Талапты жастарды жігерлендірген жоба

70 рет оқылды
0

«Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалының ұйымдастыруымен қала жастарына «Серпін» бағдарламасын түсіндіру мақсатында жиын өткізілді.

Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен басқосуға орталық директоры Қ.Бекметов, қалалық жұмыспен қамту және білім беру бөлімдерінің басшылары Б.Әлиманов пен Ә.Әуелбеков, «Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Асылбеков, бастауыш партия ұйымының төрағалары, «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» тақырыбы аясындағы жобаны жан-жақты түсіндіруді, «Оңтүстіктен солтүстікке барып білім аламын, қызмет етемін» деген қала тұрғындарын анықтап, оларға жағдай жасауды мақсат еткен бұл дөңгелек үстелдің басты мақсаты жастарды ақпаратпен қамту.

Басқосуды ашып, жүргізіп отырған «Нұр Отан» партиясы Кентау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Асылбеков қоғамда жүргізіліп отырған ауқымды шаралар жайында, Президент Н.Назарбаевтың Мәңгілік ел идеясының шеңберінде қолға алынған «Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы туралы жан-жақты айтып өтті. Жоба мақсатын түсіндірген ол республиканың Оңтүстік өңірі жастарын еңбек ресурстарына сұранысы көп батыс және солтүстік аймақтарда білім алуға жағдай жасайтынын, кейін сол жерлерде жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылатындығын айтты.

– «Серпін – 2050» – жарқын болашақ жобасы. Бұл оңтүстік өңірдің мыңдаған жас өрендеріне солтүстік, батыс, шығыс Қазақстанның колледждері мен жоғары оқу орындарында сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша білім гранттарына ие болған студенттерге жатақхана беріледі және оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналастыру қарастырылған, – деді ол.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Б.Әлиманов «Серпін – 2050» жобасына қатысушылар ең алдымен тәуекелшіл, өзіне сенетін, білімді, білікті, алғыр азаматтар болуы тиістігін жеткізді.

– Қиындықтан қорықпайтын, көпшілік ортаға тез бейімделетін, жаңа дүниелерге тез икемделетін, түйткілдерін өзі шешуге тырысатын талапты жастар қатысады. Сол себепті, биыл да біз өз-өзіне сенімді, ата-анасына салмақ салғысы келмейтін, мемлекеттің беріп отырған мүмкіндігін отбасы үшін пайдалануға даяр жастарды жобаға көптеп қатысуға шақырамыз, – деді ол.

Айта кетейік, Кентау қаласында­ бағдарлама бойынша 2014-2015 жылы – 10, 2015-2016 жылы – 3, 2016-2017 жылы 20 студент және 2017-2018 жылы 16 студент «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуды жөн деп тапқан.

Жалпы, аталған жоба аясында Кентау қаласы бойынша 49 студент білім алуда.

comments powered by HyperComments