азияның үлгісін кеңінен қолданған» десе, тарихшы Салман Кумар «Бұл ұлы өнертуындысын (Тәж-Махал) салушылардың ішінде түркі-қып­шақтар да болды. Олар Орталық Азиядан келген» дейді.

Ағылшын ақыны Эдвард Лир «Адамдар екі түрге бөлінеді: Тәж-Ма­халды көргендер және көрме­ген­дер» деген екен. Сол айтқандай, әлемді аралаған, әйгілі Тәж-Ма­хал кесенесін өз көзімен көрген саяхатшы-жиһанкез Сапар Ысқа­қов бір сөзінде: «Құрылысты (Тәж-Махалды) салушылардың ара­сында қыпшақтар көп болыпты. Олар тек құрылыс қана емес, әскери іске де араласты» дейді.

Бұл әңгімені айтудағы мақсат – Тәж-Махал ғимаратын соққан түркістандық шебер, яғни біздің ба­бамыз деп мақтану да емес. Се­бебі мақтанарлықтай ақтаңдақ­тар­дан аршып аларлық әлі де ғылыми ізденістің тапшылығы қынжылтады. Бұл – іргелі зерт­теу­ді қажет ететін кеңістік...

Жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» повесінде си­қырлы ғимарат кескінінде нәзік психологиялық ишаратпен суреттелген көркем көріністер бар. Кіші ханымның патшаға деген сағынышын көрсетуге арналған Көк мұнара ақыр түбі өзіне ға­шық болған Жапар ұстаның сезі­міне ұласады. Иса шебердің қо­лы­нан шыққан Тәж-Махал да Әбіш Кекілбаевтың қаламынан туған Көк мұнара да – түркі текті адамның қиял жемісі, ой же­тістігі...

Бақытбек ҚАДЫР

 

 

Соңғы жаңалықтар