Қостанай құтты қоныс көп қандасқа (видео)

Қостанай құтты қоныс көп қандасқа (видео)

Қостанай құтты қоныс көп қандасқа (видео)
ашық дереккөзі
Қостанай облысына 1991 жылдан 2020 жылға дейін 7 661 отбасы, яғни 34 230 қандас көшіп келіпті. Олар­дың көбі Өзбекстан, Моңғолия, Ресей елдерінен келген. Алайда Қостанай өңі­рі­не қоныс тепкен қандастардың саны бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Қостанай – астық егетін егінші, тау-кен са­ласына қа­жетті кеншілер және ауыл шаруа­шылығына қа­жетті жұмысшыларға сұраныс бұрыннан жо­ғары өңірдің бірі. Сон­дықтан да Қоста­най­ға Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бұрын шетелден қазақтар еңбек шар­­тымен келіп, жұ­мыс істеп тұрақтап қал­ған­дары баршылық. Бірақ олардың нақты саны қан­ша екенін ешкім дәл басып айта алмайды. Жалпы, шеттен кө­шіп келіп жатқан қандастарға қатысты статистикалық мәліметтердің көбі оралман куәлігін ал­ған ағайындардың саны бойынша беріледі. Мұндай мәліметтерді Көші-қон басқармасы ар­қылы ғана алуға болады. Ал шетелден көшіп келіп, оралман куәлігін алмай бірден ықтиярхат ар­қылы азаматтыққа тапсыратын қандастарымыз да бар. Жоғарыда атап өткен екі жайтты ес­кере келгенде, Қостанай өңіріне көшіп келген ағайынның саны 40 мыңның үстінде болу ке­рек деп топшылаймыз.  width=Расында Қостанай – қандастардың құтты қонысына айналған өңір. Оған бұрынғы тарихи оқиғалар мен бүгінгі қандастардың ахуалы куә. Сондықтан да осы өңірдегі қандастардың жағдайын зерттеп, зерделеп жазып жүрген журналист, Қостанай облыстық Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы филиалының жетекшісі Нәзира Жәрімбеттен сондағы қандастардың тыныс-тіршілігі жайлы сұрап көрген едік. – Біз кеншілер қаласы Рудныйда болған сапарымызда қандастарымыз орыс тілін білмегендіктен көп кедергі көретінін айтты... – Бұл жерде бір қызық қарама-қай­шы­лық бар. Ол былай: кезінде журналистік са­пармен Ресейдегі  қазақтар тұратын елді ме­кендерде жиі болатын едім. Сондай са­парлардың бірінде ол жақтағы қан­дас­тар­мен әңгімелестім. Тұрмыстық жағдайлары тө­мен екен. Сосын айттым елге келсеңдерші деп. «Онда бізді кім күтіп отыр?» дейді. Біз кү­тіп отырмыз, ел күтіп отыр дедім. Сонда олар айтты біз ол жаққа барсақ тіл білмейміз ғой деп. – Мемлекеттік тілді білмейтінін ай­тып отыр ғой? – Иә казақ тілін білмейді. Сол кездің өзін­де сондай халде еді, қазір енді не бол­ғанын білмеймін... Олардан кейін де екі-үш ұрпақ ауысып кетті. Ал енді бізге шеттен кел­ген кейбір қандастардың орысша біл­меуі­нен кедергілерге тап болатыны да, өкі­ніш­ке қарай рас. Тәуелсіздікке 30 жыл бол­ғанымен, бізде әлі іс қағаздың көбі орыс тілінде жүргізіледі.  width= – Қостанайға келіп, зейнетақысын ала алмай жүрген қандастарымыз жай­лы естідік... – Ол Өзбекстанда Ішкі істер саласында іс­теген азаматтар. Ол жақта Ішкі істер саласында істейтіндер 40 жасында зейнетке шығатын көрінеді. Ерте зейнетке шыққан соң, олар атажұртқа көшіп келеді. Ал олар сол жақтан тіркеуден шығып жатқанда Өзбекстан тарапы да ескертпеген, екі елдің арасында ондай (зейнетақыға байланыс­ты) келісім жоқ деп. Бұл жақта оларға алғашқы кездерде зейнетақы берген. Бірақ кейін бұл болмайды деп зейнетақыларын тоқтатып тастады. Ме­нің білетінім екі азамат. Бірі – Талғат Ахметов Рудныйда тұрады, екіншсі – Азамат Жүнісбеков Степногорск қаласының тұр­ғыны. Олар бұл мәселемен біраз құ­зырлы орындардың табалдырығын тоздырды. Жоғарғы сотқа дейін барды, бірақ ешқандай нәтиже шықпады. – Кезінде «Егемен Қазақстан» газе­тінде «Атамекенге келіп, амалы құ­рып отыр» атты мақалаңызды Елбасы Н.Назарбаев оқып, тиісті орындарға тап­сырма бергенін білеміз. Онда қан­дастардың оралман куәлігі және ық­тиярхатпен жұмысқа тұра алмауы туралы сөз болды. Бұл мәселе әлі өзек­тілігін жойған жоқ. Осы жайлы айтып берсеңіз. – Оның басты себебі – көші-қон саласын біраз зерттеп көрген маман ретінде бай­қағаным, бізде көші-қон туралы заңдар әлі жетілдіріліп, толықтырылмаған. Көші-қон туралы заң, Еңбек кодексі, Зейнетақы туралы заң – бұл заңдардың бәрі қандас­тар­дың құқығын қорғай алмай отыр. Себебі өзара келіспейтін, жан жаққа қарап тұр­ған тұстары бар. Әйтпесе, қазір оралман куәлігі тек дәрігерге ғана көрінуге жарайды. – «Қостанайға көшіп келген кейбір қан­дастар қайта көшіп кетті» деген сөз бар ғой. Оның себебі неде? – 2000 жылы бір ұшақпен отыз үй Ау­ғанстаннан көшіп келді. Тамыз кезінде жур­налистік жұмыспен бардым. Ішінде бір үл­кен кісі болды. Сол кісі ғана бізбен сөй­леседі. Басқаларының көбі кәдімгі ауғандар сияқты. Түр әлпеттерінің өзі қазақтан алыстаңқырап кеткен. Қыста мына жақта қар болады екен, біз қар көрмегенбіз дейді. Сосын анадай жерде бір бұзаулар жүрген соны көрсетіп айтады, біз ондайды көргені­міз жоқ, қорқамыз деп. Біз ауғанда қиын жағдайда өмір сүрдік. Мына қаладан қуып жіберсе, ана қалаға барамыз. Сөйтіп, кезбелікпен 60-70 жылды өткіздік дейді. Кезінде Сырдың бойынан кеткен қазақтар екен. Сол кезде соғыс аяқтала қоймаған кез болу керек, Қазақстанға келу үшін Ауған­станның Пешавар қаласында 8 ай ұшақ күтіп жатқан. Өмір бойы жинаған дүниесін сатып, тапқан қаржысын сол Пешавардағы 8 айда ішіп-жеп тауысыпты. Қазақстанға бір тиынсыз келді. Жастары тығылып адам­мен сөйлеспейді. «Қандай мамандық­та­рың бар, не істей аласыңдар?» деп сұра­дым. 3-4-сынып бітірдім дейді көбі. Ары қа­рай неге оқымадың десек, мектепке бом­ба түсті дейді. Ержеткен ұлдар, бойжеткен қыздардың көбі сауатсыз болды. Алтайдан 30 отбасы келді. Олар осы жердің ащы суына шыдамады. Бір жылдай тұр­ды. Осындай жағдайларға байланысты кейбір қандастар Қазақстан ішінде жылы өңірлерге, кейбірі басқа да жерлерге қайта көшуге мәжбүр болды. – Қостанай өңірі шетелден көшіп келген ағайындардың потенциалын  қаншалықты пайдаға асыра алды? – Қандастар қазақ руханиятына келіп қо­сылған бір бұлақ тәрізді. Бірақ біз кезінде елге көшіп келген қандастардың ұлттық потенциалын сарқа пайдалана алмадық. Бір ғана мысал келтірейін. 90-жылдары Қарасу ауданына бір отбасы келді. Әбдіраш Төре­хан деген кісі. Баян-Өлгейдегі драма театрда істепті. Әйелі де актриса екен. Сол кісіні Қарасу ауданының бір шетіндегі ауылға апарып тастады. Осындай адамдарға қолдау болмады. Бірде сол кісілермен кездесіп сөйлестім. Сонда ол кісілер бұл жаққа көшіп келмес бұрын Алматыдағы М.Әуезов театрына келіп өнер көрсетіпті. Қойылым біткен соң жазушы Әбіш Кекілбаев: «Міне, қазақтың ак­тері осылай болу керек» деп олардың өне­рін жоғары бағалап, ризалығын білді­ріпті... Қазір ол кісілер о дүниелік болып кетті. Сол кезде осы облыстық қазақ драма теат­рында істесе қалай болар еді?! Қазірде мықты қандастармыз бар. Мә­селен, ұлттық қолөнер шебері Санай ақ­са­қал­дың әулеті. Әнші Қыдырбек Қиысхан, ақын Азамат Мәлжанбай т.б

Салтқа берік санайлар

Көшпенді бабалардың ойлап тапқан жаңалықтарының бірі – көшіп-қонуға ыңғайлы құрамалы үй. Оның жасалу құ­ры­­­лымына қарап, «киіз үй» деп атау қол­да­нысқа кейін енгенін байқауға болады. Бұрынғы атауы – ақбоз үй. Оған куә – осы күнге дейінгі жеткен қазақтың фольк­лор­лық мұралары. «Ақбоз үйге сүйенгенде», «сыртынан ақбоз үйдің хош дегенде» т.б бұрынғы халық әндерінде кездесетін мә­тіндердің барлығында «ақбоз үй» деп атал­ған. Көшпенділердің тұрақтары жайлы жазған венециялық әйгілі саяхатшы Марко Поло да қызықты деректерді келтіреді. Мәселен киіз үйдің көшіп-қонуға ыңғайлылығын және арба үстіне орнатылған үйлерді де айрықша атап өтеді. Бұл киіз үйлердің қыр-сыры, тәрбиелік мәні, ғұрпы өз алдына үлкен бір тақырыпты қа­жет етеді. Өркениеттің озуына сай қазір бұл үйлер қолданысқа ие емес. Бірақ көшпенді баба­лары­мыздың тұтынған тарихи жәдігері ретінде ғасырдан-ғасырға жалғасып, жүлгесі әлі үзіл­ген жоқ. Киіз үйді жасайтын шеберлердің соң­ғы тұяқтары әлі де бар. Жасалу технология­лары қалыптасқан. Ұлттың тарихи жәдігері ретінде сақтала бермек. Мұндай көздің жауын алатын ақшаңқан боз үйлер қазақтың той мерекелерінің символына айналды. Ас пен тойдың көркі десе де бо­лады. Әсіресе, қыстың тоңы жібіп, қар кө­бесін сөгіп, қазақ даласына әз-Наурыз жеткен шақта  әр жерде ақбоз үйлер бой көтеріп, ме­ре­келік көңіл күй сыйлайтыны бар. Міне, осындай ұлттық мұрамызды жаңғыр­тып жүрген Қостанай қаласы Заречный ауылында тұратын қолөнер шебері Санай Іркіт­байұлының отбасы. Санай ақсақал, отбасы мү­ше­лері киіз үй жасайды. Ұлттық дәстүрді дәріп­теумен қатар, кәсіп ретінде де нәсібін тауып отыр. Біз Қостанай қаласында болған сапары­мыз­да жергілікті халық «қандас» дегенде Санай әулетін бірінші айтатынын байқадық. Оның басты себебі әр мейрам сайын, әсіресе әз-Наурыз кіргенде Санай отбасының қолынан шыққан ақбоз үйлер орталықтарға қаз-қатар ті­гіле қалады. Журналистер де Санай қартты осы кезде іздеп, ұлттық бұйымның қыр-сырын сұ­рап әлек болады екен.  width= Санайлар киіз жасаумен қатар басқа да өнердің қыр-сырын игерген. Балалары шет­терінен бір-бір кәсіпті игерген өнерлі отбасы. Мейрамбек Санай – қолөнер шебері,  Дәркен­бай Санай – облыстық филармонияда оркест­рант және Заңғар Санай – тележурналист. Санай әулеті киіз үй жасауға қажетті материалдарды Ресей мен Қырғыз Республикасынан алады екен. «Қазір Қазақстанда киіздің өзі тапшы. Жылына қаншама қойдың жүні далада қалады. Ал оны жинап, өңдесе бағалы затқа айналар еді», – дейді шеберлер. 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен қандастарды қоныстандыруға 5 облыс белгіленді. Олар: Ақ­мо­ла, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақстан об­­лыстары. Министрліктің бұйрығымен белгіленген бес об­лыс­тың бірі – Қостанай өңірі. Елдегі тіл және ұлттық демография мәселесін та­биғи жолмен реттеу мақсатында осы өңірлерге қандастарды қоныс­тандыру үшін Үкіметтен арнайы квота бөлінеді. Сондықтан да «белгіленген өңірлерге көшіп келген қандастар туралы жергілікті халықтың пі­кір-көзқарасы қандай?» деген мәселе бізді қызықтырды. Сонымен бірге Үкіметтің жобасы қаншалықты нәтиже беріп жатқанын да білу мақ­сатын­да, Қостанай көшелеріндегі қарапайым жұрттан қан­дас­тар жайлы сұрап көрдік. Тұрғындардың басым бөлігі бұл сауалымызға бей­тарап қарайтынын білдірді. Сондай-ақ бұл жайлы Қостанай өңірінің зиялы қауым өкілдерінің көзқарасын сұрап көрген едік.   Ақылбек ШАЯХМЕТ, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-дың профессоры, Махмұд Қашқари атындағы және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлықтарының иегері, ақын-жазушы:

Біз қандастармен біте қайнасып кеттік

 width= – КСРО тарихында С.Хрушевтің волюнтарис­тік сая­саты жылдары көптеген басқа ұлт өкілдері, со­ның ішінде славян тектес халықтар Қостанайға кө­бірек қоныстанды да біз өз жерімізде өзіміз аз­шылықтың күйін көрдік. Тарих­тан кеткен сол бір есемізді және кең-байтақ жеріміздегі бос орынды толтыратын да осы шет­тен келіп жатқан қандастарымыз. «Елге ел қосылса – құт» деген сөз бар. Көш қонымды да толымды бола берсе екен дейміз. Өзім көрген бір қызық оқиғаны баяндап берейін. Осыдан 5-6 жыл бұрын Көші-қон басқармасындағы азаматтар мені бір іс-шараға шақырды: «Шеттен үл­кен көш келе жатыр, 70-80 адам бар. Соны қарсы алуға жүрсеңіз. Олар­ға жы­лы сөз сөйлеп берсеңіз» деп қолқалады. Әуежайға барып, көштің ал­дынан шық­тық. Ауғанстаннан көшіп келе жатқан ағайындар екен. Үстіндегі киімдері жы­лы жаққа арналған желең шапан, аяқтарында сүйретпе аяқкиім. Сосын мен «бауырлар, не іздеп келдіңдер?» деп бастадым, қош келдіңдер деу­дің орнына. – Бұл жақтың ауа райын, жағдайын білесіңдер ме? Сол­түс­тіктің ауа райына шыдайсыңдар ма? Сол жағын ертерек ойлаңдар. Әйтпесе бұл жақ­тан жер де, мал да, үй де табылады. Бірақ үйренісу оңай емес. Ертерек жылы жақ­қа орналасып, сол жақтан түпкілікті мекен тауып алуды ойлаңдар деп ашып айттым.  Өтірік айтып, мәймөңкелеудің керегі қанша?! Сол үшін біраз ше­неуніктерді ренжітіп алған да кезім болды. Мысалы, Моңғолиядан келген қазақтар еңбекқор. Әсіресе, ауыл шаруа­шылығына қажетті жұмыс күші деуге болады. Олар бұл жақтың ауа райы­на да тез үйреніп кетті. Бірақ біз соларды кезінде шашыратып орна­ластырдық. Бұл да үлкен айып болды. Торқалы той, топырақты өлім бар, бір-бірін іздемей тұр­майды. Сол жағынан біршама қиналды. Ақыр соңында біразы кері көшіп кетті. Мен қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік универ­ситетінде сабақ беремін. Кезінде келген қандастардың балалары қазір білім алып, ғылыммен айналысып жатыр. Оның ішінде келешекте білікті мамандар шығады. Айрықша атап өтетін бір азамат бар. Ол Қыдырбек Қиысхан. Баян-Өл­гей­ден көшіп келген бауырым. Көз алдымызда өсіп, ержетті. «Мен қазақпын» деген үлкен алқалы бәйгеге қатысып, күллі Алашты өнерімен тәнті қыл­ды. Домбыра мен қобызда қатар ойнайды. Өзі тарихшы, журналист. Қазір об­лыс­тық «Қостанай таңы» газетінде қызмет істеп жүр. Тағы да бір бірегей шәкірттеріміздің бірі – «Астана» телеарнасының Қостанайдағы тілшісі қыз­метін атқарып жүрген Заңғар Санай. Айта берсек, осындай азаматтар көп-ақ. Гәкку Халел деген мықты педагог шәкіртіміз бар. Олар Баян-Өлгейдің тумасы болғанымен, қазір біздің елдің мақтанышы. Біз бұлармен біте қайнасып кеттік. Қыз алысып, қыз берісіп, қандастарымен құдандалы болып, өрісі кеңейіп жатқандар да көп.   Алмасбек ӘБСАДЫҚ, Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-дың «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі:

Кеткендердің орнын толтыратын адам керек

 width= – Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында демографиялық көрсеткіш кері кетіп бара жатқаны жасырын емес. Халықтың саны өсіп жатқан жоқ, жылдан-жылға кеміп жатыр. Оның басты себебі – славян тектес ағайындардың өзінің тарихи отанына үдере көшуімен байланысты. Кері көш 91-жылдары қатты қарқын алып еді. 2000 жылдардан бастап Қазақстанның экономикасы жөнделіп, халықтың әл-ауқаты жақсарғаннан кейін кері кету саябырсыды. Одан кейін 2014 жылдан бастап, кері көш қайта басталды. Бұрын славян тектес ұлттар қалай келді? Патшалық Ресейдің заманында Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде, одан кейін 20-30 жылдарғы индустриаландыру және тың игеру саясаты кезінде қаптап келген болатын. Енді олар кетіп жатыр. Міне, осы босаған орындарды толтыратын адам керек. Жұмыс күші қажет. Ал этникалық қазақтардың көші біршама тоқтаңқырап қалғаны да рас. Кезінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстаннан көшіп келді. Қазір Қытай мен Моңғолиядан Қостанайға қазақтар өте аз келеді. Қытайдағы жағдай белгілі. Ал Моңғолия қазақтарының көші саябырсуына басты себеп – қазір Моңғолияның экономикалық даму параметрлері жақсарып келеді. Сондықтан бұрынғыдай елге көшуге қазақтар қазір асықпайды. Бұл өңірлерге шетелден келетін қандастар бірден үйренісіп кете алмайды. Табиғаты қатал. Алты ай қыс, жазы өте қысқа. Екіншіден, бұл өңірде адами бәсеке өте жоғары. Көп ұлттар тұрады. Яғни, белгілі бір мамандық иесі болуы қажет. Сонымен қатар бұл өңірде орыс тілін білмеу көп қиындық ту­дыра­тыны рас. Кезінде орысша білмейтін қандастарға дүкеннен нан алып жеу қиын болды. Қазір мемлекеттік тіл үстемдік алып келеді. Дейтұрғанмен қо­ғамға шынайы қарайтын болсақ,  бәрібір де орыс тілін білуге тура келеді. Себебі бұл қанша дегенмен бірыңғай қазақтар тұратын өлке емес.   Қыдырбек ҚИЫСХАН, әнші, журналист (Моңғолиядан көшіп келген қандас):

Қазір біз осы өңірдің байырғы тұрғыны есебіндеміз

 width= – Біз атажұртқа 1991 жылы шілденің ең соңғы күндері көшіп келдік. Қазіргі Қамысты ауданы Қарабатыр ауылына 14 отбасы қоныстандық. Жәзит Құдайқұлов ағамыз ауылды басқарып тұрды. Ол кісі әуелі өзі Моңғолияның Хэнтэй аймағына барып, ағайындармен жолығып еңбек шартымен бері қарай көшсеңіздер қайтеді деді. Әкем ол кезде сол жақта ауыл әкімі болатын. Сол қызметінің бәрін тастап, бір айдың көлемінде шешім қабылдап, Қазақстанға келдік. Міне, содан бері 30 жыл болды. Сол келген жерімізге тұрақтап қалдық. Бір жерге тұрақтап, сіңісіп кететіндер кемде-кем. Көбі орталыққа таман қайта көшті. Ал біз бірге келген 14 отбасынан 6 отбасы сол Қарабатыр ауылын мекендеп қалдық. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді бұрынғылар. Біздің әке-шешеміз сол жерді жерсінді. Қазір біз осы өңірдің байырғы тұрғыны есебіндеміз. Бүкіл балалық шағым осы жерде өтті. Жанымыздағы кеншілер қаласы Рудныйға Өзбекстаннан көптеген қандасымыз келіп, елдің өркендеуіне, қаланың қазақылануына өз үлестерін қосты. Олардың ішінде техниканы игерген кеншілерден бөлек, қан­шама өнерлі азаматтар шықты. Қостанайдағы әдеби ортаның басы-қасын­да жүрген Наурызхан Ғазиз, Жанат Боқаш деген ақындар болды кезінде. Бұл жерде ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген Санай ақсақалдың әулетін ерекше айтуға болады. Балалары шеттерінен өнерлі. https://www.youtube.com/watch?v=avBnIGQ5P_o&feature=youtu.be