26 Наурыз, 11:21 962 0 Білім Арайлым Бимендиева

Онлайн оқыту – мәжбүрлі шара

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша COVID-19 вирусының алдын алу мақсатында бірқатар шұғыл шаралар қолға алынды. Осы орайда Қазақстанның жоғары оқу орындары мен колледждері 16 наурыздан бастап қашықтықтан оқыту түріне көшкені белгілі. 

Білім және ғылым министрі Асхат Ай­мағамбетов еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждер қашықтықтан оқытуға дайын екенін айтқан болатын. «Қа­шық­тық­тан оқытуға Қазақстандағы жоғары оқу орын­дарының қауқары жетеді. Біздің уни­верситеттердің көпшілігі үлкен қалаларда ор­наласқан. Сол себепті студенттерді қа­шық­тықтан оқытуға техникалық мүм­кін­дік бар және интернеттің жылдамдығы да жеткілікті. Біз 1,5-2 ай бұрын жұмыс тобын құ­рып, осы мәселені қолға алдық. Жоғары оқу орындары мен колледждерде тестілеу жұмыстары жүрді», – деді министр.

Елімізде алғаш рет жаппай қашық­тық­тан оқытуға көшкен ЖОО мен колледж­дер­дің аудиториялары қаңырап бос қалды. Оқытушылар да қашықтықтан жұмыс істеу ре­жиміне ауысып, ендігі жерде студент­тер­дің сабақ үлгерімін тек үйде отырып ком­пью­тер мен смартфон арқылы тексере ала­ды.

Жалпы еліміз бойынша 2019 жылғы 1 қаң­тардан бастап сырттай оқыту тоқ­та­тылып, қашықтықтан оқытатын технологиялар пайдаланыла бастаған болатын. Бүгінде әлемді алаңдатқан COVID-19 вирусына қарсы күресте Қазақстанның сырттай оқу түрін қашықтықтан оқытуға алмастыруы ұтымды шешім болғанын көріп отырмыз. Себебі қашықтықтан оқыту жүйесіне жаппай көшкен ЖОО бүгінде студенттерді онлайн нұсқада білім берумен қамтамасыз етіп отыр.

Вирусқа байланысты карантин жағ­дайы жалғасатын болса, мектеп оқушылары да 6 сәуірден бастап қашықтықтан оқытуға көшеді. Бұл туралы Білім және ғылым министрі: «Телеарналар арқылы сабақ өткізуге дайындалудамыз. Онда бейне-сабақтар са­бақ кестесіне сай көрсетілетін болады. Бұл тетік, әсіресе интернет қуаты әлсіз жә­не қажетті құрал-жабдықтарға қатысты қиын­дықтары бар ауылдық білім беру ұйым­дары үшін өзекті», – деп түсіндірген бо­латын.

Халықаралық Túrkistan газеті оқыр­ман­дарға еліміздегі ЖОО-ның қашық­тық­тан оқыту процесінің қалай жүріп жатқаны жә­не оның білім сапасына әсері туралы оқытушылар мен студенттердің пікірін тыңдап көрген еді.

 

Гүлмира САУДАБАЕВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

Білімге құштар бала жағдай талғамайды

– Қашықтықтан оқыту мен үшін таңсық емес. Өйткені оқу процесінің бұл түрін еліміздегі көптеген жоғары оқу орындары бұрыннан жүзеге асырып келеді. Қашықтықтан білім беру технологиялары жұмыс істейтін, отбасын құрған студенттерге қолайлы. Тапсырманы тәуліктің кез келген уақытында орындай алады. Әсіресе, колледж бітіріп, жоғары оқу орнына түскен студенттер қашықтықтан оқыту жүйесін тез меңгереді. Жалпы, оқимын деген бала қандай жағдайда да білім алуға ұмтылады. Бұл тәсіл арқылы білімді әділ бағалау қиын шығар, мүмкін ізденуші тапсырма жауабын біреуден көшіріп алатын шығар. Біз мұны көре алмаймыз, бірақ заман талабына сай пайда болған бұл оқыту тәсілі тиімді болып отыр.

Ал COVID-19 вирусының елімізде тарауына байланысты студенттердің жаппай қашықтықтан оқытуға көшуі студенттерден бөлек, оқытушылардың өзін біраз әбір­герге салғанын жасырмаймын. Оқы­ту­шылар пәнге қатысты барлық материалдарды студенттерге ыңғайлы болуы үшін алдын ала жүйеге салып қойды. Әдетте біз әр семинарда ең көп дегенде 10 студентті тыңдап үлгереміз. Ал қашықтықтан оқы­туға көшкелі бері бізден бір топтағы 30 сту­дентті бағалап үлгеруімізді талап етіп жатыр. Бірақ бір оқытушы 30 студенттен тұратын бірнеше топқа сабақ береді. Мысалы, мен жалпы алғанда 200-ден астам студентке сабақ беремін. Барлық студенттің жұмысын тексеру, бағалау, сонымен қатар қанша студенттің сабаққа қатысқаны немесе қатыспағаны, тапсырманы орын­да­ған-орындамағаны жайында есеп жасауға да біраз уақытымызды жұмсап жатырмыз. Мысалы, мен жер үйде тұрамын, өзімнің жеке жұмыс кабинетім бар. Ал жатақханада немесе пәтер жалдап тұратын оқытушылар студенттердің тапсырмасын қалай тексеріп жатқанын өзіңіз саралай беріңіз. Жақында ауылға барып келген бір танысым «Сту­денттердің тапсырмасын тексеру үшін да­лаға жүгірумен болдым. Өйткені ауылды жерде барлық жерде интернет жақсы істемейді екен» деп келді.

Ал жалпылай алғанда, оқытушылар қа­шықтықтан оқытуға дайын. Жоғарыда айтқанымдай, оқимын деген бала жағдай таңдамайды, технологияны тез игеріп, түсінбеген жерін видеоқоңырау жасап, сұрап алады. Студенттерім «аудиторияда оты­рып лекция тыңдап, бетпе-бет жүздес­кенге жетпейді екен, қашықтықтан оқы­тудан жалықтық» деп жатыр.

 

Гүлира ХАЛЫҚОВА, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры:

Мұғалімді ешқандай техника алмас­тыра алмайды

– Онлайн, оффлайн оқыту болсын сапалы білім беруде ақпараттық комму­ни­кациялық технологияларды пайдаланудың маңызы қазіргі уақытта дәлелдеуді қажет етпейді. Қазір біздің университеттің бар­лық институтында компьютер кластары то­лығымен жаңартылған. Бұл универси­тет­тің қашықтықтан оқытуға дайын екенін көрсетеді. Ал енді қашықтықтан оқыту мә­селесіне келетін болсақ, философияда қа­рама-қарсылықтың бірлігі мен күрес заңы деген бар. Кез келген нәрсенің же­тістігі мен кемшілігі болатынын білдіреді. Бірінші оң жағына келетін болсақ, қашық­тықтан оқыту, бүкіл әлемде індет жайлап жатқан кезде ешнәрседен хабар-ошарсыз отырған студенттердің оқу процесінен қол үзбей, оқуды әдеттегідей болмаса да жүзеге асыруға, білім алуға мүмкіндік береді. Осы тұста  оқыту сапасының жақсы болуы, біріншіден, оқу орындарының техникалық тұрғыдан онлайн жүйемен оқытуға қан­ша­лықты дайындығына, екіншіден, бағдар­ла­малық тұрғыдан, ал үшіншіден, оқу-әдісте­ме­лік тұрғыдан қамтамасыз етілу деңгейіне  байланысты.

Мұнда күтпеген жерден «қашықтықтан оқытуды жүргізуге оқытушылар психоло­гия­лық тұрғыдан дайын ба?» деген сұрақ­тың туындайтыны заңды. Информатика және жаратылыстану пәндерінің мамандарына қашықтықтан оқытуды жүргізу онша қиындық туғыза қоймайды, бірақ басқа гуманитарлық пәннің оқытушылары қа­шық­тықтан оқыту бойынша дайындықтан өтпестен бастап кетті. Онлайн оқытуды дәл қазіргі мезетте осындай дайындықпен жүзеге асыру ойдағыдай жақсы нәтиже береді деп айта алмаймын. Бұл бірқатар объективті және субъективті факторларға тәуелді. Ең алдымен, пайдаланылып отыр­ған бағдарламалық құралға байланысты. Дәлірек айтқанда, бағдарламалық құрал 100 пайыз ақысыз пайдалануға арналған ба әлде біраз уақыт өткеннен кейін сатып алу­ды талап ете ме? Бүгінгі университет оқы­тушыларының кез келген бағдарла­малық құралды сатып ала беруге қалтасы көтермейді. Мысалы, менің бір сабағымда пайдаланған бағдарламалық құрал келесі пәнге келгенде ақылы болуы немесе ашпай қалуы мүмкін. Аяқ астынан 1-2 сағаттың ішінде басқа құралды іздеп тауып, пай­далануға тура келеді. Сондықтан осындай жағдайларға дайын болу үшін екі онлайн платформаны даярлап қою керек.  Біреуі жарамай қалса, екінші бағдарламалық құрал­мен сабақты үзіп алмай өткізуге дайын болу деген сөз. Осындай ізденістің арқасында студенттермен оффлайн кезде қан­дай нәтиже болса, онлайн кезінде де сондай нәтиже алуға тырысып жатырмыз. Онлайн оқытуда оқытушы уақыттан ұтылуы мүмкін. Техникалық пәндерге қа­тысты аудиторияда 1-3 минуттың ішінде көр­сетіп, түсіндіретін мәселелер қашық­тық­тан оқытуда 10-15 минутқа созылып кетуі мүмкін.

Келесі негізгі мәселе – кез келген пәнді оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта еліміздегі көптеген жоғары оқыту орындарында қашықтықтан оқыту қолға алынған және «Универ», «Платонус» және т.б. жүйелері пайдаланылып отыр. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­ка­лық университетінде «Универ» жүйесі пай­даланылады және қазіргі уақытта барлық ма­мандықтар үшін оқу-әдістемелік кешендер мен оқу материалдары толығымен жүйеге орналастырылған. Бұл университет студенттерінің барлық оқу материалдарына қолжетімділігін көрсетеді. Дәлірек айт­қанда, ізденген студентке білім дайын!

Оқытудың қандай түрі болмасын, оқы­тушылар біртұтас педагогикалық процесті барлық уақытта жүзеге асырып отыруы керек. Онлайн сабақ түсіндіру, үйретудің жөні бір бөлек, ал оффлайндағы бетпе-бет сту­денттермен жүздесу барысында тәр­биелік, адамгершілік тұрғыдан айтылатын негізгі мәселелер техниканың тасасында қалып қояды. Алғашқы нәтижеден байқа­ғаным – осы. Сондықтан ешқандай электронды оқу құралы, ешбір техника табиғи қарым-қатынасты алмастыра алмайды. Біз қазіргі уақыт талабына сай мамандарды даярлау үшін және оқыту тиімділігін жақ­сарту үшін ғана техниканы пайдалануымыз керек деп ойлаймын.

Қашықтықтан оқыту дегеніміз қара­пайым тілмен айтқанда, студенттің өз беті­мен оқуы. Ол ең алдымен студентті өзін­дік оқу іс-әрекетін тиімді ұйым­дас­тыру­ға даярлауды талап етеді. Тіпті, бұл мә­селе жалпы білім беретін орта мектептің қабырғасынан қалыптасуы тиіс. Өз бетімен оқу үшін студенттің танымдық қызығу­шылығы, белсенділігі болуы керек. Біз ол қызығушылық пен белсенділікті бетпе-бет жүздесу барысында көре алмасақ, онлайнға көшкен кезде өз бетімен келе қалады деген сөз абсурд дер едім. Біз дәстүрлі оқыту барысында сұранысқа ие мамандарды бүгінгі қоғам талабына, оның ішінде, ақпараттық қоғамның талаптарына сай, құзыреттілігі қалыптасқан мамандарды өз деңгейінде даярлай алмай келеміз. Бұған дәлел ретінде еліміздегі қағаз жүзіндегі емес, шынайы жұмыссыздық деңгейін айтуға болады. Ал осы аталған мәселе қашықтықтан оқыту жағдайында шешімін таба қалады деп айту қиын. Бүгінгі білім беру ошақтарындағы қа­лыптасқан шынайы жағдайларды ескерсек, қашықтықтан оқыту арқылы сапалы маман даярлаймыз деп айта алмаймын. Өйткені жүзбе-жүз, бетпе-бет оқыту барысында біз ол межеге жете алмадық. Бұл шындық, егер кез келген жалпы білім беретін орта мектеп, жоғары оқу орындары болсын, білім беру сапасы жоғары деңгейде дейтін болсақ, біздің қоғам әлдеқайда дамып кеткен болар еді, еліміздің білімді жастарының көпшілігі білім іздеп шетел асып кетпейтін еді.

Дәл қазіргі сәтте, қашықтықтан оқытудың оқытушыларға тиімсіз тұсы, басшыларға жасаған жұмысың туралы 5 күн берген сабағыңа 3 сағат отырып есеп жазу. Қанша студент қатысты, бәрін қарап, байланысқа шықпаған студенттің себебін анықтап, есеп беру. Осындай ұсақ-түйек қосымша жұмыстар уақытты алады және жүйкеге салмақ салады.

 

Ақнұр ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, студент:

Онлайн оқыту студенттердің көңілінен шығып жатқан жоқ

– Онлайн оқыту көп студенттің көңі­лінен шығып жатқан жоқ. Себебі барлық пәннен берілген ақпаратты игеру қиынға соғып жатыр. Әрбір лекцияда кем дегенде 60-70 студент отырады. Аудиторияның өзін­де осынша студентке түсіндіру оңай емес, ал онлайн түрде мүлдем қиын болып жатыр. Тапсырмаларды орындағанда, семинарда сабақ айтқанда ауызша жеткізу оңайырақ екен. Әр сабақтың семинары, СӨЖ және қосымша тапсырмалары бар, бәрін бір уақытта мұғалімге жіберіп үлгеру керек. Студенттер компьютерден басын ала алмай қалды. Мүмкін онлайн оқытуды біз дұрыс меңгере алмай жатқан шығармыз, алайда көзбен көріп, білгеніңді бөліскенге және білмегеніңді мұғалімнен сұрағанға ештеңе жетпейді екен.

Қашықтықтан оқыту Zoom, Discord сияқ­ты қосымшалар арқылы жүргізіліп жатыр. Ауылдағы студенттерге қиын, өйткені интернет байланысы өте нашар. Мұғалімнің кейбір айтқан сөздері дұрыс естілмей жатады. Кей мұғалімдер мұндай жағдайға сту­денттерге түсіністік танытып жатыр, ал кейбірі «Бұл менің мәселем емес» деп са­бақта болмады деп белгілеп жатыр. Кейбір студенттер қашықтықтан оқытуға мүлдем қатысып жатқан жоқ. Онлайн жүйені қосып қойған студенттің бәрінің назары сабақта болады дей алмаймын. Өзінің видео және аудиоқоңырауын өшіреді де мұғалімнің айтып жатқан лекциясын тың­дамай, ойы басқа жақта немесе үй тірлігімен айналысып жүруі мүмкін. Ал универ­ситеттің залында назарың мұғалімде болады, ауызша айтқаны саған жақсырақ әсер етеді.

 

Айжан АДАМБЕКОВА, Алматы облысының Білім басқармасы, Орта білім, оқытудың жаңа технологиясы мен инновация бөлімінің басшысы:

Телеарна мен интернет арқылы оқытудың тиімділігін болжай алмаймыз

– Алматы облысында 760 мемлекеттік мектеп бар, оның 87 пайызы ауылды жер­лер­де орналасқан. Ал ауылдық жердегі оқу­шылардың барлығына интернет қолжетімді деп айта алмаймыз. Бүгінгі таңда оқушылар 3-тоқсанның демалысында үйде болса, мұғалімдер қашықтықтан жұмыс істеп жатыр. Қашықтықтан оқытуға көшудегі оқушылар мен мұғалімдердің мүмкіндігі зерттеліп жатыр.

Біз Білім және ғылым министрлігі тарапынан келетін тапсырманы орындауға күшімізді салатын боламыз. Мектептер Bilimland.kz ресурсына және Daryn.online ақпараттық жүйесіне тіркелген.  Әзірге  осын­дай дайындық  жұмыстары жүргізіліп  жатыр.

Қашықтықтан оқыту білім сапасына қан­шалықты әсер ететінін болжай алмаймыз, өйткені мұндай тәжірибе алғаш рет қол­данылғалы тұр.

 

Соңғы жаңалықтар